Оңтүстік Кореяның бұрынғы әділет министрі 25 жылға сотталды
Оңтүстік Кореяның бұрынғы әділет министрі Пак Сон Чжэ 2024 жылғы 3 желтоқсандағы оқиғаларға қатысқаны және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін 25 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.
Сеул орталық аудандық соты арнайы прокуратураның айыптауларын қанағаттандырды. Тергеу мәліметінше, бұрынғы президент Юн Сок Ёль әскери жағдай жариялағаннан кейін Пак Сон Чжэ Әділет министрлігінің жоғары лауазымды қызметкерлерінің қатысуымен арнайы кеңес өткізген.
Арнайы прокуратураның дерегінше, сол жиында Юн Сок Ёльдің бұйрығымен қамауға алынуы тиіс саясаткерлерді қайда ұстау мәселесі талқыланған.
Сот осы дәлелдерді негізге алып, Пак Сон Чжэні бүлікке қатысу және қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану баптары бойынша кінәлі деп таныды.
«Айыпталушы бүліктің сәтті аяқталуы мүмкін деп есептеп, оған қатысуды жөн көрді және Конституцияны қорғау жөніндегі міндетінен бас тартты», – делінген сот үкімінде.