«Назарбаевтың әмияны». Владимир Кимнің мыс империясы
Қазақстандағы ең бай адам – Владимир Ким. 2023 жылы оның байлығы 4,6 млрд долларға бағаланған. Қазақ қоғамында оның мұнша байлыққа ие болуы мүмкін емес, оның артында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев тұрғаны жайлы сөз айтылады.
Тіпті оны «Назарбаевтың әмияны» деп атайтындар да бар.
Владимир мырза KAZ Minerals Ltd акционері, президенті және атқарушы емес директоры. «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС, «Bank RBK» АҚ акцияларының басым бөлігін және «Таң» телерадиокомпаниясының акцияларының үлесіне иелік етеді. Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінің мәліметтеріне сәйкес, оған ресми «КСС Финанс», DSFK, Holding DSFK, Kazakhmys Holding Limited, Trianon Limited жеке компаниялары ғана тиесілі. Оның ресми бизнестерін тексеріп көрсек, атында ештеңе жоқ деп айтуға болады. Аталған кәсіпорындардың табысы төмен. Ким сонда қалай еліміздің ең бай адамы болып отыр? Осы сұрақтың жауабын іздеп, біз Ким мырзаның жалпы қандай бизнестерге қатысы барын анықтап көрдік.
Өрлеу дәуірі. Мыс
Владимир Сергеевич Ким мыс бизнесіндегі еңбек жолын 1995 жылы «Жезқазғанцветмет» АҚ басқарушы директоры және бас атқарушы директоры лауазымдарынан бастады.
2000 жылдың желтоқсанында Ким корпорацияның ең үлкен пакетінің (25,7%) иегері атанып, компанияның директорлар кеңесінің төрағасы болып сайланды. Оны Ким Cuprum Holding Limited корпорациясы арқылы басқарды.
2005 жылы Лондон қор биржасында компанияның акцияларын орналастырғаннан кейін «Еуроазиялық мыс монополиясының тұтқасын кім ұстап отыр» деп лондондықтар біздің компанияға қызыға бастады. Британдық Global Witness үкіметтік емес ұйымы жүргізген тексеру барысында «Қазақмыс» акционерлері Ким мен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тығыз байланысын анықтады. Міне, осылайша «Назарбаевтың әмияны» атанған Кимнің бизнесі өрге домалап, дәулеті жылдан жылға көбейе берді. Қазіргі күнде оның байлығы мыс сатудан еселеп артып отыр. Сонымен, Кимнің қандай бизнестерге қатысы барын біртіндеп, санамалап өтейік:
«Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Ұлытау облысы бойынша Жезқазған қалалық филиалы 2005 жылғы 14 қаңтар күні тіркеуден өткен. Кәсіпорынды әр жылдары Бахтияр Крыкпышев, Эдуард Огай басқарды. Қазіргі басшысы – Нұрахмет Нұриев. Компанияға қатысы бар деп, 2 700 адамның тізімі берілген.
Негізінен «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС акцияларының 100%-ы голландиялық KCC B.V холдингіне қарайтын «Kazakhmys Copper» компаниясына тиесілі. Негізгі құрылтайшысы да сол. KASE-де жарияланған хабарларға сәйкес, оның 70 пайыз үлесі Владимир Кимге, ал 30 пайыз үлесі корпорацияның бұрынғы басқарма төрағасы Эдуард Огайға тиесілі еді. Кейіннен кәсіпорынға Нұрахмет Нұриев басшы болып келді. Көп өтпей, оның Огайға тиесілі 30 пайыз акцияны сатып алғаны белгілі болды.
Корпорацияның орналасқан жері – Жезқазған қаласы, Қаныш Сәтбаев алаңы, 1.
Кәсіпорын 2021 жылдан бері жыл сайын 100 млрд-тан астам салық төлеп келеді. Былтыр қазынаға аударған қаржысы – 100 557 954 403 теңге. 2022 жылғы ақша айналымы 16 711 859 605 736 теңге болса, былтыр бұл сома екі есе – 8 496 497 123 421 теңгеге азайған.
Мемлекеттен алған келісімшарты – 51. Жалпы квазимемлекеттік келісімшарттарымен қоса есептегенде – 244.
KAZAKHMYS SMELTING (ҚАЗАҚМЫС СМЭЛТИНГ) жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Жезқазған каласында 2011 жылы 4 сәуірде тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Нұрахмет Нұриев.
Құрылтайшылары KAZAKHMYS SMELTING B.V, «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мыс өндірумен айналысады.
Орналасқан жері – Жезқазған қаласы, Промышленная Зона, 296.
Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.
2023 жылғы ақша айналымы – 1 112 411 836 315 теңге. Төлеген салығы – 18 953 559 005 теңге.
Кимнің шетелдік компаниялар тобы
Кимнің қалтасын қалыңдатып жатқан компаниялардың бірі – «Қазақмыс» корпорациясына кіретін KAZ Minerals. Аталған кәсіпорын 2023 жылы табысты компаниялар рейтингінде бірінші орынға шыққан. KAZ Minerals – Бозшакөл (Павлодар облысы) және Ақтоғай (Шығыс Қазақстан облысы) ашық мыс кеніштеріне, Қазақстанның шығыс аймағындағы үш жерасты кенішіне («Шығыстүстімет» ЖШС) және Қырғызстандағы Бозымшақ алтын-мыс кенішіне иелік етеді. Компанияның өзі шетелдік, ағылшындарға тиесілі. Кәсіпорынның басшысы Эндрю Саузам. 2023 жылғы таза табысы – 420, 93 млрд теңге.
Енді ол иелік ететін 3 компанияға жеке тоқталып өтейік:
KAZ Minerals Aktogay жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Абай облысы бойынша филиалының Аягөз аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2009 жылы 11 тамызда алғаш рет, 2014 жылы 10 желтоқсанда қайта тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Тодд Энтони Рой.
Құрылтайшысы – KAZ Minerals Aktogay B.V. Орналасқан жері – Ақтоғай кенттік округі, Ақтоғай кенті, Өнеркәсіптік аймағы Каз Минералз Актогай, 27.
Былтырғы ақша айналымы – 9 764 419 664 368 теңге. Төлеген салығы – 259 337 570 601 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
KAZ Minerals Bozshakol жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Павлодар облысы Екібастұз қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінде алғаш рет 2009 жылы 12 мамырда, кейіннен 2023 жылы 21 желтоқсанда тіркеуден өткен. Бірінші басшы Каратти Джейми Энтони.
Құрылтайшысы – KAZ Minerals Bozshakol B.V.
Орналасқан жері – Екібастұз қаласы Төрт-Құдық ауылдық округі Төртқұдық ауылы. Былтырғы ақша айналымы 7 235 460 720 105 теңге.
Төлеген салығы – 159 497 853 119 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
«Шығыстүстімет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Өскемен қаласының тіркеу және жер кадастры бөлімінде 2014 жылы 15 шілдеде тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Даутов Ильсур Усманович.
Құрылтайшыларына қатысты нақты ақпарат жоқ. Бірақ аталған кәсіпорынға 2 692 адамның қатысы бар.
Орналасқан жері – Өскемен қаласы, Протозанов, 121.
Былтырғы ақша айналымы – 2 409 672 120 894 теңге. Төлеген салығы – 47 760 913 283 теңге. Жалпы осы уақытқа дейін 7 009 келісімшарт алып, орындаған.
Kazakhmys Copper (Қазақмыс Коппер) акционерлік қоғамы
Мыс кенін барлау және өндірумен айналысатын қазақстандық тау-кен компаниясы. Ол 2016 жылы құрылған және Kazakhmys Holding Limited компаниялар тобына кіреді.
Штаб-пәтері Алматы қаласында орналасқан.
Құрылтайшысы – KCC B.V. компаниясы. Аталмыш компания Жезқазған қаласында 2016 жылы 15 қарашада тіркеуден өткен. Бірінші басшы Крыкпышев Бахтияр Абдрахманович.
Орналасқан жері – Жезқазған қаласы, Қаныш Сәтбаев алаңы, 1. Ким Владимир аталған кәсіпорынның директорлар мүшесі.
2023 жылғы ақша айналымы 231 552 979 теңге. Былтыр мемлекетке төлеген салығы – 3 093 335 теңге. Келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.
Құлашты кеңге жаю. Қаржы
Ким тек мыспен ғана емес, қаржылық бизнеспен де айналысады. Мұнда да бірнеше компания арқылы құлашты кеңінен сермеуге тырысқан. Тоқталайық:
Kazakhmys Holding Limited жеке компаниясы да шетелдік
Астана халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетте 2021 жылы 25 тамызда тіркелген. Қаржылық және сақтандыру қызметімен айналысады.
Мекенжайы Астана қаласы, Мәңгілік ел, 55/21. Басшысы Жангелдин Шыңғыс Ермекұлы.
Құрылтайшылары – Ким Владимир Сергеевич және Огай Эдуард Викторович.
2023 жылғы ақша айналымы 114 490 313 теңге. Қазынаға аударған салығы – 2 336 537 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.
Bank RBK банкі акционерлік қоғамы
Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 1992 жылы 15 сәуірде алғаш рет, 2011 жылы 23 қыркүйекте соңғы рет тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Акентьева Наталья Евгеньевна.
Құрылтайшылары туралы мәлімет жоқ. Бірақ банктің негізгі акционері Владимир Ким.
2017 жылы қазан айының басында БАҚ-та Bank RBK клиенттердің ақшасын алуға шектеулер енгізгені туралы ақпарат пайда болды. Банк кассалары мен банкоматтары арқылы ақша алу операцияларына шектеу қойылды. Шектеулер туралы ақпараттан кейін банктің клиенттерге депозиттерден қолма-қол ақша беруден бас тартқаны туралы хабарламалар тарала бастаған. Осындай бірнеше мәселе туындағаннан кейін банктің 89,7 пайыз акциясын Владимир Ким «КСС Финанс» ЖШС арқылы сатып алады. Ким банкке 160 миллиард теңге аударған.
Қазіргі күнде банктің ақша айналымы – 325 422 211 052 теңге. Былтырғы төлеген салығы – 8 729 595 930 теңге. Мемлекеттен 29 келісімшарт алып, орындаған, оның 3-еуі тікелей бір көзден алынған.
«КСС Финанс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасынан алғаш рет 2014 жылы 25 ақпанда тіркеуден өткен, кейін 2017 жылы 16 қарашада қайта тіркелген. Атқарушы директоры Жайназаров Болатбек Казбекович.
Құрылтайшылар саны біреу ғана – Ким Владимир Сергеевич.
Орналасқан жері – Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Республика алаңы, 15. Экономиканың әртүрлі салаларындағы қаржыландыру, инвестициялық қызмет түрімен айналысады. Құрамында ресми 5 адам істейді.
Жылдық ақша айналымы 20 131 162 646 теңге. 2023 жылы 410 450 050 теңге салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
«Специальная финансовая компания DSFK (ДСФК)» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасы 2017 жылы 21 қарашада алғаш рет тіркелген. 2018 жылы 13 маусымда қайта тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Пахомов Вадим Игоревич.
Құрылтайшысы – Ким Владимир Сергеевич.
Орналасқан жері – Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Республика алаңы, 15. Қаржылық қызмет түрімен айналысады.
2023 жылғы ақша айналымы 1 317 278 684 теңге. Бірақ бұл компанияның сәтсіз жылы. Себебі компанияның 2019 жылғы ақша айналымы 12 100 744 334 теңге болған. Келер жылы 7 918 934 443 теңгеге түскен. Содан кейін жыл сайын 1 млрд-тан азайып отырған. Мемлекетке 2019 жылы ең көп салық төлеген – 226 168 167 теңге. 2023 жылы төлеген салығы – 25 679 401 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
Holding DSFK жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2018 жылы 19 ақпанда алғаш рет, кейіннен 2018 жылы 7 маусымда соңғы рет тіркеуден өткен. Бірінші басшы Джумаев Темир Темирович.
Құрылтайшылары – Джумаев Темир Темирович, Ким Владимир Сергеевич.
Мекенжайы: Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Республика алаңы, 15. Қаржылық және сақтандыру қызметімен айналысады.
Бұл компанияның елдегі ең бай адамға тиесілі деудің өзі біртүрлі, сенгің келмейді. Себебі қаржы айналымы өте аз, Ким дегенде – «долларовый» миллиардерді елестетіп, миымыз ұсақ-түйек цифрларды қабылдай алмай дал болды. Мұндай кішкентай ғана сомалар Қазақстанның ең бай адамының шамына тиіп кете ме деп тартынып тұрдық та, ресми түрде аталған кәсіпорынға Владимир мырзаның қатысы болғасын, аттап кете алмадық.
Сонымен, бұл компанияға қатысты кейінгі мәліметтер кездеспейді. Тек 2020 жылғы ақша айналымы 1 318 786 теңге ғана болыпты. Мемлекетке аударған салығы 8 800 теңге ғана. Алған келісімшарттары да жоқ.
Trianon Limited жеке компаниясы
Астана халықаралық қаржы орталығының қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитетінде2022 жылы 29 маусымда тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Пахомов Вадим Игоревич.
Құрылтайшысы – Ким Владимир Сергеевич, Новачук Олег Николаевич.
Мекенжайы: Астана қаласы, Нұра даңғылы, 37/10.
2023 жылғы ақша айналымы 476 119 525 теңге. Төлеген салығы – 9 716 725 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары кездеспейді.
«Люкс Сервис KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2022 жылы 3 ақпанда соңғы рет тіркеуден өткен. Бірінші басшысы Аюпов Раухат Абылаевич. Жылжымайтын мүлік пен операциялар қызмет түрімен айналысады.
Ресми мәліметте аталған кәсіпорынның тікелей Кимге қатысы бары айтылмайды. Бірақ 2022 жылдың маусым айында олигархтар Владимир Ким мен Эдуард Огай «Елбасы қорына» тиесілі Lux Service KZ ЖШС-ның 50 пайыз акциясын 1,3 млрд теңгеге сатып алды.
Қазіргі құрылтайшылары – «Жылжымайтын мүлікті басқару дирекциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Компания жылжымайтын мүлікті пайдаланумен, жылжымалы және жылжымайтын мүлікпен операциялар орындау, дамыту қызметімен айналысады.
Компанияның екінші құрылтайшысы – «Жылжымайтын мүлікті басқару дирекциясы» ЖШС, оның құрылтайшысы – «Елбасы» қоры, «Елбасының» құрылтайшысы – Нұрсұлтан Назарбаев.
Орналасқан жері – Астана қаласы, Есіл ауданы, Өтпе жолы 77.
2023 жылғы ақша айналымы – 825 195 329 теңге. Төлеген салығы – 16 840 721 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттары туралы мәлімет кездеспейді.
«ТАН»телерадиокомпаниясы»жауапкершілігі шектеулі серіктестігі
Алматы қаласы бойынша тіркеу басқармасынан алғаш рет 1990 жылы 4 желтоқсанда, кейін 2018 жылы 28 наурызда қайта тіркеуден өткен. Басшысы Наганбаева Суюмжан Галиповна.
Құрылтайшылары – Astronet жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және DSFK жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Орналасқан жері – Алматы қаласы, Әуезов ауданы, 3.
2023 жылғы ақша айналымы – 85 819 972 теңге. Төлеген салығы – 974 044 теңге. Компания 2022 жылы банкрот деп танылған.
P.S. Біз Кимнің қалай байығанын оның бизнестерін тізу арқылы көрсетуге тырыстық. Кимді«Назарбаевтың әмияны» дейтін себебінің бірі – Қазақстанның ірі мыс өндірушісі Нұрсұлтан Назарбаев құрған коммерциялық емес ұйымдарға тұрақты демеуші болып келген. Мысалы, 2018-2022 жылдар аралығында аталған компания оның қорына 79,4 млрд теңге аударған.
Айтпақшы, 2020 жылы экс-президенттің жиені (марқұм) Айсұлтан Назарбаев Владимир Кимді «Қазақмыс» пен KAZ Minerals арқылы қазақ халқының байлығын тонап жатыр. Ол қолы жеткен жерден қармап қалғысы келеді, менде Кимнің қазақтың байлығын аяусыз тонап жатқаны туралы көптеген құжат бар» деп айыптаған еді.
Бұдан 3 жыл бұрын БАҚ беттерінде Владимир Ким Ұлыбританияның бірінші деңгейлі визасына қатысты мәселесін шешіп, жақын арада Лондонға кетпекші немесе қашпақшы болғаны туралы ақпарат тарады. Хабарларға қарағанда, ол қала орталығындағы One Hyde Park-тен үш қабатты пәтер сатып алған. Мүліктің құны – 39,5 млн доллар. Сөйтіп, Ким Дариға Назарбаевамен көрші болған деседі. Ким әуел бастан АҚШ-қа кетуді жоспарлапты. Бірақ виза мәселесін шешу үшін алдымен Қазақстан олигархтарының сүйікті мекені саналатын Тұманды Альбионға баруға шешім қабылдаған.Қазақстаннан ғана қашқысы келді ме, Назарбаевтың өзін де «лақтырып» кеткісі келді ме, ол жағы әзірге беймәлім. Бір анығы – Қазақстанды отыз жыл басқарып, өзі ғана емес, бүкіл тұқым-зәузатын, туысқан-жұрағатын кенеусіз байлыққа бөктірген Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі «өзімдікі дей алмай өз малыңды» дейтін кепке түсіп қалуы әбден мүмкін екен-ау деп ойладық та қойдық.
Айтпақшы, 2017 жылдың қазан айында бизнесменнің ортаншы қызы, 18 жастағы Камилла Ким Лондонның дәл орталығы – Букингем сарайының жанындағы әсем Найтсбридж ауданынан бір күнде екі пәтер сатып алған. Пәтер The Knightsbridge Apartments-тің бесінші қабатында орналасқан. Бұл аймақтағы жылжымайтын мүлік әлемдегі ең қымбат пәтерлердің бірі саналады. Үйдің құны 14 млн долларды құраған.
Міне, осылай. Алдағы уақытта қазақтың жерасты байлығы тағы қаншама адамды байытып, шетелде тайраңдатар екен... Ким сияқты шетелдік компаниялармен жең ұшынан жалғасқан «табысты» кәсіпкерлер барда, 18-ге енді толып, әлі оң-солын танымаған бизнесмендердің еркетотайларына шетелден пәтер алып бере береріміз анық.
Тұрсынбек Башар