Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:47, 15 Сәуір 2025

Олигархтар Қазақстан экономикасына 10,5 млрд доллар инвестиция салуға міндеттелді

доллар
Фото: 24.kz

Қазақстан үкіметі заңсыз жолмен алынған активтерді мемлекетке қайтару бойынша жұмысын жалғастыруда. Аталған заң аясында бірқатар тұлғалар бюджетке қаражат қайтаруға және ел экономикасына инвестиция салуға келісім берді.

Астанада премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен активтерді қайтару жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында заң аясында бұрынғы актив иелері қайтарған және алдағы уақытта қайтаруға тиіс сомалар аталды.

«Комиссия мемлекетке заңсыз жолмен алынған активтерді ерікті түрде қайтару туралы бірнеше келісімді мақұлдады. Арнайы мемлекеттік қорға қосымша шамамен 150 млрд теңге аударылмақ. Бұдан бөлек, заң субъектілері Қазақстан экономикасына 10,5 миллиард доллар көлемінде инвестиция салуға міндеттеме алды», — делінген үкіметтің хабарламасында.

Жалпы қайтарылған активтердің көлемі шамамен 610 млрд теңгені құрайды. Оның 506 миллиарды — ақша түрінде, қалған 103 миллиарды — мүлік түрінде қайтарылған. Бұл қаражат қайда бағытталғаны да айтылды.

«Арнайы мемлекеттік қор есебінен білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамту және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту салаларында 280 әлеуметтік нысанды жүзеге асыруға қаржы бөлінді», — деп мәлімдеді үкімет.

Сондай-ақ, осы күні Қайтарылған активтерді басқару компаниясы олигархтардан тәркіленген 300 миллион теңгеден астам сомаға бағаланған әшекейлерді аукционға шығарғаны белгілі болды.

Тегтер: