Оқиғалар

Мәжіліс депутаты қазақстандықтардың неге қоқыс шашып, ресурсты ысырап ететінін түсіндірді

Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Сергей Пономарев қазақстандықтардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды күшейтіп, халыққа арналған ұлттық экологиялық ағарту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.

Сергей Пономарев

Депутаттың айтуынша, экологиялық жауапкершілік сенбіліктерге қатысу немесе ағаш отырғызу акцияларымен ғана шектелмеуі керек. Оның пікірінше, көптеген экологиялық шаралар есеп үшін өткізіледі, ал басты мақсат – табиғатты қорғауды адамдардың күнделікті өмір салтына айналдыру.

«Таза Қазақстан» бастамасының негізгі мақсаты – табиғатқа ұқыпты қарауды қоғамның ішкі қажеттілігіне айналдыру. Алайда бүгінгі күні ауызсу орынсыз ысырап болып жатыр, электр энергиясы қажетсіз жұмсалады, демалыс орындары ластануда және көптеген азаматтар қоқысты арнайы жәшікке тастау мәдениетін әлі қалыптастырмаған», – деді депутат.

Сергей Пономаревтің айтуынша, әлемдік тәжірибе экологиялық мәселелерді тек әкімшілік шаралармен емес, жүйелі ағартушылық арқылы шешуге болатынын көрсетіп отыр. Мәселен, энергия үнемдейтін технологияларды пайдалану мен ресурстарды тиімді тұтыну отбасылардың шығынын азайтып, инфрақұрылымға түсетін жүктемені төмендетеді.

Сондай-ақ депутат балалар мен жастардың экологиялық тәрбиесіне ерекше назар аударды. Оның пікірінше, экологиялық мәдениет өздігінен қалыптаспайды, ол білім беру, тәрбие және жеке үлгі арқылы орнығады.

«Егер 10-20 жылдан кейін экологиялық жауапты қоғам құрғымыз келсе, оны бүгіннен бастап қалыптастыруымыз қажет. Табиғатқа жанашырлық – уақытша науқан емес, ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігі болуы тиіс», – деді ол.

Осыған байланысты депутат Үкіметтен «Таза Қазақстан» аясында атқарылып жатқан жұмыстардың тиімділігі туралы есеп беруді, су мен электр энергиясын үнемдеу мәдениетін қалыптастыру шаралары жөнінде ақпарат ұсынуды сұрады.

Сонымен қатар ол мектепке дейінгі ұйымдардан бастап үздіксіз экологиялық білім беру жүйесін қамтитын Ұлттық экологиялық ағарту бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Ешқандай заң адамды табиғатты сүюге мәжбүрлей алмайды. Қазақстанның болашағы бүгінгі ұрпақтың экологиялық санасын қаншалықты дұрыс қалыптастыра алатынымызға байланысты», – деп түйіндеді мәжілісмен.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз