Orda.kz 1 қыркүйектен бастап жұмысын тоқтатады
Қазақстандық танымал медиажобалардың бірі Orda.kz 1 қыркүйектен бастап жұмысын тоқтататынын хабарлады. Басылымның әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған мәлімдемеге сәйкес, мұндай шешімді «Ordamedia.kz» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі бірінші басшысы Мақсат Ғаниев қабылдаған.
Редакцияның хабарлауынша, жобаның жабылуына қаржылық жағдай себеп болған. Басылым өз кірісі редакцияның толық жұмысын қамтамасыз етуге жеткіліксіз екенін атап өтті.
Orda.kz сайтында және оның әлеуметтік желідегі парақшаларында Қазақстан мен әлемдегі өзекті тақырыптар туралы жаңалықтар, журналистік зерттеулер, репортаждар мен сұхбаттар жарияланып келген. Telegram арнасындағы оқырмандар саны шамамен 135 мың.
Бұған дейін басылымның бұрынғы бас редакторы Гүлнәр Бажкенова бірнеше бап бойынша, соның ішінде көрінеу жалған ақпарат таратуға қатысты баппен кінәлі деп танылып, 8 жылға сотталған. Журналист тағылған айыптармен келіспейді. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.