Норвегия королі Харальд V қайтыс болды
28 тамызда Норвегия королі Харальд V 89 жасында қайтыс болды. Ол ел тағында 1991 жылдан бері отырған.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, корольдің қайтыс болғаны туралы Норвегия корольдік сарайы мәлімдеді.
BBC Харальд V-тің 35 жылдық биліктен кейін халыққа жақын монарх әрі реформатор ретінде есте қалатынын жазды. Оның басты еңбектерінің бірі – монархияны заман талабына және қоғамдағы өзгерістерге бейімдеп, жаңғыртуы. Сондай-ақ ол Норвегия басынан өткерген қиын кезеңдерде халықты біріктіре алған тұлға ретінде бағаланады.
Бұған дейін корольдік сарай 89 жастағы монархтың денсаулығы күрт нашарлап, жағдайы «өте ауыр» екенін хабарлаған еді.
Харальд V қайтыс болардан аз уақыт бұрын корольдік отбасы мүшелері Ослодағы университеттік ауруханаға жиналған. Король 24 тамызда гемолитикалық анемияны емдеу кезінде туындаған асқынуларға байланысты осы ауруханаға жатқызылған еді. Бұл – эритроциттердің қалыпты мерзімінен жылдам ыдырауымен сипатталатын сирек кездесетін ауру.
Король ауруханада жатқан уақытта оның 53 жастағы ұлы, тақ мұрагері ханзада Хокон регент міндетін атқарды.
Енді Хокон автоматты түрде Норвегия тағына отырып, әкесінің орнына мемлекет басшысы болады. Норвегияда монарх негізінен салтанатты және өкілдік міндеттер атқарады.
Харальд V жасы мен денсаулығына байланысты 2024 жылдан бастап өзі қатысатын қоғамдық іс-шаралардың санын қысқартқан еді. Сол жылы Малайзияда демалыста жүрген кезінде сырқаттанып, кейін оған кардиостимулятор орнатылған.
Харальд V Норвегия тағына 1991 жылы әкесі Улаф V қайтыс болғаннан кейін отырған еді.