Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 30 Желтоқсан 2023

"Өтірікші әкімдер, еріп кеткен қалашық". Биыл жаңа жылға қай қала қанша жұмсады?

жаңа жыл
Фото: kursiv.media

Санаулы күндерден соң жаңа жыл кіріп келеді. Бұл уақытта әкімдер жаңа жыл безендіруі деп шабылып, шала бүлінетіні бар. 

Биыл да бұл «дәстүр» жүрісінен жаңылмады. Жыл сайын ірі қалаларға осы үшін миллиондаған қаржы бөлінеді. Биылғы сома тіпті көп. Мереке үшін Астана қаласы 823 млн теңге, ал, Алматы жарты миллиардты безендіруге жұмсады. Jas Alash биыл қалалардың жаңа жылға қанша қаржы жұмсағанын анықтап көрді.

Астана шырша
Фото: Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Астана 823-825 млн теңге

Тізімді елордадан бастайық. Жаңа жыл безендіруі басталарда бас қаламыздың дайындалуына 2,6 млрд теңге бөлінеді деген хабар тарады. Кейіннен қала тұрғындары әкімнен жаңа жыл безендіруіне жұмсалған қаржының есебін беруді талап етті. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек елорданы қысқы безендіруге әкімдік қанша қаражат жұмсағанын айтты. Оның айтуынша, мұз айдындары мен безендіру жұмыстарына 825 миллион теңге жұмсалған.

Өтірікші әкім мен су боп аққан халықтың ақшасы

Алматы – 512 млн

Жаңа жыл қарсаңында Алматыда шақырымға созылған гирляндалар мен 60-тан астам жасанды ағаштар пайда болады. Бұған мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлінді. Алматы қаласының мәдениет басқармасының мәліметінше, биыл оңтүстік астанаға жаңа жылдағы безендіруге 512 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Басқарма әр ауданды жобалауға қалалық бюджеттен орта есеппен 60 миллион теңге бөлінгенін хабарлады.

«Конкурстық негізде өткізілген мемлекеттік сатып алудың қорытындысы бойынша шығыстың жалпы сомасы ҚҚС-ты есепке алғанда 511 762 709 теңгені құрайды», - делінген хабарламада.

Салыстыру үшін айтатын болсақ, 2020 жылы оңтүстік астананы безендіруге 359,5 миллион теңге, ал 2022 жылы 598,6 миллион теңге жұмсалған.

Бірақ Factcheck.kz редакциясы қаланы көріктендіру үшін қомақты қаржы жұмсаудан аты шыққан Алматы әкімдігінің жаңа жылдық безендіруге қанша ақша жұмсағанын анықтапты. Олардың жазуынша, биыл әкімдік қаланы жаңа жылға дайындау үшін өздері айтқандай 512 млн емес, 714 млн бөлген.

мұз
Фото: ашық дереккөз

Павлодар– 105 млн теңге

Павлодарда қала әкімдігі «мұз қалашық саламыз, оған жергілікті бюджеттен 52 млн теңге бөлінеді» дегеннен-ақ алдағы уақытта күннің жылынып кететінін айтып, белсенділер қарсы шықты. Қала әкімі Хасар Хабылбеков бұған дейін жергілікті жұртшылықпен ақылдасып, кеңескен екен. Бірақ әкімнің шыршаға 52 миллион теңге, мұз қалашыққа 53 миллион теңге жұмсау туралы ұсынысына жұртшылық өкілдері келіспеген. Бірақ қыңыр әкім, бәрібір өз дегенінен қайтпаған. Нәтижесінде мұз қалашық салынды. Жұрт айтқандай, күн шынымен де күрт жылынып, қалашық еріп кетті. Оған жауапты әкімдік «2-3 пайызы ғана еріді, күн суытса қайта қалпына келтіреміз» деп жуып-шайғандай болды.

Сасқан үйрек артымен сүңгиді дегендей әкімдік мұз қалашыққа 52 млн жұмсалды десе, ТҮКШ бөлімі 53 млн жұмсалды деп екеуі екі түрлі ақпарат берген. Бірақ екеуінің де жалған мәлімет бергені кейіннен анықталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қатысты жеке зерттеу жүргізіп жүрген республикалық қоғамдық бірлестігінің аймақтағы өкілдігі конкурстық талаптардан бастап, жобалық-сметалық құжаттарына дейін тексерген. Нәтижесінде мұз қалашыққа 60 млн теңге жұмсалған болып шыққан.

Тараз – 7 млн 246 мың

Тараз қаласында Жаңа жыл мерекесіне дайындық қызу жүрген. Айталық, биыл мерекеге орай облыс орталығында екі шыршаның шамы жанған. Бірі ҚР Тұңғыш Президенті саябағына, екіншісі «Көне Тараз» этно-мәдени кешеніне орнатылған. Бірақ Тараз өткен жылы орнатылған шыршаларды қайта қолдануды мақсат тұтыпты. Яғни, биыл жаңа жылға шырша сатып алынбаған. Сондай-ақ, өткен жылдан қалған безендіру заттары, арнайы шамдар биыл да қала көшелерін безендіруге пайдаланылған.

Жалпы, 2023 жылы қала көшелерін жаңажылдық безендіруге 7 миллион 246 мың теңге бөлінген. Оның ішінде шырша орнатылатын аумақтарды безендіруге 5 миллион теңге, арнайы фотоаймақтарды ұйымдастыруға 2 миллион 246 мың теңге.

