Қоғам

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды пайдалану талаптарына өзгеріс енгізілді

Мемлекеттік рәміздерге құрмет – елдік сананың көрінісі

Қазақстан туы

Мемлекеттік рәміздер – елдің тәуелсіздігі мен егемендігін, ұлттық бірегейлігі мен тұтастығын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Сондықтан Қазақстанда Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды пайдалану мәдениетін қалыптастыруға, оларға құрметпен қарауды нығайтуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар азаматтардың патриоттық сезімін күшейтіп, мемлекеттік рәміздердің қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған.

Осы мақсатта Үкімет мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларына бірқатар өзгерістер енгізді. Жаңартылған талаптарға сәйкес, азаматтар Мемлекеттік Туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, сондай-ақ балкондарға ілу арқылы ел жетістіктеріне деген қолдауын және патриоттық көзқарасын білдіре алады. Сонымен қатар жеке тұрғын үйлерде Туды орналастыру тәртібі нақтыланып, оны орнатуға қойылатын талаптар айқындалды.

Құжатта Мемлекеттік Туды пайдалану кезінде ұлттық стандарттардың сақталуына ерекше назар аударылған. Тудың жерге, суға немесе еденге тиюіне жол берілмейді, сондай-ақ тозған, бүлінген немесе өңі кеткен рәміздерді пайдалануға тыйым салынған. Оны әдейі бүлдіру немесе қорлау әрекеттері мемлекеттік рәміздерге құрметсіздік ретінде қарастырылады.

Жаңартылған қағидаларда мемлекеттік рәміздерді коммерциялық мақсатта қолдануға шектеулер сақталды. Туды жарнамада, тұрмыстық бұйымдарда немесе киім ретінде пайдалануға рұқсат етілмейді. Ал спортшылардың халықаралық және республикалық жарыстардағы спорттық киімі мен арнайы жабдықтарында Мемлекеттік Тудың бейнесін қолдануға ресми түрде мүмкіндік берілді.

Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардағы ақпараттық стендтерде, ресми интернет-ресурстарда және көрнекі материалдарда Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды орналастырудың бірыңғай тәртібі белгіленді. Бұл мемлекеттік рәміздерді қолдануда ортақ талаптарды қалыптастырып, олардың қоғамдағы мәртебесін сақтауға бағытталған.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет – заң талаптарын орындаумен ғана шектелмейді. Ол әр азаматтың елге деген сүйіспеншілігін, ұлттық мақтанышын және Отан алдындағы жауапкершілігін көрсететін маңызды құндылық. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру – патриоттық тәрбиенің және ұлттық бірлікті нығайтудың маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.

Тегтер: ту туралы заң
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз