Нұрбол Назарбаевтың 58 млрд теңге қарызға байланысты өтінішін сот қанағаттандырмады
Болат Назарбаевтың үлкен ұлы Нұрбол Назарбаевқа қатысты қатар жүрген екі ірі сот ісі аяқталды. Бір іс бойынша оның 15,1 млрд теңге көлеміндегі мүлкі мен есепшоттарына қойылған тыйым алынса, екіншісі бойынша мемлекет алдындағы шамамен 58 млрд теңге қарызына байланысты төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтініші қанағаттандырылмады.
2026 жылдың басында Қарасай аудандық соты Нұрбол Назарбаевтың жылжымайтын мүлкіне, автокөліктеріне және банктік есепшоттарына тыйым салған болатын. Бұған «Алтын Орда» базарының бұрынғы тең құрылтайшысы Айдарбек Хұсайыновтың 15,1 млрд теңгені «негізсіз баю» ретінде өндіріп алу туралы талап арызы себеп болған.
Алайда іс сот жарыссөзіне жеткен жоқ. Талапкер арызын қараусыз қалдыруды өзі сұраған. Соның нәтижесінде 2026 жылғы 19 маусымда Нұрбол Назарбаевтың өкілі сот арқылы барлық қамтамасыз ету шараларын алып тастауға қол жеткізді. Осылайша, оның мүлкіне салынған тыйымның күші жойылды.
Екінші сот ісі Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетінің талап арызы бойынша қабылданған шешімге қатысты болды. Бұған дейін комитет Нұрбол Назарбаевтан 106,7 млн АҚШ долларын (шамамен 57 млрд теңге) мемлекет пайдасына өндіру туралы сот шешіміне қол жеткізген.
Барлық есепшоттары мен бизнесіне қойылған шектеулер мәселесін шешуге тырысқан Нұрбол Назарбаев сотқа төлем қабілеттілігін қалпына келтіру туралы өтініш берген. Ол жалпы қарызы 57,9 млрд теңгеден асатынын (оған айыппұлдар, мемлекеттік баж және коммерциялық компания алдындағы берешек те кіреді) көрсетіп, егер мүмкіндік берілсе, бизнес-серіктестері қарыздың бір бөлігін өтеуге көмектесуге дайын екенін мәлімдеген.
Алайда Активтерді қайтару комитеті бұл өтінішке қарсы шықты. Ведомствоның пікірінше, Нұрбол Назарбаев төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін мемлекетке мүлікті өткізуді созбалаңға салу үшін пайдалануға тырысқан.
Апелляциялық сот та осы ұстанымды қолдап, өтінішті қанағаттандырудан бас тартты. Сот Нұрбол Назарбаевтың коммерциялық жылжымайтын мүлікті жалға беруден түсетін табыстары, дивидендтері мен депозиттері туралы нақты мәлімет ұсынбағанын атап өтті.
Сот қаулысында: «Нақты төлем қабілетсіздігін дәлелдейтін айғақтар жеткіліксіз. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі қарыздан жалтарудың құралына айналмауы тиіс», – деп көрсетілген.
Сот шешімі заңды күшіне енді. Енді мемлекеттік органдар Нұрбол Назарбаевтан көп миллиардтық қарызды мәжбүрлі түрде өндіріп алу рәсімін жалғастырады.