Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:45, 17 Желтоқсан 2024

Назарбаевтарды Путин мен Қазақстан заңы бірге қорғай ма?

Назарбаевтар отбасы
Фото: Жас Алаш коллаж

Билік бұрынғы президенттер мен олардың отбасы мүшелерінің жеке өмірі және денсаулығы жайлы деректі мемлекеттік құпия қатарына қоспақ.

 Заңға енетін мұндай өзгерісті 12 желтоқсанда парламент сенаты мақұлдап, президентке қол қоюына жолдаған. Бұл шешім қоғамда үлкен резонанс туғызды. 

ҚР Мемлекеттік құпиялар туралы заңында «мемлекеттік құпия – жарияланған немесе жоғалған жағдайда елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін немесе нұқсан келтіруі мүмкін әскери, экономикалық, саяси және өзге де сипаттағы мәліметтер» деп жазылған. Сондай-ақ дәл осы заңның 14-бабы 11-тармағында «ҚР президентінің және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастыру, оның күштері, құралдары және әдістері туралы, ҚР президентінің және оның отбасы мүшелерінің денсаулық жағдайы және жеке өмірі туралы мәліметтер» мемлекеттік құпияға жатады делінген.

Мемлекет басшысының үстелінде жатқан жаңа заң жобасы бойынша осы тармаққа «экс-президенттер мен олардың отбасы мүшелері» деген толықтыру енбек. Яғни заңға өзгеріс енсе, бұған дейін ел басқарған адамдар және оның отбасы мүшелері жайлы ақпарат мемлекеттік құпияға теңестіріледі.

Жаңа заң ескі Қазақстан үшін бе?

Жұрт наразылығы осы жерде туындап отыр. Қазақстанда экс-президент біреу ғана. Ол – елді 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев. Экс-президент жалғыз болғанымен, жаңа заңның қорғауына бөленетін туыстары өте көп. Оның көбі монополиялық компаниялар арқылы елдің ен байлығына иелік етіп отырғаны анықталып жатыр. Кейбір туысқаны сотталды.

Мысалы, Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалды Қаңтар оқиғасынан кейін «Қазақтелеком» және «Көлік сервис орталығы» компанияларынан ірі көлемде ақша жымқырды деп 6 жылға сотталған. Бірақ биыл қыркүйекте шартты жазамен босап шықты. Ал інісі Самат Әбіш билігін асыра пайдаланғаны үшін 8 жыл шартты жаза арқалаған.

Бұрынғы президенттің кенже қызы Әлия Назарбаева «ӨКМ операторы» ЖШС арқылы тұтас мемлекеттің көлік саласын шеңгелдеп отырғаны, «Қазақстан темір жолы» және «Қазақтелеком» АҚ-ға делдалдық қызмет көрсетіп, мол пайдаға кенелгені белгілі болған. Ортаншы қызы Динара Құлыбаева елдегі ең бай адамдардың бірі, ол күйеуі Тимур Құлыбаевпен бірге мұнай, банк сияқты жайлы жерлерді уысында ұстап отыр. Ал үлкен қызы Дариға Назарбаева сіңлілеріне қарағанда саясатқа, билікке жақын болды. Бірақ ол да кедей емес. Оның күйеуі делінетін Қайрат Шәріпбаевтың бизнестері жайлы ақпарат көп.

Ескі «отбасының» өкілдеріне қатысты осындай ақпараттар көбейіп, шетелдегі активі жайлы мәліметтер пайда бола бастаған тұста оларды қорғауға алатын заңның шыққаны көңілге күдік ұялатады. 2022 жылы экс-президент пен туыстарына артықшылық беретін норма конституциядан алынып тасталған, 2 жылдан кейін сол норма қайта қалпына келіп отыр. Сарапшылар бұл кейінгі кезде БАҚ-та экс-президент пен оның туыстарының активтері туралы зерттеу материалдардың көптеп жариялануына қатысты болуы мүмкін деп болжайды.

«Бұл шара бұрынғы президенттер мен олардың туыстарына да қатысты болады. Президенттердің туыстары жайлы тізімді қарадық. Тізімде кім жоқ дейсіз: әйелі, баласы, немересі, аға-інісі, әпке-қарындасы, ата-әжесі, жұбайының жақын туыстары, тіпті асырап алған балалары да бар. Бір сөзбен айтқанда, билік парламенттің қолымен Назарбаевтың өзіне ғана емес, оның қыздарының, күйеу балаларының, немерелерінің, аға-әпкелерінің, некесіз балалары мен әйелдерінің істерін құпия еткісі келеді. Сонда 30 жыл бойы елді талан-таражға салып, заңды жолмен заңсыздық жасағандарды заң бойынша қорғаймыз ба?» – деп жазды журналист Гүлжан Ерғалиева әлеуметтік желіде.

Бұл заң несімен қауіпті?

ҚР президенті – конституция кепілі, оның құқығы конституцияның 46-бабы бойынша қорғалады. Бұл бап елдің экс-президенттеріне де қолданылады. Яғни мемлекет басшыларының қауіпсіздігі үшін жаңа заң ойлап табудың қажеті жоқ. Бірақ президенттің туыстары конституция кепілі емес, оларда мұндай артықшылық болмайды.

Мемлекеттік құпия туралы заң бойынша елдің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін мәліметтер мемлекеттік құпия саналады. Ендеше, экс-президент және оның туыстарының жеке дерегі мен денсаулық жағдайы туралы ақпарат тарату ұлттық қауіпсіздікке қандай қауіп төндіруі мүмкін?

Негізі бұрынғы президенттің денсаулық жағдайы, жеке өмірі жайлы мәлімет онсыз да өте құпия. Ешбір БАҚ Назарбаевтың ауырып-сырқағаны жайлы ақпарат таратқан емес. Назарбаевтың ресми биографиясында оның заңды некедегі зайыбы Сара Назарбаева және үш қызы бар екені ғана жазылатын. Ал жұрт арасында айтылып жүрген өзге әйелдері мен ұлдары жайлы ақпаратты 2023 жылы экс-президент өзі растады. Ол «Менің өмірім» атты кітабында 1999 жылғы Қазақстан аруы Әсел Құрманбаевамен діни жоралғы бойынша үйленіп, екі ұл бала сүйгенін жазды. Осылайша, ол тоқалынан туған балаларын «ресми» заңдастырды. Жаңа заң бойынша осы ұлдарына қатысты дерек те мемлекеттік құпия болмақ.

Заңгерлер жаңа заңға атүсті қарауға болмайды деп санайды. Өйткені жаңа норма күшіне енген соң экс-президент пен оның отбасы жайлы материал жазған журналистер мемлекеттік құпияны бұзды деген желеумен жауапқа тартылуы мүмкін. Өйткені мемлекеттік құпияны таратуға қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Мемлекеттік құпия туралы заң сонысымен де маңызды. Жауапты органдар осы заңға сілтеп, сөз бостандығын шектеуі мүмкін. Яғни журналистер қылмыстық жауапкершіліктен қорқып, бұрынғы президенттің туыстары жайлы ештеңе жазбауға тырысады.

Жақында Оrda.kz сайты мемлекеттік кірістер базасынан Назарбаевтың туыстарының деректері жоғалып кеткенін хабарлады. Редакция экс-президент туыстарының көбінің ЖСН нөмірі жазылған тізімге қол жеткізген. Бәріміз білетіндей, ЖСН ел азаматына бір-ақ рет беріледі әрі ешқашан өзгермейді. Тек шетел азаматтығын алса немесе қайтыс болса ғана нөмір жойылады.

Ең қызығы, журналистер экс-президент туыстарының ЖСН нөмірін мемлекеттік кірістер комитетінің базасына енгізсе, ештеңе шықпаған. Атап айтқанда, Назарбаев және оның қыздары Дариға мен Динара, күйеу баласы Тимур Құлыбаев туралы салық төлеушілер базасынан ақпарат табылмаған.

Сонда экс-президент пен оның туыстары салық төлеуден босатылған ба, әлде елден көшіп кеткен бе? Заң бойынша Қазақстанда ешкім салық төлеуден босатылмайды. Ендеше, олар туралы мәлімет неге табылмайды? Әлде біз сөз етіп отырған заң күшіне енбей жатып, бұрынғы президенттің кейбір туыстарының жеке дерегі құпия болып үлгерген бе? Сұрақ көп.

Шетел президенттері жеке дерегін құпия ұстай ма?

Сенат депутаты Айгүл Қапбарова экс-президенттердің жеке дерегі мен денсаулық жағдайын құпиялау туралы өзгерісті заң жобасына мәжіліс енгізгенін айтқан. Бірақ мәжіліс депутаттарының кейбірі мұндай өзгерістен хабарсыз екенін айтып, ақталып жатыр.

Ал Айгүл Қапбарова көптеген елде президенттердің денсаулығы туралы мәліметтер мемлекеттік құпияға жататынын айтқан. Бірақ оның бұл сөзіне сену қиын. Біздің билік өзіне қажетті заң-тәртіпті енгізу үшін әлемдік тәжірибеге сілтеме жасағанға әуес, онда да сол тәжірибені өз қажеттеріне қарай бұрмалап алады. Бұл жолы да ешқандай мысал келтірмей, көптеген елдің президенті жеке мәліметін құпия ұстайды деген уәж айтты.

Мемлекет басшылары жеке өміріне қатысты кейбір деректі отбасының қауіпсіздігі үшін құпия ұстауы мүмкін. Бірақ өркениетті ел президенттері жұрттан жасырынып әуре болмайды. Біз ашық дереккөздердегі ақпаратқа сүйеніп, көбіне диктаторлар өз халқынан қорқып, жүріс-тұрысын құпиялап жүретінін аңғардық. Мысалы, Солтүстік Корея дәстүр бойынша мемлекет басшыларының сапар күндерін соңғы сәтке дейін құпия сақтайды. 1984 жылы Ким Ир Сеннің КСРО-ға сапары оның пойызы мемлекеттік шекарадан өткеннен кейін ғана жарияланған. Бұл дәстүр әлі сақталып келеді. Елдің қазіргі президенті Ким Чен Ын ел ішінде және басқа мемлекетке ресми сапарында пойызбен ғана жүргенді жөн көреді. Оның баяу қозғалатын, оқ өтпейтін пойызы бар деген ақпаратты көзіміз шалды, бірақ оның «от арбасы» туралы мәлімет аз, тіпті желіден суреті мен видеосын табу қиын.

Сондай-ақ Ресей президенті Владимир Путин де жеке өмірін көпшіліктен жасырады. Қазақстанның бұрынғы басшысы сияқты Путиннің де ресми некесінен туған екі қызынан бөлек, жасырын жұбайынан екі ұлы бар. Журналистер зерттеу жүргізіп, көркем гимнастикадан Олимпиада чемпионы Алина Кабаева Путиннің нақсүйері екенін анықтаған. Кремль басшысы бұл балаларын «заңдастыру» үшін Назарбаев сияқты арнайы кітап жаза ма, жоқ басқа әдіс таба ма, белгісіз.

Сондай-ақ Ресей президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Сергей Кириенко ішкі құпияның сыртқа шығып кетпеуі үшін президент әкімшілігі қызметкерлерінен Apple маркалы ұялы телефон пайдаланбауды сұраған деген ақпарат бар. Бұл да көлеңкесінен қорқатын диктаторлық елдерге тән қасиет болса керек.

Назарбаев Ресейге неге барды?

Өткен аптаның аяғында Нұрсұлтан Назарбаев аяқ астынан Мәскеуге барып, Путинмен кездесті. Бұл кездесуде олар не талқылағаны белгісіз. Кремльдің баспасөз қызметі кездесу Ресей президентінің Мәскеу түбіндегі резиденциясында өткенін ғана жазды. Ал Назарбаевтың ресми сайты бұл сапар жайлы ештеңе жазбады.

Есесіне, Қазақстан қоғамы бұл кездесуге бейжай қараған жоқ. Көпшілік 2021 жылдың аяғында Назарбаев Путинмен кездесіп келген соң елде жүздеген адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасы болғанын айтып, оның бұл сапарына наразылық білдіріп жатыр.

Қарапайым халық қана емес, депутаттар да экс-президенттің сапарын сынға алды. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи әлеуметтік желіде бұл сапарды «Назарбаевтың Путинге «поклон» жасау сапары: Ескінің реваншизмі» деп атады. Ал Ерлан Сайыров «Қазақстанда реваншистік күштер дәстүрлі түрде жылдың аяғында «қоза бастайды». Назарбаев шетелге шығып келсе, ел ішінде әртүрлі ақпараттық, саяси дүмпулер болуы дәстүрге айналып отыр» деп әріптесінің сөзін қостады. Тағы бір мәжілісмен Самат Нұртаза «мұндай кездесулер іштей әлдебір қобалжу туғызады» деп, Қаңтар оқиғасын еске алған. Ол да Назарбаевтың сапары елдің тыныштығын бұзады деп санайды.

Бізді таңғалдырғаны, депутаттар өздері Назарбаевтың ғана емес, оның үрім-бұтағының құпиясын қорғайтын заңды қабылдап отырып, тағы қандай реваншизм жайлы айтып отырғаны түсініксіз. Қазіргі билік ескі Қазақстанның еркелерін құрметтеп, олардың жеке дерегін мемлекеттік құпиямен теңестіріп отырса, олар билікке таласып не істейді?! Мәжілісмендер бұл байбаламы жаңа Қазақстан құрып жатқандай түр таныту сияқты ғана көрінеді.

Ал Назарбаевтың Путинмен кездесіп келуі – отқа май құя түскен оқиға болды. Ел ішінде Қазақстандағы үлкен шешімдер Кремль қожайынымен келісіп жасалатыны туралы айтылып қалады. Осы логикаға сүйенсек, Назарбаев Путинмен кездесу арқылы әлі де «қараусыз қалмағаны» жайлы ескерткісі келетіндей ме? Бұл болжам расқа айналса, оның дәл экс-президент пен туыстары туралы заң Ақордада жатқанда Мәскеуге жетіп баруы жай ғана кездейсоқтық емес сияқты...

Қуаныш Қаппас