Live

Назарбаевтың екінші «әйелін» жұмысқа алған театр үлкен шығынға батқаны туралы есеп берді

Астана Балет театры 2025 жылды 165,6 миллион теңге шығынмен аяқтады. Ал 2024 жылы театр 536 мың теңге көлемінде пайда көрсеткен еді. Бұл туралы мекеменің қаржылық есептілігінде айтылған.

Исабаева

Бұған дейін Kursiv басылымы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында «әйелім» деп атаған Әсел Исабаеваның театрдан алатын жалақысы мен еңбек шарты туралы мәліметтерді жариялауға тыйым салғанын жазған болатын.

Әсел Исабаева театрда халықтық бағыт бойынша арт-менеджер қызметін атқарады.

Театрдың 2025 жылғы табысы 3,25 миллиард теңгені құрады. 2024 жылы бұл көрсеткіш 3,19 миллиард теңге болған.

Түскен кірістің негізгі бөлігі — Мәдениет және спорт министрлігінен бөлінген 2,8 миллиард теңге. Ал түрлі шаралар өткізуден түскен қосымша табыс 428,8 миллион теңгені құраған.

Соған қарамастан, қызмет көрсету шығындарының күрт өсуі театрды шығынға батырған. 2025 жылы бұл көрсеткіш 2,9 миллиард теңгеге жетсе, 2024 жылы 2,7 миллиард теңге болған.

Театр мәліметінше, 2024 жылдың ортасында мекеме өз балансына ғимарат қабылдап алған, ал 2025 жылдың ортасында тағы 14 пәтерді есепке алған. Соның салдарынан амортизациялық шығындар мен тұрақты шығыстар көбейген.

2025 жылдың соңында театрдағы қызметкерлер саны 341 адам болған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 338 адам еді.

Театрдың банктік шоттарындағы қаражат көлемі 2025 жылдың соңында 62,8 миллион теңге болған. Ал 2024 жылы бұл сома 42,3 миллион теңгені құраған.

2025 жылы компания 536 мың теңге дивиденд төлеген. 2024 жылы дивиденд көлемі 571 мың теңге болған.

2013 жылы Нұрсұлтан Назарбаев қоры «Астана Балет» театрының 100 пайыз үлесін мемлекетке сыйға берген.

Қазір театрдың иесі — Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Ал театрды Мәдениет және ақпарат министрлігі басқарады.

Театрдың жарғылық капиталы 8 миллиард теңгені құрайды.

Еске салсақ, 2023 жылы Нұрсұлтан Назарбаев «Менің өмірім» атты кітабында өзінің жеке өмірі туралы айтып, Әсел Исабаевамен екінші некесі және екі баласы бар екенін жариялаған еді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз