Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:07, 01 Ақпан 2024

Путинде бір пәтер мен үш ескі көліктен басқа ештеңе жоқ

Владимир Путин
Фото: из открытых источников

Ресей Федерациясының Орталық сайлау комиссиясы алдағы президент сайлауына қатысатын кандидаттардың кірісі мен мүлкі туралы ақпарат жариялады.

Қазіргі президент Владимир Путин 2017-2022 жылдары 67,5 миллион рубльден аса табыс тауыпты.  

Оның декларациясында табыс көзі ретінде жалақысы, банктегі салымдар мен бағалы қағаздан түскен кіріс, әскери зейнетақысы көрсетілген. Путиннің меншігінде Санкт-Петербургте орналасқан пәтер (77 шаршы метр) мен гараж (18 шаршы метр), үш автокөлік - 1960 жылғы ГАЗ М21, 1965 жылғы ГАЗ М21 және 2009 жылғы «Нива» мен 1987 жылғы «Скиф» тіркемесі бар екен.

Сондай-ақ оның атында 10 банк шоты бар, онда жалпы 54 416 604,52 рубль жатыр. Путин декларацияда «Банк Санкт-Петербургтың» 230 акциясын көрсетіпті. Бұдан бөлек Мәскеуде үкіметке тиесілі қызметтік пәтері (153,7 шаршы метр) бар екен. 

Ресейді 24 жылдан бері басқарып келе жатқан Путин «бар байлығым осы» деп отыр. Бірақ жер көлемі әлемде бірінші орында тұратын мемлекетті ширек ғасыр дара билген адамның «қалтасы тесік» дегенге сену қиын. 

Бұған дейін тәуелсіз зерттеушілер Путиннің шексіз байлыққа ие екенін хабарлаған. 2015 жылы американдық NewYork Post басылымы «Путиннің байлығы $200 млрд-ға бағаланып отыр», - деп жазады. 

Ал 2021 жылы оппозициялық саясаткер Алексей Навальный «Путин сарайы» атты зерттеу фильмін жариялады. Фильмде Геленджик түбіндегі аумағы 68 гектар болатын Ресей президентіне арналып салынған резиденцияның 2010 жылы бой көтергені айтылады. Оған миллиард доллардан астам қаражат жұмсалған. Кешен аумағында мұз сарайы, аквадискотека, концерт залы, шіркеу, "шәйханамен жалғайтын" 80 метрлік көпір, теңізге апаратын туннель бар. Навальный командасының мәліметінше, сарай офшордағы қаражат есебінен тұрғызылған.