Live

Пәкістан Ауғанстанға қайтадан шабуыл жасады

Пәкістан батыс шекарасы бойында Ауғанстан аумағына әуе соққыларын жасап, құрлықтағы әскери операция жүргізді. Ресми Исламабадтың мәліметінше, шабуылдар кезінде 29 содырдың көзі жойылған. Ал «Талибан» ондаған бейбіт тұрғынның қаза тапқанын мәлімдеді.

Ауғанстан

Пәкістанның қауіпсіздік күштері жексенбі күні Пәкістан–Ауғанстан шекарасы бойында құрлық және әуе операцияларын жүргізгенін хабарлады.

Пәкістанның ақпарат министрі Аттаулла Тарардың айтуынша, құрлықтағы операция кезінде «Жамаат-ул-Ахрар» тобына қатысы бар төрт содыр өлтірілген. Бұл ұйым Пәкістандағы «Талибан» қозғалысының бір тармағы саналады.

Сондай-ақ оның мәліметінше, Пактия, Пактика және Кунар провинцияларындағы үш нысанға жасалған әуе соққылары нәтижесінде тағы 25 содыр жойылған. Бұдан бөлек, көп көлемде қару-жарақ пен оқ-дәрі жойылғаны айтылды.

Тарардың сөзінше, бұл операциялар Пәкістан аумағында соңғы уақытта болған бірнеше лаңкестік шабуылға жауап ретінде жүргізілген.

Пәкістан армиясының сенбі күнгі мәлімдемесінде «Жамаат-ул-Ахрар» тобы Карачи қаласындағы «Синд рейнджерлері» нысанына бомба мен атыс қаруын пайдаланып шабуыл жасағаны, салдарынан үш әскери қызметкер қаза тауып, төрт адамның жараланғаны айтылған.

«Талибан»: бейбіт тұрғындар қаза тапты

Ауғанстандағы «Талибан» үкіметінің ресми өкілі Забиһулла Мужахид бұл шабуылды «қорқақ әрекет», «қылмыс» және «жауыздық» деп атады.

Оның айтуынша, шабуылдар салдарынан ондаған бейбіт тұрғын, оның ішінде әйелдер мен балалар қаза тауып, жараланған.

«Біз бұл қорқақ басқыншылық әрекетті қатаң айыптаймыз және оны қылмыс әрі қатыгездік деп есептейміз», – деді Забиһулла Мужахид.

«Талибан» өкілдері BBC-ге кемінде 100 адамның қаза тапқанын немесе жараланғанын хабарлаған. Алайда екі тарап келтірген құрбандар саны тәуелсіз дереккөздер арқылы әзірге расталған жоқ.

Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы шиеленіс

Пәкістан ұзақ уақыттан бері Ауғанстанды өз аумағында шабуыл жасайтын лаңкестерге пана беріп отыр деп айыптайды. «Талибан» билігі бұл айыптауларды жоққа шығарады.

Өз кезегінде Кабул бұған дейін Исламабадты бейбіт тұрғындардың өліміне әкелген негізсіз шабуылдар жасады деп айыптаған. Ал Пәкістан әскері тек содырларды нысанаға алғанын мәлімдейді.

Екі ел өткен жылдың қазан айында бірнеше аптаға созылған қақтығыстардан кейін атысты тоқтату туралы келісімге келген болатын. Алайда бұрынғы бітімдер сияқты бұл келісім де ұзаққа созылмады.

Екі ел билігінің мәліметінше, соңғы айларда шекарадағы қақтығыстар мен әуе шабуылдары салдарынан жүздеген адам қаза тапқан.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз