Назарбек ҚАЛЫБЕК. Жемқорды жөндеген жұдырық
ЖЕМҚОРДЫ ЖӨНДЕГЕН ЖҰДЫРЫҚәңгімеБұрын-соңды осыншама тар жерде кім төбелесіп көрген, өздерінің де ит сілікпесі шықты, қарсылыстарын да әбден әуреге салды, ақыр аяғында быт-шыты шыққан бес басбұзар тас еденде сұлап жатты.
Ал, бұлар болса төбелес кезіндегі буырқанған-бұрсанған қалыптарынан тез-ақ айырылып қалып, жаңа түскен келіндей бір-біріне тікелей қарай алмай, екі ярусты көршілес темір кроваттардың астыңғыларында үнсіз отыр. Өйтетіндерінің де өзіндік себебі бар... Иә, егер бұдан екі ай бұрын біреу-міреу облыстық мекеменің басшысы Марат Айдынұлы мен оның бас маманы Темірәлі ағай бірін-бірі тап бүгінгідей қолдап, бұзақы балаларша, жан алып, жан беріскен төбелеске бірлесе араласыпты-мыс десе, бұларды танитындар әлгі хабарға сенбек түгілі, оны таратушының ақыл-есінің дұрыстығына күмәнмен қарар еді. Себебі біреу, бұл пенделерің ол кезеңде бір-біріне көз аларта қарайтын кәдімгідей дұшпандар еді. Кім біледі, ешбір жан жоқ оңашалықта кездессе бұлар тіпті бірін-бірі тарпа бас салып, өзара айқастың көрігін тап бүгінгідей қыздыра кетуі де әбден мүмкін еді.Аздап шегініс жасасақ, ол кезде Марат Айдынұлының қанша айтқанмен сыртынан ел-жұрт айтатын кәдімгідей «коррупционер» атағы бар, ішіп–жемін бағыныштылары мен жандайшаптары көтеретін, қойын қалтасының қоры күнбе-күн қоралана түсетін, беті майлы, айналасы жайлы бірегей азаматтардың қатарында жүрген. Темірәлі ағай болса, әуелден өз ортасының беделді азаматы болғанымен, дәл сол тұста шырылдаған шындықты табу ниетімен Марат Айдынұлының онсыз да әйгілі «коррупционерлігін» ел мен заң алдында дәлелдеймін деп, оның үстінен арызды жаза-жаза әбден шаршап, және қырсыққанда оларынан ешқандай нәтиже шықпай, ақыр аяғында «беделді басшының үстінен жалған мәлімет таратты» деген қылмыстық айыптауды мойнына іліп алып, сот мекемесінің маңайында жүрген. Ішкені ірің, жегені желім болғаны өз алдына, әлдекімдердің сілтеуімен қасынан табыла кеткен алаяқтау қорғаушының күнделікті шығынын өтеуді де өзіне жүк қылып алған. Онысы Темірәлінің үстінен қозғалған іске қатысты шараларды кәсібилікпен атқарып, нақты шаруа бітіруден гөрі, үйіп-төгіп уәде беруге тым үйірсектік танытты. Нәтижесінде, «анда барам, мұнда барам, анаумен сөйлесемін, мынаумен сөйлесемін » деп шабумен бұның азғана жиған – терген ақшасын ата жауындай ойсыратқан. Қағаз жазудан қашқалақтайтын әлгі адвокат артынан ұзақ уақыт жоқ боп кетіп, сот қайта-қайта шақырғанда барып бір-ақ келген. Істің материалдарымен танысқан кезде оның Темірәліге ылғи өтірік айтып, бұның мүддесі үшін бір түйір арыз жазбағаны да белгілі боп қалды. Арыз демекші, Темірәлі ағайдың өзі де жалаулатқан бала кезінен бастап осы жазғыштық ілімді жанына серік етіп, оны әділдіктің жоқтаушы құралы ретінде еркін пайдаланып келе жатырған жандардың бірі еді. Мектеп қабырғасында жүргенінде тілші бала атанып, жалқау мен еріншектердің талайын әшкерелеген осы Темірәлі есейгенде де сол бейімділігін жоғалтпаған. Әу бастағы мамандығы мұғалімдік болғанымен, кейінірек өзінің ауданында талай лауазымды қызметтерді басынан өткерген ол азаматтық көзқарасын көрсететін тұста газет — журналға мақала да бастырды, шындық сынға түсетін жерде тиісті орындарға хабарлама, өтініштер де жазды. Сөйтіп, заманына сай әуелі ақжайнақ октябрят, сосын алқызыл галстукты пионер, одан екпінді комсомол, беделді коммунист мәртебелерін кезек – кезек иеленіп жүргенінде, баршаға ортақ объективті себептерге байланысты ол күнінен қапияда айрылып қалды. Сосын, бұның етене білетін бұрынғы жағдайы толықтай өзгеріп, адамдар арасындағы ара-қатынастар басқа арнаға ауысып, сауда – саттық өмірге еркін енген тұста, тағдырдың соқпағымен алыс ауданнан облыс орталығына көшіп келді. Азды-көпті абыройы мен өзін сыйлайтын таныстарының арқасында тым жақсы қызметке орналасты. Қазіргі жанындағы ентігіп отырған камераласы, ал бұрын мекемесінің басшысы болған Марат Айдынұлын да сол жерден кездестірді... Әуелгі қарқында бәрі де сәтті басталған: бөлім ішіндегі құжаттар қозғалысы мен күнделікті қағазбастылық бұған бәлендей қиындық әкелген жоқ. Үздіксіз келіп жататын түрлі меншік иелерінің (жеке және заңды тұлғалардың) өтініштері бойынша бөлім қызметкерлері облыс көлеміндегі нысандарға салалық-кәсіби тексеру өткізіп, сол нысандардың тиесілді стандарттар мен нормативтерге сай келетіндігі, болмаса сай келмейтіндігі жөнінде қортынды жасап, оны бөлім меңгерушісіне бекіттіріп отырады екен. Қызмет талабына сай арнайы кәсіби кітаптар пен ережелер жинағын жігерлене оқуға кіріскен Темірәлінің қауқары аты аталған міндеттерді орындауға молынан жетті, сосын барынша ынтасын салып аз мезгілде көп істің қалпағын қайырғасын көңілі де марқайды...Дегенмен, арада бірер ай өтісімен-ақ бұл өзінің үстінен қарайтын бөлім бастығы Беріктің ажарынан бір салқындықты сезе бастады. Алғашқы танысқан сәттерінде «Темірәлі ағай, Темірәлі ағай» деп көпе-көрнеу көпшік қоятын жас пері ендігі уақытта бұнымен шала – шарпы амандасып, сырт айналып кететінді шығарды. Кабинетіне де шақырмайтын болды. Әңгімелесу де тиылды. Темірәлі де оған үйірсектене беруді ересек басына қолайсыздау көріп, ара қашықтықты сақтауға көшкен. Солайша өсе түскен салқындықтың деңгейі бара — бара бұның өз жұмысын дұрыс атқаруына да бөгет келтіретіндей шамаға жетті. Себебі, бұның апарған құжаттарына уақтылы қол қойылмай, бөлім бастығының алдында жатып қалуы жиілеп кетті. Қызметтік ережелерге сай жасалып, заң талаптарын толық қамтитын Темірәлінің қортындылары әлгіндей күйге ұшырап жатырғасын, шаруалары бітпеген өтініш берушілерден де маза кетті. Бар жұмысы бұған тірелген жандар кабинетінің алдын тоздырды, қызметтік телефонында сірә да тыныштық жоқ. Бөлім бастығы болса сол баяғы тәлпіштенген қалпымен, бұдан сырт айнала береді. Сонымен, жұртқа қарадай жеккөрінішті болып, «әділетсіздіктің оғы тиген» Темірәлі ағай бөлім бастығының жоғарыдағы әрекеттеріне әбден наразы күйінде мекеме басшысы Марат Айдынұлының қабылдауынан бір – ақ шықты. Бұрын – соңды жақын араласпаған, таныстықтары қызметтік сарындағы сыпайы «біз-сіз» дейтін қатынастардан аспаған екі азаматтың арасына жік түскен күн еді бұл, шегініс жасап отырған уақытымыз... Осы кездесуде Темірәлі ағай сол баяғы тіке айтатын қалыбымен бөлім бастығының жөнсіз әрекеттерін өзіндегі фактілермен баяндап берген. Бұндай құбылыстар