Назарбаевтің ауруханадағы суреті фейк болып шықты
Әлеуметтік желілерде Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ауруханада жатқан фотосы тарап кетті. Алайда суреттің шынайылығына қолданушылар мен фактчекерлер күмән келтірді.
Экс-президент бейнеленген сурет бірнеше күн бұрын Instagram желісінде пайда болған. Суретте Назарбаев аурухана төсегінде тамшылатқыш жүйеге және медициналық құрылғыларға қосылып жатқандай көрінеді.
Оның жанында дәрігерге ұқсас адам тұрған. Фотоның төменгі бөлігінде 2026 жылдың 23 мамыры деген уақыт белгісі көрсетілген.
Пікірлерде қолданушылардың ойы екіге бөлінген. Бірі суретті бірден фейк деп атаған. Екінші топ экс-президентті сынаса, енді бірі Назарбаевтың тезірек сауығып кетуін тілеген.
Алайда бұл суреттің жасанды интеллект арқылы жасалғаны анық байқалады. Біріншіден, оң жақ төменгі бұрышында Gemini логотипі көрінеді. Екіншіден, суретте мәтіндердің оқылмауы мен детальдардың бұрмалануы секілді жасанды интеллектке тән белгілер бар.
Кейін бұл суреттің жалған екенін Factcheck.kz журналистері де растады.
Нұрсұлтан Назарбаев соңғы рет 15 наурыз күні жаңа Конституция жобасы бойынша өткен референдумда көпшілік алдына шыққан еді.