Омурбек Бабанов Қырғызстан президенттігіне үміткер болмайтынын мәлімдеді
Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі, кәсіпкер Омурбек Бабанов 2027 жылы өтетін президент сайлауына қатыспайтынын мәлімдеді.
Бұл туралы ол Reporter.kg журналисінің сұрағына жауап берген кезде айтты.
Бабанов өзінің саяси мансабын аяқтағанын және қазір тек бизнеспен айналысатынын жеткізді.
Омурбек Бабанов Қырғызстан парламенті – Жогорку Кенештің үш шақырылымының депутаты болған. Ол «Республика» партиясының негізін қалаған. 2011-2012 жылдары Қырғызстан премьер-министрі қызметін атқарса, 2009 жылы Құрманбек Бакиев президент болып тұрған тұста вице-премьер қызметінде болған.
2017 жылғы президент сайлауында Бабанов Сооронбай Жээнбековтің басты қарсыласы саналып, екінші орын алды. Сайлаудан кейін елден кетіп, 2018 жылы үлкен саясаттан кететінін жариялаған.
Бұған дейін Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы басшысы Қамчыбек Ташиев те 2027 жылғы президент сайлауына қатыспайтынын мәлімдеген.
2026 жылдың ақпанына дейін президент Садыр Жапаровпен бірге биліктегі негізгі тұлғалардың бірі болған Ташиев шілдеде «билікті күшпен басып алуға әрекет жасады» деген іс бойынша сотталды. Сот оны мүлкін тәркілей отырып төрт жылға бас бостандығынан айырған, сонымен қатар пробациялық бақылау қолданған.
Қырғызстан заңнамасына сәйкес, соттылығы өтелмеген немесе алынбаған азамат президенттікке кандидат ретінде тіркеле алмайды.
Қырғызстандағы кезекті президент сайлауы 2027 жылғы 27 қаңтарда өтуге тиіс. Қазіргі президент Садыр Жапаров бұған дейін сайлауға қатысатынын мәлімдеген.