Әлеумет

Парламент «Президент туралы» заңды бекітті

Парламент жаңа Конституцияға сәйкес әзірленген «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңды екінші оқылымда қабылдады.

Парламент

Құжат Президенттің мемлекеттік биліктің барлық тармақтарының келісіп және кедергісіз жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жоғары лауазымды тұлға ретіндегі рөлін бекітеді. Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып қала береді.

Кезектен тыс сайлау институты алынып тасталуына байланысты, оны сайлау рәсімін, ант беру тәртібін және өкілеттіктерді орындау кезеңін реттейтін нормаларға нақтылау енгізілді.

Заңның негізгі нормалары Президенттің Бас Прокурорды, Конституциялық Соттың, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Орталық сайлау комиссиясының, Ұлттық Банктің төрағаларын, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді және Мемлекеттік күзет қызметінің бастығын жеке тағайындау құқығын бекітеді. Жоғары Сот Кеңесінің ұсынысы бойынша Жоғарғы Сот Төрағасын тағайындайды.

Құрылтайдың келісімі бойынша Президент Вице-Президентті, Премьер-Министрді, Конституциялық Соттың 10 судьясын, Жоғары аудиторлық палатаның 8 мүшесін, Орталық сайлау комиссиясының 6 мүшесін, сондай-ақ Жоғарғы Соттың судьяларын тағайындайды және сайлайды.

Бұдан бөлек, Заң бойынша Қазақстан Республикасының Вице-Президенті институты енгізіліп, оның құқықтық жағдайы айқындалады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Вице-Президент Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де мемлекеттік органдармен өзара іс-әрекет жасайды. Жеке бапта Президенттің Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты оның құрамын бекітуді және ұйымдық инфрақұрылымды қамтамасыз етуді қамтитын өкілеттіктері нормативтер арқылы бекітілді.

Сондай-ақ Президенттің Адам құқықтары жөніндегі уәкілге қатысты өкілеттіктерін реттейтін норма енгізіліп отыр. Мемлекеттік биліктің барлық субъектілері арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін нығайту функциялардың қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді және мемлекеттік басқарудың жеделдігін қамтамасыз етеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз