Live

Мемлекеттің Болат Назарбаевтың мұрагерлеріне қарсы арызы Алматыға қайтарылды

Алматы соттары Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің PLS компаниясы мен Болат Назарбаевтың мұрагерлеріне қарсы талап-арызын мәні бойынша қараған жоқ.

Майра Құрманғалиева

BES.media мәліметінше, арыз процессуалдық қателікке байланысты талап қоюшыға кері қайтарылған.

Әңгіме мемлекеттің активтер дауын жеңіліп қалғаны туралы емес. Бірінші инстанция соты мәмілелердің заңдылығын немесе келтірілген залал көлемін зерттеуге де кіріспеген. Себебі жауапкерлер тізімінде кәмелетке толмаған балалардың болуы мәселені басқа юрисдикцияға ауыстырған.

Сот материалдарына сәйкес, дау кәмелетке толмағандардың мүліктік құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей қатысты болғандықтан, оны қарапайым аудандық сот қарай алмайды. Алматы қалалық соты мұндай істер заң бойынша Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаралуы тиіс екенін растаған.

«Талап арыз жауапкерлерге, соның ішінде кәмелетке толмаған балаларға да қатысты берілген. Демек, бұл дау олардың құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей әсер етеді», — делінген сот анықтамасында.

Талап кімдерге қарсы берілген?

Мемлекеттік мүлік комитеті ірі мәмілені жарамсыз деп тануды және мемлекет пайдасына шығын өндіруді талап етіп отыр.

Жауапкерлер қатарында PLS инвестиционно-строительная компания ЖШС-мен бірге 14 адам көрсетілген. Олардың арасында Нұрбол Назарбаев, Ханболат Назарбаев, Хантөре Дүйсебаев, Жанель Дүйсебаева, Болатхан Болатұлы, Елнұр Назарбаев, Акбар Назарбаев, Болат Назарбаев, Нұрбану Назарбаева, Еркежан Назарбаева, Мұхаммед Назарбаев, Томирис Болатқызы, Аруназ Болатқызы және Альбина Назарбаева бар.

Сот құжаттарында талаптың нақты мазмұны әзірге қысқа берілген: мәмілені жарамсыз деп тану және мемлекет кірісіне шығын өндіру. Алайда нақты сома мен қандай мүлік туралы сөз болып отырғаны ашық көрсетілмеген.

Мұның АЗТМ-ға қандай қатысы бар?

Журналистердің мәліметінше, PLS  компаниясы Алматы ауыр машина жасау зауытының активтеріне қатысты көптен бергі дауларда жиі аталады.

2007 жылы Алматы ауыр машина жасау зауыты аталған компанияға 26 гектардан астам жер телімін, жанармай құю станциясын және бірнеше ғимаратты 529,9 миллион теңгеге сатқан.

Тағы бір құны жоғары 3 гектар жер телімі алдымен жеке тұлғаға рәсімделіп, кейін Болат Назарбаевтың атына өткен. Ал 2009 жылы бұл актив те PLS компаниясының меншігіне берілген.

Еске салсақ, Болат Назарбаев 2023 жылғы 13 қарашада қайтыс болған.

Енді мемлекет процессуалдық қателіктерді түзетіп, талап-арызды қайтадан — бұл жолы ювеналды сотқа жолдауы тиіс.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз