Оңтүстік Корея КХДР-мен келіссөз жүргізуге дайын
Оңтүстік Корея президенті Ли Чжэ Мён Солтүстік Кореямен келіссөз бастауға дайын екенін мәлімдеді.
Ол диалогтың түпкі мақсаты бейбіт келісім жасасу және 1950–1953 жылдардағы Корей соғысын ресми түрде аяқтау болуы керек екенін айтты.
Корей түбегіндегі соғыс қимылдары бейбіт келісіммен емес, бітім туралы келісіммен тоқтаған. Сондықтан екі тарап арасындағы соғыс жағдайы формалды түрде әлі күнге дейін аяқталған жоқ.
Шығыстанушы Андрей Ланьковтың пікірінше, Сеулдің бұл мәлімдемесі жақын арада нақты келіссөздерге ұласа қоюы екіталай. Оның бағалауынша, қазіргі уақытта КХДР билігі Оңтүстік Кореямен диалог жүргізуге мүдделі емес.
Сарапшы қазіргі Сеул әкімшілігі дәстүрлі түрде Пхеньянмен келіссөз жүргізуді қолдайтын және КХДР-ға қатысты жұмсақ саясатты жақтайтын солшыл ұлтшыл күштердің өкілі екенін атап өтті. Ланьковтың айтуынша, бұған дейінгі кейбір кезеңдерде Оңтүстік Корея Солтүстікке экономикалық көмек көрсететін негізгі елдердің бірі болған.
Алайда қазір жағдай өзгерген. Оңтүстік Корея БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерімен енгізілген халықаралық санкцияларды сақтауға міндетті. Сондықтан Сеул КХДР-ға бұрынғыдай ауқымды экономикалық қолдау көрсете алмайды.
Бұған қоса, Ланьковтың пікірінше, Пхеньян үшін Қытаймен және әсіресе Ресеймен қарым-қатынас әлдеқайда маңызды бола түсті. Бұл байланыстар Солтүстік Кореяға саяси тұрғыдан Сеулдің көмегіне қарағанда қолайлы сыртқы қолдау береді.
«Мұндай жағдайда Пхеньянның келіссөз бастауына ешқандай себеп жоқ», – дейді сарапшы.
Соған қарамастан, Ланьков Оңтүстік Корея президентінің мәлімдемесінің саяси маңызы бар екенін айтады. Өйткені сөз тек екіжақты байланысты қайта жандандыру туралы емес, ықтимал бейбіт келісім жөнінде болып отыр. Бұл Сеулдің КХДР-мен қарым-қатынасты екі бөлек егемен мемлекет форматында талқылауға дайын екенін жанама түрде білдіруі мүмкін.
Мұндай тәсіл бұрынғы ұстанымнан ерекшеленеді. Бұған дейін екі тарап та ресми түрде бүкіл Корей түбегінің атынан өкілдік етуге таласып келген.
Ланьковтың пікірінше, Сеулдің бұл сигналының өзі маңызды. Ол қазіргі Оңтүстік Корея әкімшілігінің бүгінгі геосаяси жағдайда мүмкіндігінше Солтүстікпен арадағы қарым-қатынасты тұрақтандыруға ұмтылатынын көрсетеді.
Осылайша, Ли Чжэ Мённың мәлімдемесі келіссөздер жуық арада басталады дегенді білдірмейді. Дегенмен Сеулдің дипломатиялық күн тәртібіне қайта оралып, Корей түбегіндегі жанжалды ұзақ мерзімді реттеу мәселесін талқылауға дайын екенін аңғартады.