Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:27

«Петропавл — Ресей»: TikTok-тағы пікірі үшін қазақстандық 5 жылға сотталды

Солтүстік
Фото: ашық дереккөз

HALYQSTAN телеграм-арнасының мәліметінше, Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны TikTok желісінде жазған пікірі үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған. 

Тергеу мен сот бұл жазбаны Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуды насихаттау деп бағалаған.

 2025 жылы әйел Петропавл қаласының атауына қатысты талқылау жүріп жатқан видеонын астына ашық түрде пікір қалдырған. Тергеу нұсқасы бойынша, мәтінде қаланың басқа мемлекетке тиесілі болуы тиіс екені туралы тезистер мен аумақтарды «қайтару» жөнінде ишаралар болған.

Қылмыстық іске себеп болған сөз тіркесі мынадай:

«Петропавл — бұл Ресей, бірақ нақты Қазақстан емес… қазір ұрлап алғысы келеді, бірақ ештеңе емес, жақында бәрі өз орнына қайта оралады… сосын біз күлеміз».

Осыдан кейін желі қолданушыларының бірі e-Otinish платформасы арқылы тиісті органдарға шағым жолдағаны хабарланады.

HALYQSTAN дерегінше, тексеру барысында аккаунт иесі анықталып, телефоны тәркіленіп, қаралған. Тағайындалған психологиялық-филологиялық сараптама мәтінде тыйым салынған насихат белгілері бар деген қорытынды шығарған.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындамаған. Ол өз сөзінде «тарихи фактіні» меңзегенін, оны әжесі айтып бергенін және мұндай пікір үшін қылмыстық жауапкершілік болатынын білмегенін айтқан.

Оның айтуынша, «ойын дұрыс жеткізе алмаған», ал TikTok алгоритмдері пікірін толық жазуға мүмкіндік бермеген.

Сот барысында әлеуметтік желі қолданушылары әйелге жауапкершілік болуы мүмкін екенін ескертіп, тіпті Қылмыстық кодекс нормаларын келтіргені де айтылған.

Алайда, ол жауап ретінде «ешкімнен және ештеңеден қорықпайтынын» мәлімдеген.

Ақпаратқа сәйкес, сот оны ҚР ҚК 180-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, орташа қауіпсіздік мекемесінде 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Әйел сот залында қамауға алынған. Үкім заңды күшіне әлі енбеген.