Өлеңін өмірге, өмірін өлеңге айналдырған ақын
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығарма
Биылғы Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың келесі кезеңіне әдебиет саласы бойынша үш үміткер өтті. Олар – Серік Тұрғынбекұлы, Қасымхан Бегманов, Маралтай Ыбыраев. Бұл марапатқа үшеуі де лайық. Үшеуі де адуынды ақындар. Алайда «Тұлпардан тұлпар озар жарысқанда» деп дана халқымыз айтпақшы, кімнің бағы жанарына – уақыт төреші. Сондықтан біз алдын ала болжам жасаудан аулақпыз. Бірақ біз сөз орайы келгенде көрнекті ақын, журналист-публицист, білікті баспагер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қасымхан Бегманов туралы бірер ауыз сөз айтып кетуді жөн көрдік.
Қасымхан Бегманов – «Бастау», «Қарашық», «Бесіктен бейітке дейін», «Сағыныш», «Ол көктем оралмайды», «Менің Түркістаным», «Ақ жаңбырлар әуені», «Күреңбел», «Көкжиек», «Соны соқпақ, қоңыр мұң», «Құланиек, құба таң» атты жыр жинақтарының авторы. Ақынның өлеңдері орыс, ағылшын, татар, қырғыз, өзбек тілдеріне аударылған.
Өмір бар жерде – өлең де бар. Өйткені өмірдің өзі – өрілген өлең. Оны арқалы да ақиық ақындар ғана көре алады және өре алады. Сонда ғана өлең –өнерге, ал өнер – өмірге айналып шыға келеді. Егер осы қағидаға сүйенсек, Қасымхан Бегманов – өлеңін өмірге, өмірін өлеңге айналдырған ақын. Біздің бұлайша байлам жасауымызға ел назарына ұсынылып отырған ақынның «Құланиек, құба таң» жинағы дәлел бола алады. Ол кітаптың өн бойынан қаламгердің өмірі мен өнерін, бітімі мен болмысын, мақсаты мен мұратын, парасаты мен пайымын, лебізі мен ниетін, азаматтық үнін, тіпті талабы мен талантын танисың. Сырына сенесің, жырына ұйыйсың. Ақынның құдіреті де, қадірі де сонда болса керек. Оның төменде берілген «Арман» атты өлеңін оқып көрейікші:
Балалыққа бұрылып, қайтып кеткім келеді,
Кеудемдегі зарымды айтып кеткім келеді.
Жалаңаяқ алаңсыз ойнап кеткім келеді,
Барлық тойын дүниенің тойлап кеткім келеді.
Баяғыдай қайтадан ғашық болғым келеді,
Асау өзен секілді тасып-толғым келеді.
Адамзатқа жақсылық жасап кеткім келеді,
Өлмейтұғын өлең сөз қашап кеткім келеді.
Ақ үмітін елімнің ақтап кеткім келеді.
Ата-баба дәстүрін сақтап кеткім келеді.
Бойымдағы барымды беріп кеткім келеді,
Қазағымның бақытын көріп кеткім келеді.
Міне, бұл – ақынның арманы. Бірақ біз мұны ақынның ғана емес, адамзаттың арманы десек, әсте қателесе қоймаспыз. Өйткені шығарманың мақсаты – жалқыны жалпыға айналдыру емес пе?! Осы тұрғыдан келгенде туындының талғамы зор оқырманға берер тәлім-тәрбиесі зор.
Поэтикалық рух – поэзияға тән құдірет! Сондықтан да поэзияның күш-қуаты арта түседі. Соның арқасында өзге жанрларға қарағанда бәсі – жоғары, мысы – басым.
Дүние қызыл-жасылды,
Сан ұрпақ саған бас ұрды.
Толқын да толқын қазақтың,
Топырақ жүзiн жасырды.
Өткiзiп қилы ғасырды,
Ырысым жатқа шашылды.
Тау менен тасқа соқтым мен,
Халқым деп ғазиз басымды.
Ноғайлы болып аңырадым,
Отырар болып қаңырадым.
Ақтабан болып шұбырып,
Далада қалды саңлағым.
Семей де болып сенделдiм,
Ертiс те болып емделдiм.
Қасiретiңмен қайысып,
Қызығыңды кем көрдiм.
Нарын да болып ұлыдым,
Арал да болып құрыдым.
Желтоқсан болып борадым,
Лақтырып тағдыр құрығын.
Төрi ме деп жұмақтың,
Дүние, сенi ұнаттым.
Асанқайғыны зарлатып,
Ясауиды жылаттың.
Кесiле жаздап тiлiм де,
Үзiле жаздап дiлiм де.
Қиямет-қайым жолдармен,
Тұралап жеттiм бүгiнге.
Тағдырдың шәлкес сұрағы,
Көңiлде күй боп тұр әлi.
Бөлiнiп қалған даламнан,
Бейiттер үнсiз жылады.
Дүние-ай, сенi нетермiн,
Көз жұмар мәңгi жетер күн.
Сайын да сайын даламды,
Кiмдерге тастап кетермiн.
Жүрегiн жаудың қақ тiлген,
Алшайтып тұрып ат мiнген.
Қазақ деп мұңға баттым мен,
Қазақ деп жылап жаттым мен.
Міне, бұл өлең – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. Поэтикалық рух дегеніміз – осы! Поэзияның құдіреті де, күш-қуаты да туындының өн бойында тұр. Қазақтың бүкіл қайғы-қасіреті, мұң-шері, замана зары осы он шумақ өлеңде айтылған.
Кез келген қаламгердің бойы мен ойында һәм туындысында ақындық әрі азаматтық үн болуы тиіс. Алдаспандай жарқылдаған ақиқат та айтылғаны абзал. Онсыз қаламгер ақын да, жазушы да бола алмайды. Шығармасы шығарма болып жарытпайды. Ал ондай туындыны ойлы оқырман оқымайтыны анық.
Желтоқсан анау қазақтың қаны шашылған,
Жаңаөзен мынау теңіздей толқып басылған.
Тәуелсіз елім жиырма жылыңда осынау,
Өтпеді нелер, өтпеді нелер басыңнан.
Немесе:
Ойсыз жолды о бастан-ақ қумадым,
Сәл сүрінсем, жан-жағымнан шуладың.
Бақытты іздеп, жанталасып нем бар, ей,
Бақыт деген – қазақ болып туғаным.
Ол аз болса:
Өткен күндер көз алдымда көлбеген,
Сағыныштың саздарымен тербеген.
Пәтеріңді, қызметіңді неғылам,
Қасым менен Жұматайға бермеген.
Құлазумен Кеңсай жаққа қарадым,
Іздегенмен таппай өтіп барамын.
Ұлт бақытын таба алмадым шарқ ұрып,
Бәлкім, түбі, сен табарсың, қарағым, –
дей келіп, келесі өлеңінде:
Жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, мынау сорлы халықтың,
Миллиондардың ортасында жалғыздықтан жабықтым, –
деп ой түйеді.
Бұл шығармалардың барлығында жоғарыда біз айтқан ақындық та, азаматтық та үн бар. Шыңыраудан шыққан шындық та естіледі. Оқырманға ой тастайды, жігер береді, қажет болса, рухтандырады. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге де болады.
Қасымхан Бегманов – тарлан да тарпаң ақын. Оған «Құланиек, құба таң» жинағына енген «Алашорда аманаты» поэмасын, «Шерлі Түркістан» дастанын, «Менің Мұстафам» тарихи монодрамасын, «Ер Төстік» поэтикалық драмасын оқыған соң көз жеткізесіз. Бұл шығармалардың бәрі терең талдап-таразылауды талап етеді. Сондықтан ол туындыларды зерттеп-зерделеуге көлемді ғылыми еңбек арнау қажет. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» деген сөз бар дана халқымызда. Қаламгердің қарымы мен ақындық қуатын жоғарыда біз талдаған туындылардан-ақ бағамдап-бағалауға болады.
Бақытсызбын, ере көрме, қал еркем,
Үмітім бар жетер деген ел ертең.
Халқым кешке бақытты боп көз ілсе,
Бақытты боп оянамын таңертең, –
деп ағынан жарылады жүрегі ел деп соққан ақын. Несі бар, дүйім халық, мұқым ел қолдап-қуаттап, тиісті дәрежеде марапаттап жатса, бақытты боп оянатын күн де алыс емес.
Бұдан бөлек, автордың 2010 жылы «Этнографпен әңгіме» атты зерттеуші-ғалым, абыз Жағда Бабалықұлымен болған сыр-сұхбаты кітап боп шықты. Бұл басылымнан қазақ халқының есте жоқ ескі заманынан бері ұстанып келе жатқан салт-санасы, әдет-ғұрпы, тілі мен ділі, әдебиеті мен мәдениеті, жеті атасы мен жеті қазынасы, ескі һәм есті сөздері, ұлттық киімі мен дәстүрі, ырым мен тыйым түрлері, төрт түлік малдары, түс жору және жыл қайыруы, қысқасы, халқымыздың бітім мен болмысы, арғы-бергі тарихы һәм құндылықтары туралы тың мәліметтер, нақты да анық ақпараттар алуға болады. Кітап сонысымен құнды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, «Этнографпен әңгіме» сыр-сұхбат жинағы – қазақ халқының өмірі мен өнері туралы энциклопедия деуге негіз бар.
«Қасымханның «Этнографпен әңгімесінде» қазақтың даналығы да айқұлақтанып көрініп тұрған жоқ па?! Қ.Бегманов осыншама мол қазынаны Жағда Бабалықұлының аузынан жазып алмаса, ұлттық ой-жүйеміз дәп бүгінгі деңгейінен орталау түсіп, таязданып, тартылып жатпас па еді?! Ол өлең жазбаса да, осысымен-ақ Алашының алтын шежіресінде қалатын еді! Қашан да, қандай ұлт болса да осы Қасымхан сынды жанкештілермен мықты болған», – деп біздің жоғары айтқан пікірімізді жандандыра түседі қазақтың ақиық ақыны Серік Ақсұңқарұлы.
Ал енді, осындай тарихи туындыны жазу һәм тасқа басу – қаншама қажыр-қайратты, алтын уақытты, ерен еңбекті талап етеді. Бұл – кез келген қаламгердің қолынан келе бермейтін ізгі іс, қыруар шаруа. Осы кітаптың жазылу тарихына зер сала қарасақ, автордың бір-екі жыл уақыты кетіпті. Бұл сұхбаттар дер кезінде «Ана тілі» газеті мен «Дәстүр» журналында жарияланып тұрған. Сөйтіп, 2010 жылы «Этнографпен әңгіме» деген атпен тасқа басылды. Дүйім халық, мұқым ел іздеп жүріп оқыды. Қазақ халқының қажетіне жарады.
«Еліміздің ұйытқысы – əдет-ғұрпымыз» деген екен халқымыздың көрнекті жазушысы Ғабит Мүсірепов. Сол айтқандай, «Этнографпен әңгіме» кітабы – ел ұйытқысы болуға сұранып тұрған кітап. Олай болса, авторға осы еңбегі үшін мемлекеттік сыйлықты берсе де болар еді.
«Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі – қайырымды ісі. Екіншісі – мейірімге толы сөзі» дейді Жүсіп Баласағұн. Сол айтқандай, Қасымхан Сейітханұлының халқына жасап жүрген қайырымды істері баршылық. Солардың бірі де бірегейі – Алаш арысы Мұстафа Шоқайдың ізімен жүріп өтуді ел көлемінде ұйымдастырып, соған мұрындық болуы. Бұл сауапты істі жүзеге асыру да оңайға түспегені анық. Қаншама күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер өтті?! Қаншама табан тозып, маңдай тер төгілді?! Қаржы-қаражат табу үшін қаншама емен есіктің қағылғаны бір Аллаға ғана аян. Ұлы сапар қайраткердің туған жері Наршоқыдан бастау алып, білім алып, қызмет атқарған Қызылорда, Ташкент, Самарқан, Қоқан, Ферғана, Санкт-Петербор, Баку, Батуми, Ыстамбұл, Париж, Шелл, Ножан-Сур-Марн, Фонтанблю, Берлин қаласында аяқталды. Ең бастысы, бұл ерен еңбектің нәтижесін мұқым ел көрді. Бұл сөзімізге ұлт көсемі Мұстафа Шоқай туралы екі томдық кітап һәм төрт сериялы деректі фильмнің шыққаны дәлел бола алады.
«Мұстафа Шоқайдың әр ізі қасиетті. Сондықтан біз оның өмір жолын, қызметін жете білуге тиіспіз. Мен Қасымхан Бегмановты бұрыннан жақсы білемін. Бұл фильмді кәсіби режиссер емес, арманшыл ақынның түсіргені дұрыс болды. Еңбек шынайы көңілмен, еркін, кең пішіп суреттелген фильм болып шыққан», – дейді Қазақстанның халық жазушысы Қабдеш Жұмаділов. Қара қылды қақ жара сөйлейтін қабырғалы қаламгер мұндай марапататты кез келген тұлғаға айта бермейтіні айдан анық. Өйткені ол жағымпаздардың сойынан емес. Әрбір сөзін саралап һәм салмақтап барып айтатын аузы дуалы абыз. Ендеше, ол кісінің парасатты пайымын қолдап-қуаттағанымыз абзал.
Жоғарыда айтылған екі тұлғаның жүрекжарды лебіздерінен ұлт үшін қандай ұлы істің жасалғанын бағамдай беруге болады. Ақынның өзі осы ізгі істері туралы жырлай келе:
Шын сүйді ғой сүйгенін жазсын деген шығарсың,
Шоқай жолын екшелеп қазсын деген шығарсың.
Жағда шалмен сырласып қалсын деген шығарсың,
Сыбағасын өмірден алсын деген шығарсың, –
деп ой қорытады. Бұл өзінің ақындық та, азаматтық та парызы екенін жете сезінеді. Соған елді де сендіреді.
«Жақсы ой мен жақсы сөз – жақсы істерге жетелейді» дейді ұлт ұстазы Ыбырай Алтынсарин. Расында, Қасымхан Бегмановты жақсы істерге жетелеп жүрген осы жақсы қасиеттері шығар.
Дәуiрлер жайлы толғай да, толғай толғаған,
Заманалардан ұрпаққа жырын жолдаған.
Қасқа жол салған, басқа жол салған қашанда,
Қазақта бiздiң Қасымдар осал болмаған, –
дейді Қасымхан Бегманов өзінің «Ақын зиратындағы ой» атты толғауында. Иә, бұл да Алла аузына салған сөз шығар. Расында, қазақта Қасымдардың осалы жоқ.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Қасымхан Бегмановтың «Құланиек, құба таң» жинағы – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа лайық шығарма!
Ермахан Шайхыұлы
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты