Назарбаев Құрылтай сайлауында үйінде дауыс берді
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев Құрылтай депутаттарын сайлауда үйінде дауыс берді. Бұл туралы 23 тамызда оның баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 85 жастағы экс-президенттің сайлау учаскесіне бармауына жуырда омыртқасына жасалған операциядан кейінгі денсаулық жағдайы себеп болған.
Соңғы уақытта Назарбаев көпшілік алдына сирек шығып жүр. Биыл наурыз айында өткен дауыс беру кезінде ол Астанадағы №228 сайлау учаскесіне өзі барған еді.
Айта кетейік, 23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы парламент – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтіп жатыр. Мәжіліс пен Сенаттың орнына құрылған Құрылтай 145 депутаттан тұрады. Олар партиялық тізім бойынша бес жыл мерзімге сайланады.