Қызылорда – 13 млн теңге

Биыл Қызылордада қала әкімдігінің алдына шырша орнатылды. Жаңа жылдық мерекелердің басты атрибутын орнату және безендіруге қалалық бюджеттен 13 миллион теңге бөлінді. Қалған безендіру демеушілер есебіне жасалған.

Ақтау – 30 млн теңге

Ақтау әкімдігі биыл қаланы жаңа жылдық безендіруге 30 миллион теңге жұмсады. Жергілікті халық бұған наразы екенін БАҚ арқылы жеткізді.

Атырау – 19 млн теңге

Атырауда отшашуды есептемегенде, орталық шырша орнатуға жергілікті бюджеттен 19 миллион теңге бөлінген.

Орал – 7 млн теңге

Оралда жаңа жылды тойлауға 7 миллион теңге жұмсалады. Әкімдіктің баспасөз қызметі бүгінге дейін Тәуелсіздік күніне орай көптеген мәдени және спорттық шаралар өткізілгенін хабарлады. Мерекеге бір миллион теңге жұмсалады. Бірақ жаңа жылдық мерекелерге дайындық үшін қала бюджетінен 7 миллион теңге бөлінген. Бұл жаңа әшекейлерді сатып алуды қамтымайды, Орал да былтырғы әшекейлерді пайдаланған.

Қарағанды – 11 млн теңге

Қарағандыда жаңа жылдағы безендіруге 7,8 миллион теңгеге шырша, 1,75 миллионға пластикалық Аяз ата, 1,5 миллион теңгеге Ақшақар орнатқан.

Көкшетау – 45 млн теңге

Көкшетау биылд да жүрісінен жаңылмады. Жаңа жылға былтыр жергілікті бюджеттен 44 млн бөлінсе, биылғы мерекеге 45 млн теңге жұмсаған.

Қала әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа жыл мерекесіне орай қаланы безендіру үшін «Көкше тазалық» ЖШС мердігер ұйымымен 45 млн теңгеге мемлекеттік сатып алу шарты жасалған.

Осы шарт негізінде облыс орталығындағы Абылай хан алаңында мұз қалашығы салынған, оның биіктігі – 22 метр. Жаңа жылдың басты шыршасы орнатылып, түрлі түсті жарықдиотты шамдармен және әшекей бұйымдармен безендірілген.

«Мұз қалашығын пайдалану кезінде оны күтіп ұстау, кейін болған соң бөлшектеп жинастыру көзделген. Мерекелік іс-шараларға арналған шығыстарды қысқарту мақсатында бұрын белгіленген және жарамды күйде тұрған безендіру элементтерін пайдаландық», деп жазды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Семей – 10 млн

Семей қаласы биыл 19 метрлік шырша құрған. Әкімдіктегілер бас шыршаны безендіруге бюджеттен қаражат бөлінбегенін айтады. Бірақ облыс орталығында жарық инсталляциялары, гирляндалар орнату сияқты мерекелік безендіру жұмыстары жүргізілген. Осы мақсатқа қала бюджетінен 10 миллион теңге бөлінген.

шырша
Фото: Олеся Жуковень / Kazinform

Ақшаны желге шашқысы келмейтін әкімдер

Түркістан – 0 теңге

Түркістан басқа облысы басқа аймақтардан үлгі алған болуы керек биыл жаңа жылға әкімдік тарапынан ақша бөлмепті. Бірақ Әкімшілік-іскерлік орталығында бас шырша құрылған. Оның биіктігі 22 метр. Бұдан бөлек, биыл шырша қаладағы рухани-мәдени орталығы аумағында және Жеңіс саябағында құрылған.

"Биылғы жаңа жылға бюджеттен қаржы қарастырылмаған. Былтырғы бұйымдар биыл да қолданылды. Сынған жерлері жөнделді", - дейді қала әкімдігінің өкілі Мейрамбек Момбеков.

Ақтөбе – 0 теңге

Ақтөбеде жаңа жылға бюджеттен ақша бөлмеу 2016 жылдан бері жалғасып келеді. Биыл да бұл үрдісінен жаңылмай, әкімдік бір тиын шығармаған. Қала әкімдігі барлық әшекейлер мен шыршалардың былтырғысын қоймадан алып орнатылатынын, жаңалары болмайтынын, бірақ кәсіпкерлер қаланы өздері безендіре алатынын алдын ала хабарлады.

Петропавл – 0 теңге

Петропавлда қаланы жаңа жылдық безендіруге бюджеттен ақша бөлінбейді. Бұл туралы қала әкімі Серік Мұхамедиев алдын ала мәлімдеген.

Әкім қазір қаржы басқа да маңызды нәрселерге жұмсалатынын айтқан. Сондықтан, қала мерекелік шараға дайындалатын болса, оның бәрі демеушілер тарапынан жүзеге асырылады.

«Биыл біз қаладағы көлге назар аударып, ол жерде сырғанақ, лабиринттер жасағымыз келеді. Кәсіпкерлерді ғимараттардың қасбеттерін мерекеге орай безендіруге шақырамыз», - деді әкім.

Петропавл қала бюджетінен жаңа жылға ақша бөлуді сонау 2017 жылы тоқтатқан. Сол кезде мұз қалашық салуға 73 миллион теңге бөлінген.

Тегтер: