Live

Мәсімовтің экс-күйеубаласы қаржы жымқырды деген айыптарды жоққа шығарды

Іздеу жарияланған Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы Қазақстанда қаржы жымқырды деген айыптарды жоққа шығарды.

Азамат Қапенов

Қазақстан ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің халықаралық іздеу  жарияланған бұрынғы күйеубаласы Азамат Капенов Instagram желісінде видео жариялап, Қазақстанда қаржы жымқырды және шетелге қашып кетті деген айыптарды жоққа шығарды.

Қазір шетелде жүрген Капенов оның отбасына тиесілі «Евротрансгрупп» компаниясы Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Достық» станциясында ірі логистикалық порт салып жатқанын мәлімдеді.

«Құрметті қазақстандықтар, сіздерге үндеу жасап отырмын. Маған Қазақстанда ақша ұрлап, Қырғызстанда жасырынып жүр деген пікір келді. Жоқ, бұл олай емес», – деді Капенов видеосында.

Оның айтуынша, логистикалық жобаға арналған 51 гектар жер телімі жеке тұлғалардан сатып алынған, ал құрылыс несие қаражаты есебінен жүргізілген. Қапеновтың сөзінше, жұмыстар 2022 жылғы маусымда, Мәсімов түрмеде отырған кезде басталған. Оның айтуынша, бірінші кезең 2023 жылғы ақпанда аяқталып, содан кейін нысан ай сайын шамамен 1 миллион доллар пайда әкеле бастаған.

«Достық» станциясы – Жетісу облысындағы Қазақстан мен Қытай шекарасында орналасқан негізгі көлік-логистикалық торап. Ол Еуразия мен Қытай арасындағы ауқымды жүк ағынын қамтамасыз етеді. Кейінгі жылдары Транскаспий халықаралық бағыты бойынша жүк айналымының өсуі өңірдегі терминалдар мен инфрақұрылым нысандарының стратегиялық маңызын арттырды.

Капенов видеоүндеуінде «рейдерлік» туралы да айтып, алдағы уақытта бұл жөнінде көбірек ақпарат беруге уәде етті.

«Рейдерлік туралы, рейдерлікке қатысты жазылған арыздардың қалай қоқысқа тасталғаны туралы айтамын. Алда қызық көп», – деді Қапенов.

2024 жылы Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі Азамат Қапеновке халықаралық іздеу жариялаған. Ол қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды және қаржы жымқырды деген күдікке ілінген.

Тергеу нұсқасы бойынша, Капенов «ҚазТемірТранс» компаниясының вице-президенті қызметін атқарған кезеңде қызметтік жағдайын пайдаланып, жүк вагондарын басқару қызметтерін көрсету кезінде аффилиирленген компанияларға заңсыз артықшылықтар берген. Осы әрекеттердің салдарынан мемлекетке келтірілген залал 5,2 миллиард теңгеден асады деп бағаланған.

Осы жылдың сәуірінде Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты «Достық» станциясындағы логистикалық терминалды мемлекет кірісіне тәркілеу туралы шешім шығарды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз