Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 28 Мамыр 2024

Патриотизмнің бастау негіздері – сенім, үміт, адалдық

Патриотизм

Француз жазушысы Ромен Роллан: «Әрбір ержүрек, шыншыл адам өз Отанына абырой әкеледі» дейді. Қай заманда да әр адамның санасындағы аса мазмұнды және құрметті мәртебеге ие ұстаным – ол отансүйгіштік, патриоттық сезім екені анық. Патриотизм турасында бұған дейін талай айтылып та, жазылып та келе жатыр.

Дегенмен осы тақырып төңірегіндегі сұрақтар әлі толастаған жоқ. Кез келген қоғамның алдында тұрған міндет – бірлік пен тұрақтылық, сенім мен жауапкершілік құндылықтарын бойға сіңіру және насихаттау. Осы орайда біз әлеуметтанушы Жанар Таңсықтан отансүйгіштік сезімді қалай дәріптесек болады деп сұрап көрдік. 

– Қоғамдағы отансүйгіштік сезімдерді халық бойына сіңіру, тәрбиелеу – кез келген қоғамның алдында тұрған басты міндет. Ал тәрбие тал бесіктен. Осы орайда жастардың бойындағы патриотизмді қалай бағалар едіңіз?

– Бүгінде ел халқының 19,8 пайызы – жастар. Жастардың бойындағы патриотизм – эмоциялық құбылыс. Бір күні елі мен ұлтына деген шексіз махаббатпен оянса, қоғамда орын алған кей әділетсіздіктерді көріп, тартынып қалуы мүмкін. Патриотизмнің бастау негіздері – сенім, үміт, адалдық. Дүниеге келген күннен бастап осы адами құндылықтарды бала бойына сіңіргенде ғана тұлға қалыптастыра аламыз. Кез келген баланың болашағына, атап айтқанда, елінің болашағына сеніп өсуі маңызды құбылыс. Бүгінгі жастар арасындағы патриотизмнің деңгейін білу үшін олардың қай тілде сөйлеп жүргенін саралау жеткілікті сияқты. Бала 10 тіл біле тұрып, ана тілін жетік білмесе нағыз қасірет осы сияқты. Патриотизм мен отансүйгіштік сезімнің іргетасы тіл арқылы қалыптасады. Тілді сүю, сол тілде сөйлеу діл, дәстүр, мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастырып, оның негізінде патриоттық сезім де қоса оянады деп ойлаймын. Сондықтан балаға жастайынан ұлтының ерекшелігі, болмысы жайында ана тілінде айта берген жөн.

– Қазақстан көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Осы орайда патриоттық тәрбиенің идеологиясы қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– «Құдай алуандықты сүйеді» деген әдемі сөз бар. Біздің ұлт пен ұлыс деп отырғанымыз осының көрінісі. Ал ұлт пен ұлысты бір-бірінен ажыратып, бір-бірінен өзгешелендіріп түрған сол ұлтқа ғана тән мәдениеті мен ұлттық құндылықтары. Төлтума мәдениетіміздің нәзік, мән-мағынасы терең тұстарын барынша кең насихаттап һәм оны өзіміз де күнделікті өмірімізде қолдана алсақ, ешқандай проблема болмайды. Проблема біздің өз мәдениетіміздегі ғасырлар сүзгісінен өткен құндылықтарды тұтынбаудан басталады. Өз мәдениетіңді өзің керек етпесең құлдырау да, жұтылу да сол тұстан басталады. Ал патриоттық тәрбиенің идеологиясы гуманизмге бағытталғаны жөн болар. Себебі ешқандай ұлт пен ұлыс өзінің түп тамыры мен болмысынан ажырап қалғысы келмейді. Осы орайда, өзіңдікін өзгеге мәжбүрлі түрде, күшпен насихаттамай-ақ тату-тәтті өмір сүруге әбден болады. Менің көзқарасымда, бұл – еркіндік, әділдік, жауапкершілік сынды адами қасиеттерден шығатын құндылықтар.

– Өзіңіз атап өткендей, отансүйгіштікті дамыту үшін мәдениетті басты қару етіп ұстағанымыз абзал. Осыған мысал келтіре аласыз ба?

– Мәдениет ол қоғам. Қоғам жанды иммундық жүйе деп алсақ, жүрек негізгі күш. Ал күш руханиятта жатыр деп ойлаймын. Мәдени дамуды тұлғаларды насихаттаудан алған жөн шығар. «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмінің өзі мемлекеттік жүйе толтыра алмаған біраз бостықты толтырды. Ұлттық рухты оятты. Қазір бестселлер болып жатқан «Өзбекәлі және мәдени майдан» кітабы да осылай ұлтқа қызмет, адамдық борыш сынды мемлекеттің аса маңызды аспектілерін қамтып өтті. Тарихымызда елеулі тұлғалар көп. Жадымыздағы сол бейнелерді оята алсақ, отансүйгіштік сезім әр жанда қалыптасып, әрмен қарай қайраткерлік те осы тұстан шығады деп есептеймін. Сонымен қатар бізге киелі жерлердің географиясын сауатты хаттау керек. Халықтың құрмет, түсінігін оң ету қажет деп ойлаймын.

Сәруар Бақберген

Тегтер: