Оқиғалар

Мелони Тоқаевқа алғыс айтып, Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін мәлімдеді

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылы лебізі үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін мәлімдеді.

Мелони мен Тоқаев

Мелони бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Италия премьер-министрін оның үкіметі Италия Республикасы тарихындағы ең ұзақ қызмет еткен үкімет атануымен құттықтаған еді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жоғары бағасы мен кездесулерімізге әрдайым тән болған шынайы достығы үшін алғыс айтамын», – деп жазды Мелони.

Италия премьер-министрі Тоқаевты болашаққа бағытталған стратегиялық көзқарасы бар көшбасшы деп атап, онымен бірге жұмыс істеу үлкен мәртебе екенін жеткізді.

«Біз Италия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты бірге нығайтып, энергетика мен аса маңызды минералдық ресурстардан бастап, жоғары білім саласындағы ынтымақтастыққа дейін жаңа стратегиялық мүмкіндіктерге жол ашып келеміз», – деді ол.

Мелони екі мемлекет алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмысты жалғастыратынын айтты.

«Халықтарымыздың өсіп-өркендеуі мен әл-ауқаты үшін осы жолды жалғастырамыз», – деп жазды Италия үкіметінің басшысы.

Айта кетейік, Тоқаев өзінің құттықтауында Мелонидің «парасатты әрі мықты көшбасшылығы» мен Италияның ұлттық мүддесі мен абыройын қорғаудағы табандылығына жоғары баға берген.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз