Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов 20 тәулікке қамалды
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты әлем чемпионы әрі Олимпиада жеңімпазы Данияр Елеусіновті мас күйінде көлік басқарғаны үшін кінәлі деп таныды.
Сот шешімімен спортшыға 20 тәулікке әкімшілік қамау жазасы тағайындалып, жеті жыл мерзімге көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Іс материалдарына сәйкес, Данияр Елеусінов үш жол-көлік оқиғасына себепкер болған. Алдымен ол жерасты автотұрағындағы қақпа тіреуіне соғылған. Кейін тағы екі автокөлікпен соқтығысқан. Соққының салдарынан Kia Sportage көлігі Toyota Hilux автокөлігіне соғылып, жол апатына қатысқан көліктің барлығы механикалық зақым алған.
Сот барысында спортшының кінәсі медициналық куәландыру қорытындысымен, оқиға орнындағы бейнежазбалармен және жол-көлік оқиғаларының сызбаларымен дәлелденді. Сараптама оның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғанын көрсеткен.
Сот Данияр Елеусіновтің әрекетін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 3-бөлігі бойынша саралады.