Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 05 Маусым 2024

Мәжіліс жаңа заң қабылдады: енді онлайн-казино мен букмекерлік кеңселерді жарнамалауға тыйым салынады

онлайн-казино
Фото: из открытых источников

Мәжіліс депутаттары екінші оқылымда «Кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотерея және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады.

Депутат Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, жеке тұлғалармен қатар блогерлер мен инфлюенсерлерге букмекерлік кеңселер мен онлайн казиноларды жарнамалауға тыйым салынады. Бұл үшін 200 мың теңге айыппұл қарастырылған.

«Бүгін біз қоғамымызға тікелей әсер ететін өте маңызды заң жобасын қабылдап жатырмыз. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент ойынға тәуелділікті XXI ғасырдағы басты әлеуметтік зұлымдық деп атады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ойынға тәуелділікпен күресудің кешенді жоспары қабылданды», - деді Бейсенбаев.

Бейсенбаевтың айтуынша, басты жетістіктердің бірі – борышкерлердің бірыңғай тізіліміне енгізілген тұлғаларға құмар ойындарға тыйым салу.

«Бұл шамамен 3,5 миллион адам. Біз оларды букмекерлік кеңселер мен казинолардың әлеуетті клиенттері деп санаймыз. Мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметкерлер, арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары бәс тіге алмайды. Бұл шамамен 280 мың адам», - деді Бейсенбаев.

Мәжілісмен атап өткендей, аталған санаттағы тұлғаларға ешқандай ескерту болмайды. Егер адам бәс тігетін болса, бірден жұмыстан шығарылады.

«Петицияны ұйымдастырған және халықтың бұл шешімді қолдайтынын көрсеткен қоғам белсенділеріне рахмет, бірнеше күннің ішінде петиция 30 мыңнан астам дауыс жинады. Бұл «еститін мемлекеттің жұмыс жасап жатқаны», - деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.

Сонымен қатар, заң жобасы заңнамаға мынадай өзгерістер енгізуді көздейді:
- байланыс операторларына құмар ойындарының жарнамасы бар хабарламаларды жіберуге тыйым салу;
- букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу;
- шетелдік букмекерлік кеңселердің, лицензиясы жоқ букмекерлік дүкендердің және онлайн казинолардың интернет ресурстарына толық тыйым салу. Енді онлайн-казиноларды ұйымдастырушылар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылумен қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Бейсенбаевтың айтуынша, депутаттар құмар ойындарға қатысу жасын 25 жасқа, ал дәстүрлі лотереяға 21 жасқа дейін көтеруді ұсынды. Алайда үкіметтің пікірі екі норманы да қолдамайды. Сонымен бірге, депутат осыны қолдайтын дәлелдерді күлкілі деп атады.

Естеріңізге сала кетейік, мәжілісмендер бұл заң жобасын ағымдағы жылдың наурыз айында қабылдаған болатын. Асхат Аймағамбетов айтқандай, құжат ойын бизнесін ұйымдастырушыларға 300-ден 1 мың АЕК-ке дейін (2024 жылы 1,1 миллионнан 3,6 миллион теңгеге дейін) айыппұл түріндегі жауапкершілікті енгізеді.