Прокурор Ұлдана Мырзуанның өлімі бойынша МИБ басшысын не үшін соттап жатқанын түсіндірді
Прокурорлардың айтуынша, Ұлдана Мырзуан қаза тапқан үйдің қасбеті бірден емес, ұзақ уақыт бойы біртіндеп қираған.
Тергеу дерегіне сәйкес, 2017 жылы жүргізілген техникалық тексеріс кезінде ғимараттың тозу деңгейі 31 пайыз болған. Сондай-ақ сол кезде қасбеті мен шатырын жөндеу қажет екені анықталған.
Сәуле Жұбаниязова 2025 жылдың мамырында МИБ басшысы қызметіне келген. Прокурордың айтуынша, ол ғимараттың жағдайынан хабардар болғанымен, алты ай ішінде қабырғаларға визуалды тексеру жүргізуді де ұйымдастырмаған.
Сотта прокурор құрылыс-техникалық сараптама қорытындысын жариялады. Оған сәйкес, қасбеттің құлауы аяқ астынан болмаған. Ғимаратта жарықтар пайда болып, уақыт өте келе ұлғайған. Қалау қабаттарының байланысы бұзылып, қабырғалар ылғалданып, кейін үсіп отырған.
Прокурордың айтуынша, мұндай ақауларды тиісті визуалды тексеру кезінде анықтауға болатын еді. Тергеу тарапы Жұбаниязованың әрекетсіздігін Мырзуанның өліміне әкелген тікелей себептердің бірі деп санайды.
Алайда Сәуле Жұбаниязова тергеу қорытындыларымен келіспейді.
Қазір ол ҚР Қылмыстық кодексінің 254-бабы - «Адамның өліміне және өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан басқару функцияларын тиісінше орындамау» бойынша сотталып жатыр.