жалғаса беретін болса өтініш иелері жоғарғы жақтарға да арызданар, сосын мекеменің абыройына ңұқсан келтіруі мүмкін-ау деген күдігін айтуды да ұмытқан жоқ. Бұны үнсіз тыңдаған Марат Айдынұлы Темірәлінің айтқан уәжін иә жоққа шығаруға тырыспады, иә болмаса бөлім бастығы екеуін бітімге шақырған жоқ. Тек елеусіздеу қабақ шытып қана, бұл мүлде күтпеген «Сіз әлі өз жұмысыңызды дұрыс меңгермеген екенсіз» деген тосын айыпты көлденең тартты. Неліктен ондай тұжырымға келгенін де нақтыламады. Сосын «бара беріңіз, өзіңіздің кемшіліктеріңізді жоюға тырысыңыз» деп дағарадай кабинетінен тым төмендетіп шығарып жіберді.Сол кезде әкесінен сөз естіген тентек баланың күйін кешкен Темірәлі ағай не істерін білмей қалды, екі оттың ортасында қалып қойғанын сірә да айқын сезді. Сосын кабинетіне қайтып келе жатырғанында коридор бойынан жасы өзі құралыптас, соңғы екі ай ішінде жақын араласып жүрген қызметтесі Жантасты кездестіріп қалды. Жантас бұның қабағынан үлкен кейістікті аңғарып тұрса да ештеңе сұраған жоқ, бұның проблемасын жалғыз өзі шешіп тастайтындай «ештеңе емес, жұмыстан кейін бірге қайтайық, сенің көзіңді ашпаса болмайды екен» деді. Кешкілік онымен оңаша жерде кездескен Темірәлінің көзі шынында да ашылмақ түгілі, бақырайып кеткендей болды. Жантас құрдасынан өзін тығырыққа тіреп жүрген бар сауалдың жауабын да алды. Ішінен кей-кейде «шынымен-ақ сыбайлас жемқорлық деген бәленің бір шетінде жүрген жоқпын ба» деп ойға келетін Темірәлі өзінің жемқорлықтың бір шетінде емес, нағыз терең апанында ойнақтап жүргенін бірден көкейіне құйды. Өйткені, ертеден қалыптасқан дағды бойынша Темірәлінің күнбе-күнгі істеп жатырған тірлігі үшін мемлекеттік еңбекақы төленуімен қатар, өтініш білдірушілердің де тиесілді сыйақысы тұрақты түрде түсіп тұруы керек екен. Біреулері аздау берсе, екіншілері көбірек дегендей, әйтеуір не де болса есебін тауып, бұл әлгілерден алуы тиіс екен. Сол сыйақының белгілі бір мөлшері Темірәлінің өз қалтасында қалса, қалған қомақты бөлігі бөлім бастығы арқылы жоғары жаққа жеткізілуі тиісті-міс. Және жалғыз Темірәліге емес, барша қызметкерге ортақ қағида екен бұл. Былай қарағанда, өз-өзінен жүріп жатқан бұл құбылыс ақша тасымалдайтын үздіксіз конвейерді елестеткендей. Темірәлінің өзі болса, сол «конвейерге» жоламай жүргендіктен, бастықтарды «лақтыратын» алаяқ қызметкер болып көрініп қалыпты. Олардың ойынша, әлгі сыйақының барлығын Темірәлі «жалмауыз» тірі пендемен бөліспей өз қалтасына ғана тоғытып жатырған екен. Сондықтан бөлім бастығы мен мекеме жетекшісі теріс жолға түскен тоғышар, қу қызметкерді енді өз қатарларынан ығыстырып шығуға бел буған сыңайлы, «көріпкел» Жантастың болжауынша.Темірәлі өз кезегінде бұндай айыптаудың негізсіздігін, ал өзінің ешқашан ешкімнен артық сыйақы алмағандығын Жантасқа қанша түсіндіргенімен, ол шарасыздық танытып «шын алмай жүрсең, ендігі кіріс» деп мырс етті — «Сосын бастықтарыңмен араңда өзім жүгіріп, абыройыңды қалпына келтіруге атсалысармын». Өзінше «жөні түзу» деп жүрген Жантасының жай-жапсары әлгіндей болғасын, Темірәлі не де болса оның сөздерінің шындығын тексеруге бар ынтасымен кірісті. Бірақ, ол тірлігі ешқандай жаңалық әкелген жоқ, керісінше, Жантастың айтқаны толығымен дәлелін тауып, расқа шықты. Шынымен-ақ, өз нысандарын сараптауға өтініш беретіндердің көпшілігі, мейлі заңды тұлға болсын, мейлі жекеменшік иесі болсын, тексерушілерге беретін сыйақыларының мөлшерін де, онысын қалай берерін де алдын-ала біліп алады екен де, сараптамашы қызметкер ым қаққанда дайындағанын ұсына қояды екен. Былайша айтқанда, «қой да аман, қасқыр да тыныш». Берерін беріп, шаруасын тындырғандар да риза, алғанын жайғастырып «конвейерді» әрі қарай жылжытқандар да риза. Ал, осы «екі жаққа бірдей ризашылықтың» Темірәліні қатты жиренте шошындырғаны соншалық, біршама уақыттан бергі ұмыт қалған «кәсібін» шұғыл түрде қолға алуға мәжбүр болды: мекемеде орын алған жаппай жемқорлық пен оған қатысушылар жөніндегі ашына жазған арызын үш бірдей құқық қорғау органдарына қатар жөнелтті. Бесіктен белі шықпай жатып су жаңа шетелдік көліктерді күнара ауыстыратын бөлім бастығы мен «балықты басынан шіріткен» мекеме жетекшісі Марат Айдынұлына «әуселелеріңді енді көрермін» дегені еді бұл... Қаққан дабылы аяқсыз қалған жоқ. Ізін суытпай құзырлы органдардың өкілетті қызметкерлері бұлардың мекемесіне қайта-қайта келіп өздерінің тексерулерін өткізді. Дегенмен, тексерушілердің бәрі де әуелі кәдімгідей ынталанып келгендерімен, артынша бір ізбен шиырлап кететін. Бірнеше күн бойы бастықтар мен бағыныштылардан түгелдей жауап алынатын, сілтеме жасалынған құжаттар тексерілетін, кейбір жағдайларда құжат жасауға қатысы бар сырттың адамдарынан да түсініктеме алынатын. Обьективтілік қағидасын қамтамасыз етеміз деп Темірәліні біраз сүйрелейтін, бұның көрсеткен қосымша қағаздарын да көтеріп, аты-жөнін айтқан адамдарын тағы бір мәрте шақыртатын. Бірақ, сөздің шыны керек, олары ешқандай нәтиже бермейтін: мекеме қызметкерлерінің барлығы, ішінде құрдасы Жантас та бар, Темірәлінің арызындағы жазылған мән-жайлар шындықпен үйлеспейді деп түсініктеме жазды. Иә, кім жеп отырған нанынан Темірәлі үшін айырыла қойсын. Оны айтасыз, сырттан шақырылған жекелеген адамдар мен ірілі-ұсақты мекемелердің өкілдері де «біз ешкімге ақша бергеніміз жоқ, нысандарымыз заңға сәйкес тексеріліп, қорытынды жасалды» деп көрсетіп, олар да Темірәліні қолдаған жоқ. Ішінара қаралған құжаттардан да бәлендей үлкен кінәраттар табылмады, ал табылған ұсақ кемшіліктер үшін қызмет бабымен кейбір қызметкерлер жазаланып жатты да. Облыс орталығындағы үш құзырлы мекеме әрқайсысы екі реттен тексергендерімен, мекеменің жұмысынан қылмыс құрамының белгілері табылмағасын арыз иесі Темірбаев Темірәліге «жазғандарыңыз тексеру қортындыларымен анықталмады. Егер риза болмасаңыз жоғарғы жаққа шағымдануыңызға болады» деген қысқаша жауаптарын алты рет жолдады. Сол алты бірдей жауапты алған Темірәлі тоқтаудың орнына өршіп кетті. Мықты қателескені де сол, оқыған жауаптарындағы «жоғарғы жаққа шағымдануыңызға болады» дегенді арқаланып, тағы да бірнеше арызын мәртебесі тым биіктегілерге жолдады. Нәтижесінде, баяғы абыр-сабыр тағы да қайталанып, бұрынғылардан да тегеурінді тексерістер орын алды. Бірақ, мекемедегі «конвейердің» қызметі әшкеленбегесін, басшылардан ешкім жауапқа тартылған жоқ. Берілген жауаптар тағы да бұрынғыларын қайталап, мекеменің ішінде жемқорлық фактілердің анықталмағанын бекітіп шықты. Енді Темірәлінің соққысына төтеп берген Марат Айдынұлы қарсы шабуылға шықты, яғни, Темірәлінің барлық арыздары мен солар бойынша шығарылған тексеріс қорытындыларын жинақтап, қалалық сотқа бұның өзінің үстінен арыз берді. «Парақор деп негізсіз айыптап, жала жапты» деген болашақ үкімнің алғы шарты осылай пайда болды. Оның арызымен қылмыстық іс қозғалғандықтан, жәбірленуші мен сотталушы деген мәртебелерін екі жақ тез арада бөлісіп алған-ды. Бірінші сот инстанциясының мәжілістерінде Марат Айдынұлы мен оның өкілінің айыптау сөздері неғұрлым өктем-өктем шыққан сайын Темірәлі мен оның жалқау қорғаушысының келтірген уәждерінің бәсі төмендей түсіп, «әйтеуір айтылды ғой» деген қалыптың кебін киді. Шынтуаитқа келгенде, соңғылардың «айтатындарына» тексеру орындарының өзі-ақ әлдеқашан «анықталмады» деген тиісті бағасын беріп, қорытындылары сотқа тапсырылып қойып еді. Сот та сол бағытпен жүргізіліп келе жатырған. Ақыраяғында соттың үкімімен Темірәлі толықтай кінәлі болып танылды, ешбір нақты фактісіз абыройлы мекеме басшысына жемқорлық қылмыс жасады деп жазықсыз жапқан жаласы үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиесілді бабымен 1 жыл мерзімге жаза кесілді. Бұрынғы еңбектері мен жас мөлшері ескеріліп қана жазасын шартты түрде өтеуге қалдырды. Бұның тығырыққа тірелгенін көрген қаскөй Марат өз жеңісіне қанағаттанудың орнына, енді одан әріге шапты. «Қылмыскер Темірәлі Темірбаев заңға қайшы жасаған әрекеттері үшін шын қынжылып, мойындаған жоқ, сондықтан түзелу жолына түспеген тұлға ретінде тағайындалған жазасын үйінде емес, колонияда өтеуі керек» деп өзінің заңгерлеріне апелляциялық шағым жаздырды. Оны қараған облыстық сот Темірәлі Темірбаевтың жазасын қатаңдатып, колонияға жіберетін болып қаулы шығарды.Осы соңғы сот мәжілісінде кездескенде Марат Айдынұлы бұған тіпті көз қырын да салған жоқ. Бұның ақтала шыққан жүрекжарды сөзіне де елең етпеді. Апелляциялық шағымымды қолдаймын, қылмыскердің орны түрмеде болуы керек деді. Нәтижесінде елуден асқан Темекең қаланың қақ ортасында орналасқан тергеу изоляторына қамалды, енді осы жерден жазасын өтейтін колониясына жол тартуы керек екен. Тағдыр да қызық, осылайша тергеу изоляторында этап күтіп жатқан бұның үстіне Марат Айдынұлы кіріп келер деп кім ойлаған. Киім киісі баяғысынша шыттай болғанымен ұнжырғасы түсіп кеткен ежелден өркөкірек Марат төрде шалқасынан жатқан бұрынғы бағыныштысын көргенде ұйқысынан оянғандай селк ете қалды. Бірақ үн шығаруға шамасы келмеді, себебі оның келуін Темірәліден басқа бес қаныпезер ерекше ынталылықпен күтіп отырған-ды... Осы Темірәлінің қасындағы камераластары өздері жас болғандарымен, бар ақылдары «әлдеқашан ағып кетіп, қауашақтары бос қалған» жігіттер еді, зиялы қауымның өкілі Марат Айдынұлын көргенде түрмеге түйе кіріп кеткендей өре түрегелді. Іштері пысып, не істерін білмей отырғанда Марат сияқты лауазым иесінің аяқ астынан пайда болғаны бұларға үлкен ермек еді. Құдды бір тексерушілер сияқты, жаңа тұтқынды есіктің алдына тұрғызып қойып «кім екеніңді қазір білеміз» деп оған неше бір сұрақ қоя бастағанда, Марат қанша айтқанмен өмір көрген жігіт емес пе, ашыла жауап берген жоқ. Тіпті кейбір сұрақтарын аяқсыз қалдырды. Бұндай батыл қылық бұзақы тұтқындарға ұнаған жоқ, өздерінің дегеніне көнбеген бастықсымақты орнына қоймақ болып бір жылдамдауы Марат Айдынұлына қол жұмсады. Ол да бұлар ойлағандай босбелбеу емес екен, қарсы қимылдап әлгіні ұрып жықты. Онысы қайта түрегеліп, және қасына тағы төрт бірдей бұзақысы қосылып, бесеуі Маратты жан-жақтан қоршай бастады. Бұл бес бұзақы мен Темірәлі жарты айдан бері камералас еді, әңгімелері онша жарасып кетпегенімен, олар бұған тиіспейтін. Оған себеп, бір жағынан Темірәлімен араларындағы жас алшақтықтары болса, екінші жағынан, екі бірдей тұтқын жігіт бұнымен жерлес, бір ауданның тумалары болып шықққан. Олардың өздерін танымаса да, әкелері мен жақын — туыстарын Темірәлі сырттай жақсы білетін. Бұлар да қасындағы жігіттер сияқты бес-алты жыл көлемінде әр жерде қараусыз жүріп, әлімжеттік жасауға, адам тонауға әбден төселіп алған екен, аяғы осындай болып, құқық қорғау органдары құрған қара қақпанға түскен. Бір қызығы, бұл бесеу қақпанға түстік деп қайғырып отырған жоқ, тап бір нағашыларының үйінде жатқандай қимылдары тарпаң, сөздері ірі қалпында. Сырттан жеткізілетін тамақ, темекі үзілмейді, арасында ащы су ішіп, бір жетісіп қалатындықтары тағы бар. Әлгінде әккі тұтқындардың бесеуі бірдей Маратқа тарпа бас салғанда үнсіз қалуды ыңғайсыз көрген Темекең «Әй, жігіттер, қойыңдар, ұят болады» деп басу айтып еді, көздері қанталап кеткен бәлекеттер бұны адам санатына қабылдаған жоқ. Өзін түрмеге жазықсыз отырғызған «жемқор» Мараттан Темірәлінің көңілі әбден қалғанымен, өз бойына түпкілікті орныққан адами қасиеттері бұны бәрібір ескі танысының тап бүгінгі тағдырынан бейтарап қалдырмады. Сондықтан, жасынан қажырлы, байырғы ауыл балаларындай төбелеске де бейім Темекең орнынан күрт көтеріліп, әлгілерді кейін қайтармақ болып талаптанып еді, біреуі жалт кейін бұрылып оң қолымен екі көзінің арасынан қатты соққы берді. Жолы болғанда, басын оң жаққа тез қозғап үлгерді, соның өзінде қарулы содырдың нән жұдырығы шекесін жанай өтіп, оң жақ құлағын қарыта қыздырып жіберді. Сол бір сәтте қызған құлағы бүкіл денесіне ерекше заряд берген Темірәлі Темірбаев әлгі пәлекеттің іш жағынан қатты соққы беріп жерге құлатып түсірді. Ал, қалған оқиға әңгімеміздің басында айтқандай болды да шықты. Марат Айдынұлы мен Темірәлі арқаларымен тіресіп жүріп екі жақтап зор майдан ашты: ұрды, тепті, жықты, әйтеуір бес бұзақыны толық залалсыздандырды. Артынша есін жия бастаған бесеуді, түрме қызметкерлері келіп, өздерінің өтініштерімен басқа камераларға ауыстырды. Баяғы батырлықтарынан түк қалмаған содырлар ендігі бұларға ешқандай қоқанлоқы жасай алған жоқ. Бесеуі тұрып екі адамнан таяқ жегені басқа тұтқындардың арасына таралып кетсе, абыройларына сөз жоқ нұқсан да келер еді... Темірәлі мен Марат бір-біріне қарап қашанғы отырсын, жата-жастана сырласатын да уақыт емес. Тар жерде өзіне жақтас тапқан жасы кішісі үлкеніне ризашылықпен қарап сөз бастады: «Аға, менен бір қателік етті, кешіре алсаңыз, кешіріңіз!»-деп. Осы бір жылы сөз қатып қалған қара мұзды ерітті. Темірәлі сөз иесінің ендігі жердегі ниетінің адалдығына шүбә келтірместен, бірден ашыла кетті, Маратпен жөн сұрасуға көшіп. Байқап қараса, Темірәлінің баяғы жазған арыздары әуелі өзінің қара басына сор боп тигенімен, артынша Марат Айдынұлының да түбіне жетуіне түрткі болыпты. Арыз үзілмегесін құқық қорғау мекемелері оның соңына арнайы аңду қойған екен. Нәтижесінде, бөлім бастығы мен екеуі бірігіп, мұнай қалдықтарын төгетін полигон саламыз деп шіреніп жүрген байлардан көп мөлшерде сыйақы алып жатқанда ұсталыпты. Екі мықтың түрмеге жеткізіліп, «полигон салғыштар» болса «лауазым иелерінің тарапынан жасалған бопсалаушылықтың құрбандарына» айналып құтылып кетіпті. Марат Айдынұлы мен бөлім бастығының жинап жүрген қомақты ақшалары құқық қорғау органдарының қолына түсіпті, дүние-мүліктеріне сот болғанға дейін тоқтам салыныпты. Бұның бәрі соңғы күндердің бедерінде болған екен. Енді Марат Темірәліге « Аға, біз өзіміздің ауыртпалығымызды өзіміз көтерерміз, не де болса жазықсыз отырған мына Сізді қапастан шығарып алуымыз» керек деп өзін басқа қырынан танытты. Темірәлі не десін, « өздерің білерсіңдер» дегеннен басқа. Бір төбелестің осыншама шым-шытырық мәселені әп-сәтте шешіп тастайтынын кім көрген, ертесіне Марат пен Беріктің адвокаттары тергеу изоляторына келіп, солардың көмегімен «Темірәлі Темірбаевтың үстінен көтерілген қылмыстық істі жаңадан ашылған мән-жайларға байланысты қайта қарап, ол жөніндегі үкімді бұзуларыңызды сұраймыз» деген арыздарын қалалық сотқа жөнелтті... Арада тағы да тура бір ай өткенде Темірәлі бала-шағасымен, немерелерімен емен-жарқын қауышып, өз үйінде отырды. Бәрі де көңілді, әсіресе, көптен көрмеген кішкентай екі тентек немересі алды-артынан шабуылдап, үстіне өрмекшідей өрмелейді. Арасында «ата, ата, сен кинодағы Джеки Чан сияқты төбелесе аласың ба, бізге де үйретші» деп қалды әлгілер, құдды біреу ауыздарына салғандай. Бұны естіген Темекең көңіл тетігін тежей алмай мырс етті, сосын көз қырымен өзінің қос жұдырығына қарады. Иә, немерелері қайдан білсін, алдарында отырған көнбіс аталарының тап сол «киноның батыры» Джеки Чанға ұқсап, қазақша төбелестің арқасында аса бір қиын проблемасын шешіп тастап отырғанын... «Аюға ақыл үйреткен таяқ» деген де сол, бұның қос жұдырығының құдыретін мойындамаса Марат Айдынұлы Темекеңді түрмеден шығар деп арызын жазар ма еді, жазбас па еді. Оны айтасыз, осы Темекеңнің талай сыннан өткен қайран қос жұдырығы әлгі коррупционер Маратқа тарпа бас салған бұзақылардың быт-шытын шығармаса, сол мықтыңның аяқ астынан жарымжан болып қалуы, болмаса бопсалаушылықтың құрбаны болып, тығулы жатқан талай дүние- мүлкінен тірідей қағылары да сөзсіз еді-ау, деп қойды ішінен осы сәтте біздің Темекең. Енді қайтсын, өзіңді өзің мақтан тұтпасаң, кім елей қойсын бұл заманда? Түрмеден шығып баяғы қызметіне қосылған Темірәлі Темірбаев ұялы телефонының бетіндегі бұрыннан тұрған өз кескінінің орнына қос жұдырығының фотобейнесін салып қойды. Ендігі жерде телефонын қосып қалса, көз алдына сол қос жұдырығы сопаң етіп шыға келеді. Жұдырықтарын көргенде, көңіліне сенімділік ұялайды, кез-келген мықтыңмен еркін сөйлесіп кете барады...Фото: kempo.ru