Аймақ

Қаптамасы құлаған мәдениет үйі. Бала өліміне кім жауапты?

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында мәдениет үйінің сыртқы қаптамасы екі жарым жастағы баланың үстіне құлап, ол үш айға жуық уақыттан кейін ауруханада көз жұмған.

1

 

Баланың анасы Сабина Қауапова ғимараттың адам өміріне қауіп төндіріп тұрғанын айтып, бірнеше рет құзырлы орындарға шағымданған. Алайда нысанның жұмысы тек арада алты ай өткенде ғана уақытша тоқтатылды.  

Қайғылы оқиға Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінде 13 сәуірде болған. Мәдениет үйінің сыртқы қаптамасының кірпіші сол маңда ойнап жүрген екі жарым жастағы Әмірдің басына құлаған. Ауыр жарақат алған бүлдіршін үш ай бойы ауруханада өмір үшін арпалысты. Бірақ дәрігерлер баланы аман алып қала алмады. 10 шілдеде Әмір көз жұмды. Бір үйдің шамшырағына айналған баласынан айырылған ата-ана үшін бұдан асқан қасірет жоқ шығар. Алайда бұл қайғының үстіне тағы бір сұрақ қосылды: егер ғимараттың сыртқы қаптамасы адам өміріне қауіп төндіріп тұрса, неге оның қауіптілігі дер кезінде анықталмады? Неге баланың анасы бірнеше рет дабыл қаққаннан кейін де мәдениет үйінің жұмысы бірден тоқтатылмады?

Баласынан айырылған Сабина Кауапова құзырлы органдарға бірнеше мәрте шағым түсіріп, мәдениет үйінің жұмысын тоқтатуды сұраған. Оның алаңдауына негіз де жоқ емес еді. Сыртқы қаптамасы опырылып түскен ғимарат айналасында тағы бір қайғылы оқиға болуы мүмкін. Алайда бала қаза болғаннан кейін де мәдениет үйі бірнеше ай бойы жұмысын жалғастырған.

"Не себепті бұл жұмыс осынша ұзаққа созылды? Менің балам адам емес пе? Өліп қалды, болды, сонымен бәрі бітті дегендері ме? Сонда олар тағы біреудің зардап шеккенін тосулары қажет пе еді? Оларға қатысты сұрағым көп болды, позицияларын мен түсінген жоқпын", – дейді Сабина Кауапова.

Мәдениет үйі директоры адвокатының айтуынша, техникалық сараптама жүргізу үшін маманды ұзақ күтуге тура келген. Оның сөзінше, бұл салада облыста бір ғана сарапшы болғандықтан, ол басқа өңірлерде жұмыс істеп, Ботақараға бірден келе алмаған. Сөйтіп, мәдениет үйіне техникалық сараптама тек 2 қазанда жүргізіле бастаған. Ал қайғылы оқиға 13 сәуірде болғанын ескерсек, арада алты айға жуық уақыт өткен. Тергеу амалдары жүріп жатқандықтан, ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Адвокат Ерлан Байділдиновтің айтуынша, мәдениет үйіне соңғы рет 2022 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сол кезде мердігер ұйымға 65 млн теңге төленіпті. Алайда арада көп уақыт өтпей, ғимараттың сыртқы қаптамасы құлай бастаған. Ал жөндеу жұмыстарын атқарған мердігер компания бүгінде жабылып қалған.

Кейінде шыққан техникалық сараптама қорытындысында мәдениет үйінің апатты жағдайда емес екені көрсетілген. Дегенмен сыртқы қаптаманың кейбір бөліктері сапасыз орнатылғандықтан, қатты желдің әсерінен ұшып кеткен. Жақында бірнеше шағым түскеннен кейін мәдениет үйінің жұмысы уақытша тоқтатылған. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Баласынан айырылған ата-ана сот арқылы моральдық шығын өндіруді талап етпек.

Әрине, тергеу аяқталып, сот шешімі шықпай тұрып, біреуді кінәлі деп жариялауға болмайды. Бірақ бұл қайғылы оқиғадан кейін қоғамның жауапты мекемелерге қоятын сауалы аз емес. Мәдениет үйі – жұрт жиналатын, балалар мен ересектер келетін қоғамдық орын. Ондай нысандағы қауіпсіздік мәселесі қайғылы оқиғадан кейін ғана емес, оған дейін-ақ назарда болуы керек еді. Ал оқыс оқиға болғаннан кейін нысанға техникалық сараптама жүргізу жұмысының осыншалықты созылғаны да түсініксіз. "Маман тапшы" десек те, кісі өлімінен соң мұндай шаруалар жедел жүргізілуі тиіс емес пе? Енді бұған жалғас тағы бір мәселенің ұшы қылтиып тұр. Мәдениет үйіне жасалған жөндеу жұмыстары сапасыз, алайда оны істеген мердігер компания жабылып қалған. Сонда мұның жауапкершілігін кім арқалайды?

Бұл сұрақтар бір отбасының ғана емес, қоғамдық орындардың қауіпсіздігіне алаңдайтын барша жұрттың көкейінде тұр.

Арайлым Еркебаева

Қарағанды облысы

Редакция «Все СМИ» желісіне қатысады.
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз