Моңғолия мектептерінде жаңа оқу жылынан бастап орыс тілінің орнына ағылшын тілі оқытылады
Моңғолияда жаңа оқу жылынан бастап мектептерде негізгі шет тілі орыс тілі емес, ағылшын тілі болады. Бұл туралы елдің жаңа білім министрі Пуревсуренгийн Наранбаяр жаңа оқу жылына дайындық жөніндегі кеңестен кейін мәлімдеді.
«Үшінші сыныптан бастап ағылшын тілін негізгі шет тілі ретінде оқыту биылғы оқу жылында 100 мектепте тестілік режимде басталады. Pearson English бағдарламасы бетпе-бет және онлайн оқытуды біріктіреді», - деді білім басқармасының басшысы.
Ол ағылшын тілі мұғалімдерінің магистр дәрежесін алу үшін шетелде білім алатынын айтты. Бұған дейін екі елдің сыртқы істер министрлері Моңғолия ағылшын тілі мұғалімдерін Филиппинде оқыту туралы келісімге келген болатын. Сондай-ақ, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Антони Блинкен Ұлан-Баторға сапары барысында Моңғолияда ағылшын тілі орталығын құру ниеті туралы мәлімдеді.
Еске салайық, Моңғолияда социалистік кезеңде көптеген мектептерде негізгі шет тілі орыс тілі болды. Бұған дейін ТАСС тілшісіне берген сұхбатында Ресейдің Моңғолиядағы елшісі Алексей Евсиков елдегі орыс тіліне қатысты«біздің елдер арасындағы мәдени байланыстар толығымен дерлік қысқарды. Ал ЕО елдерімен, АҚШ, Қытай, Жапония, Корея Республикасымен байланыс күрт кеңейді. Бұл моңғолдар алдында орыс тілінің құндылығы мен практикалық маңызын төмендетті» деді.
2023 жылы Моңғолия парламенті заң қабылдады, оған сәйкес ағылшын тілі мектептерде үшінші сыныптан бастап оқытыла бастайтын негізгі шет тілі болды.