Әлеумет

Мәжіліс депутаты мектеп бітіру кештеріндегі сән-салтанатты шектеуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай Қазақстандағы мектеп бітіру кештерін өткізудің бірыңғай ережелерін әзірлеуді ұсынды. Оның пікірінше, бұл шаралардағы артық сән-салтанат пен әлеуметтік бәсекелестіктің алдын алуға мүмкіндік береді.

Мектеп бітіру кеші, кортеж

Депутаттың айтуынша, мектеппен қоштасу кеші ең алдымен білімге құрметтің, ұстаздар еңбегін бағалаудың және түлектердің жаңа өмірге қадам басуының символы болуы тиіс.

«Соңғы жылдары мектеп бітіру рәсімдері тәрбиелік мазмұнынан алшақтап, әлеуметтік жарысқа, орынсыз даңғазалық пен байлықты көрсету алаңына айналып барады. Бұл қоғамда алаңдаушылық туғызуда», – деді Жарқынбек Амантай.

Ол биылғы соңғы қоңырау мерекесі кезінде еліміздің бірнеше өңірінде қымбат көліктерден құралған кортеждер ұйымдастырылып, жол қозғалысы ережелерінің өрескел бұзылғанын атап өтті. Осыған байланысты депутат мектеп бітіру іс-шараларын өткізу тәртібін біріздендіріп, қымбат автокортеждерге, шамадан тыс шығындарға және оқушылар арасындағы әлеуметтік теңсіздікті күшейтетін көріністерге жол бермеу қажет деп есептейді.

Оның пікірінше, бітіру кештері бәсекелестік пен көрсеткіш қуудың емес, жас түлектердің жетістігін атап өтетін тәрбиелік мәні жоғары шара болып қалуы керек.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз