Оралда ветстанцияның бас бухгалтері 106 млн теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін жеті жылға сотталды
Орал қаласында ветеринариялық станцияның бас бухгалтері бюджет қаражатын жымқырып, оны құмар ойындар мен букмекерлік кеңселерге жұмсағаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды.
Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Казталов аудандық соты аса ірі көлемде келтірілген және өтелмеген залалды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысының мән-жайын ескере отырып, сотталушыны жеті жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Сот үкіміне сәйкес, қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленіп, сотталушы өмір бойына мемлекеттік қызметте, судья лауазымында, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Ұлттық банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды.
Сонымен қатар сот мемлекет пайдасына 105 млн 736 мың 100 теңге көлеміндегі азаматтық талап-арызды қанағаттандырды.
Тергеу мәліметінше, Батыс Қазақстан облысы әкімдігі Ветеринария басқармасына қарасты Казталов аудандық ветеринариялық станциясының бас бухгалтері сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп, ысырап етті деген айыппен (Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы) жауапқа тартылған.
Соттың хабарлауынша, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілген тұлға бола отырып, ол қызметтік өкілеттігін пайдаланып, 2021–2025 жылдар аралығында өз атына жалақы, сауықтыру жәрдемақысы және іссапар шығындары ретінде бюджет қаражатын заңсыз әрі артық мөлшерде аударып отырған.
Осылайша ол 106 млн 647 мың 70 теңгені жымқырып, қаржыны жеке мақсаттарына, атап айтқанда құмар ойындар мен букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсаған.
Мемлекеттік айыптаушы соттан сотталушыны мүлкін тәркілей отырып, сегіз жылға бас бостандығынан айыруды және өмір бойына белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыруды сұраған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындады.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.