Қазақстанда басшылар орта есеппен 1,1 млн теңге жалақы алады
Ұлттық статистика бюросы Қазақстандағы қызметкерлердің мамандығы мен лауазымына қарай есептелген орташа жалақы мөлшерін жариялады.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, ұйым басшыларының орташа айлық табысы 1,1 млн теңгеден асқан. Бюро 2026 жылғы сәуірде толық жұмыс істеген қызметкерлердің жалақысына жыл сайынғы зерттеу жүргізген. Есепке қосымша төлемдер, үстемеақылар мен сыйақылар, сондай-ақ салықтар мен зейнетақы жарналары енгізілген. Зерттеуге қатысқан ұйымдар мен кәсіпорындардағы қызметкерлердің жалпы саны 3 млн 378,6 мың адамды құраған. Олардың 48,1%-ы – ерлер, 51,9%-ы – әйелдер.
Жалақысы жоғары қызметкерлердің үлесі артқан
2026 жылы 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 58,4%-ға жеткен. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 53,7% болған. Ал 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін табыс табатындардың үлесі 43%-дан 39,3%-ға дейін төмендеген. Айлық жалақысы 100 мың теңгеге жетпейтін қызметкерлердің үлесі де 3,3%-дан 2,3%-ға азайған.
Қай мамандық иелері қанша жалақы алады?
Зерттеу қорытындысы бойынша, 2026 жылы ірілендірілген тоғыз кәсіптік топтың барлығында орташа айлық атаулы жалақы өскен. Өнеркәсіп, құрылыс және көлік салаларындағы жұмысшылардың жалақысы бір жылда 13,1%-ға артқан. Ал жабдық операторлары, құрастырушылар мен жүргізушілердің табысы 10,4%-ға көбейген. Лауазымдар бойынша орташа айлық жалақы мөлшері мынадай: Басшылар мен инженерлер:
• Ұйым басшылары – 1 млн 101,1 мың теңге;
• Инженерлер – 702 мың теңге;
• Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау инженерлері – 645 мың теңге;
• Инженер-технологтер – 617 мың теңге;
• Инженер-энергетиктер – 615,1 мың теңге;
• Техниктер – 314,7 мың теңге.
Медицина қызметкерлері:
• Дәрігерлер – 491,4 мың теңге;
• Фармацевтер – 347,7 мың теңге;
• Фельдшерлер – 313,6 мың теңге;
• Медбикелер – 264,6 мың теңге.
Басқа мамандықтар:
• Бухгалтерлер – 398,6 мың теңге;
• Жүргізушілер – 328,1 мың теңге;
• Аспаздар – 192,6 мың теңге;
• Күзетшілер – 174,2 мың теңге.
Ұлттық статистика бюросы жалақы мөлшерін жылына бір рет зерттейді. Халықаралық талаптарға сәйкес, маусымдық сыйақылар мен демалыс ақысының көрсеткіштерге ықпалын азайту үшін есеп сәуір айындағы жалақы негізінде жүргізіледі.