«Путин сені түскі асқа жейді». Трамп пен Харристің алғашқы дебаты қалай өтті?
АҚШ президенттігіне үміткерлер – Камала Харрис пен Дональд Трамп қарашадағы сайлау алдында ABC News арнасында алғаш рет теледебат өткізді.
Дебат барысында жүргізушілер медицина, аборт, экономика, Украина мен Ресей және Таяу Шығыстағы соғыс туралы сұрақтар қойды. Екі жақта қарсыласын түйреп өтуге тырысып, бір-бірін айыптайтын сөздер айтты.
Дебаттың бірінші бөлімі экономикаға арналды. «Сіздер америкалықтардың төрт жыл бұрынғыға қарағанда жақсы өмір сүреді дегенге сенесіздер ме» деген жүргізушінің сұрағына Харрис «мүмкіндіктер экономикасын» құру жоспарлары туралы айтты. Тұрғын үй бағасы мәселесін шешуге, жас отбасыларға, шағын бизнеске көмектесуге уәде берді. Ал, Трамп демократтардың төрт жыл бойы экономиканы құртқанын және Харрис Джо Байденнің экономикалық бағдарламасын жай ғана көшіріп алғанын айтты. Сонымен бірге, Трамп Байденнің Украина мен Ресей арасындағы соғысты тоқтатуда Путинге қоңырау шалмаған деп айыптады. Трамп өзінің қарсыласын Байденнің инфляция, көші-қон және Украинадағы қақтығыстарға қатысты саясатымен байланыстыруға бірнеше рет тырысты, бірақ Харрис бұл шабуылдарға тойтарыс беріп, өз аргументтерін алға тартты. Ол Трампқа Байденге емес, оған қарсы тұрғанын еске салды. Жалпы дебат барысында кандидаттар бір-бірін бірнеше рет өтірік айтты деп мәлімдеді.
Бұдан бөлек Трамп Камала Харристі Стэнфорд университетінде экономикадан сабақ берген әкесімен байланыстыруға тырысып, оны «марксист» деп атады. Харрис болса Трамп туралы сөйлей тұрып, оны «сыртқы саясатта әлсіз адам» деді.
«Путин сені түскі асқа жейді»
Дебат барысында Украина мен Ресей және Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс туралы да айтылды. Трамп соғысты тоқтату керегін және оны жүзеге асыра алатынын айтты. Ол бұл мәселені егер сайлауда жеңіске жетсе, қызметіне кіріскенге дейін шешетінін баса айтты.Трамп Харристі «тарихтағы ең нашар вице-президент» деп атап, вице-президент кезінде соғыстың алдын ала алмағанын еске салды. Трамп Украинадағы соғыс аяқталмаса, үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кетуі мүмкін деді. Ол тағы да Харрис президент болса Израиль деген мемлекет жер бетінен жойылып кететінін, себебі Харрис израилдіктерге қарсы екенін айтты. Ал Харрис оның бұл сөздерін жоққа шығарып, Израильді қолдап келе жатқанын, екі ел сақталып қалатындай соғысты тоқтату керек екенін мәлімдеді. Ол Трампты «диктаторларға қызығатынын, өзі де диктатор болғысы келетін адам» деп айыптады.
«Біздің НАТО-дағы одақтастарымыз сіздің бұдан былай президент болмағаныңызға өте риза. Егер Дональд Трамп президент болса, Путин қазір Киевте отырып, Польшадан бастап бүкіл Еуропаға көз тігер еді» деді Харрис.
Бұдан бөлек Харрис Трамты «Путин сені түскі асқа жеп қояды» дейтін сөздерімен де сүріндіруге тырысты.
Кандидаттар бұдан бөлек аборт тақырыбында да сөйледі Трамп абортты жақтады. Харрис түсік жасау саласындағы оның саясаты америкалық әйелдерді қорлайтынын айтты.
Алғашқы дебатта кім жеңді?
Трамптың серіктестері республикалық партияның сәтсіз дебатына модераторлық еткен ABC News жүргізушілерін айыптады, деп жазды Politico. Трамптың өзі дебатты «бұрын-соңды болмаған ең жақсы пікірталасым» деп атаған. Трамп Харрис командасының жаңа дебатқа дайын екендігі туралы мәлімдемесін оның осы дебатта жеңіліп қалғанымен байланыстырған.
CNN SSRS тәуелсіз зерттеу компаниясы пікірталас көрермендері арасында жүргізген сауалнамасының нәтижелерін жариялады. Осы деректерге сәйкес, америкалықтардың 63 пайызы Харристі жеңді деп есептеген. Пікірсайыс алдында сауалнамаға сәйкес қатысушылардың мүмкіндіктері тең болған. Эфирден кейін Харристің мүмкіндігі 39 пайыздан 45 пайызға өскен. Көрермендер вице-президент олардың проблемасын жақсы түсінеді деп есептейді. Бұл тұрғыдан Харрис Трамптан 4 пайыз артық дауыс жинаған. Дегенмен, сауалнама нәтижесінде Трамп экономикалық мәселелер бойынша 55 пайыз дауыс жинап демократтардан озып шыққан.