Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:04, 22 Ақпан 2024

Өзгелердің аузынан мақтау естуге әуеспіз

Роман Бұрқаш
Фото: из открытых источников

Бұрын бодан болған, қазір өз билігіне наразы, дамымаған қоғамның іштей комплексі болады. Мысалы, біз кезінде Еуропаны бағындырғанбыз, Ресейді жеңгенбіз немесе Үндістанға барғанбыз деген сияқты көңіл күй. Бұл жайлы көптен бері айтылып та жүр.

Ал мұндай комплексі жоқ қоғамда өзге елдегі тұлғаны иемденіп алу былай тұрсын, бір-бірінің танымал тұлғасы жайлы фильм түсіріп жатады. Мысалы, «Храброе сердце» деген фильм бар. Шотландияның оқиғасын түсірген режиссер шотландиялық емес, оның үстіне картина АҚШ-тың голливуд киностудиясында түсірілген. Кинодан кейбір қателіктер де байқалады. Бірақ оған бола шотландиялықтар біздің батырымызды голливуд иемденіп алды немесе дұрыс түсірмеді деп дау шығармайды.

«Ұлы тұлғалар ұлт деңгейінен биік тұрады» деген сөз бар. Тарихта орны бар ұлы тұлға бір ұлттың меншігі емес, түбі адамзатқа ортақ тұлғаға айналады. Сондықтан алдағы уақытта мұсылмандар жайлы, Мұхаммед пайғамбар туралы еуропалықтар фильм түсіруі мүмкін. Сонда ол мұсылмандардың пайғамбары, ол жайлы біз түсіруіміз керек деп айтпауымыз қажет. Сол сияқты Махатма Ганди туралы Батыс жұрты кино түсірсе, үндістандықтар таласпауы керек.

Біз мұндайды көбіне саясатқа айналдырып жібереміз, біздің сондай бір ұлт, ру шеңберінде қалып қалған түсінігіміз бар. Оның бәрінен саяси астар іздеу қоғамның дерті деп санаймын. Жалаңтөс батырды «қызғануымыз» да осының бір көрінісі. Егер өзбектердің Жалаңтөс жайлы фильм түсіргенінен шабыт алып, сол бізге мотивация болып, біз де сол сияқты тамаша фильм түсіріп жатсақ, ол жақсы болар еді. Ал өзбектер түсірген фильмге байкот жариялап, оны көрмей жүрсек, ол орынсыз әрекет.

Кезінде араб елдері Бейбарыс жайлы сериялдар түсіріп тастаған. Мақтану керек болса, осы тұрғыдан мақтанған жөн шығар. Біздің тұлғаларды әлем танып, мойындап жатса, соны айтуымыз қажет. Ал әдеби шығарма, фильм сияқты рухани құндылықтар бәріне ортақ дүние.

Шетелде жүрген, Қазақстанда тумаған, бірақ әкесі не шешесі жағынан Қазақстанға бір қатысы бар адамды сырттай иемдену – дарақылау, мақтаныштың бір түрі деп ойлаймын. Кез келген жақсы дүниені өзіне иемденгісі келіп тұратын даңғойлау мақтансүйер мінезіміз бар. «Абайдың суреті Францияның музейінен табылыпты, пәлен деген ғалым қазақ туралы бірдеңе айтыпты» деген сияқты сөздерге әуеспіз. Сырттан біреу қазақты мойындапты деп мақтануға бейім тұрамыз. Өзгелердің аузынан мақтау естуге өте әуеспіз.

Сондай-ақ біздің әніміз Батыстың әуенінен артық, домбырамызға жететін музыкалық аспап жоқ немесе қазақтың ұлттық киімі ең әдемі деген сияқты сөздер де дамымай қалған қоғамның әдеті ме деп ойлаймын. Жақында бір әнші жігіт сахнада «біздің мақсатымыз – қазақ әні батыстан артық екенін дәлелдеу» деп сөйлеп тұр. Ал батыстың бізде шаруасы жоқ, өз алдына дамып жатыр, олар қазақ бар ма, жоқ па, онда да шаруасы жоқ. Ал біз үнемі өзімізді біреумен салыстыруға әуеспіз.

Сондай-ақ Жалаңтөс жайлы айтқанда, біз жазған тарих қана дұрыс деген ойдан арылу керек. Өйткені әр елдің тарихы өзінше жазылады. Демек, Жалаңтөстің тарихы да әртүрлі пікірлерден тұрады. Біреулер ол Өзбекстанда туып-өсіп, сол жақта өмір сүрген адам дейді. Ал біз басқаша деп білеміз. Бұл да әлемдік тәжірибеде бар құбылыс. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыс біреу, бірақ оның әртүрлі елде баяндалуы әртүрлі. Сол сияқты тарихқа біздікі ғана дұрыс деп қарамау керек.

Роман Бұрқаш, мәдениеттанушы