Қазақстанның қаржы жүйесі: тұрақтылық, жаңа реформалар және цифрлық болашақ
Ел экономикасының тұрақтылығы ең алдымен қаржы жүйесінің орнықтылығына, ұлттық валютаның сенімділігіне және инвестициялық мүмкіндіктердің кеңеюіне байланысты.
Әлемдік нарықтағы құбылмалылық, геосаяси шиеленістер, инфляциялық қысым мен технологиялық өзгерістер жағдайында қаржы секторына қойылатын талап та күрделене түсті. Бүгінде банктер мен қаржы институттарының міндеті қаражат айналымын қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Олар экономиканың нақты секторын дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға, халықтың жинақтарын қорғауға және жаңа инвестициялық мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етуі тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның қаржы жүйесін жаңғырту, капитал нарығын тереңдету және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу мәселелері айрықша маңызға ие. Аталған бағыттар Алматыда өткен Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресінде жан-жақты талқыланды. Ұлттық валюта күні аясында ұйымдастырылған дәстүрлі басқосуға мемлекеттік органдардың, қаржы ұйымдарының өкілдері мен сала сарапшылары қатысты. Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қолдауымен ұйымдастырған биылғы конгрестің негізгі тақырыбы қаржы жүйесінің жаңа архитектурасын қалыптастыру, капитал нарығын дамыту және цифрлық активтерді дәстүрлі қаржы жүйесіне енгізу болды. Жиынның Ұлттық валюта күні мен қаржыгерлердің кәсіби мерекесі қарсаңында, сондай-ақ Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы алдында өтуінің де өзіндік мәні бар. Өйткені тәуелсіздік жылдарында еліміздің қаржы жүйесі бірнеше күрделі кезеңді бастан өткерді. Ұлттық валютаның айналымға енгізілуі, банк жүйесінің қалыптасуы, халықаралық қаржы нарықтарына шығу, әлемдік экономикалық дағдарыстардың салдарын еңсеру және цифрлық қаржы қызметтерінің дамуы отандық қаржы секторының бүгінгі келбетін айқындады. Сондықтан конгресс аясында ағымдағы экономикалық көрсеткіштермен қатар, алдағы реформалардың басым бағыттары да сөз болды.
Жиында сөз сөйлеген Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов алдымен әлемдік экономиканың қазіргі ахуалына тоқталды. Оның келтірген мәліметтеріне сәйкес, биыл жаһандық экономикалық өсім 3,1%-ға дейін баяулап, инфляция 4,7%-ға дейін жетуі мүмкін. Халықаралық саудадағы шектеулер, геосаяси белгісіздік пен шикізат бағасының тұрақсыздығы әлем елдерінің экономикалық саясатына елеулі ықпал етіп отыр. Әсіресе сыртқы нарықтарға тәуелді, экспорттық кірісінің белгілі бір бөлігі шикізат секторынан қалыптасатын мемлекеттер үшін мұндай өзгерістердің салмағы айтарлықтай. Қазақстан да бұл үдерістерден тыс қалған жоқ. Әлемдік нарықтағы бағаның ауытқуы елдің экспорттық түсіміне, ұлттық валютаның айырбас бағамына және ішкі нарықтағы тауарлар құнына әсер етеді. Демек, қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтау үшін ішкі экономикалық тетіктерді жетілдірумен қатар, сыртқы тәуекелдерді де ескеру қажет. Соған қарамастан, Қазақстан экономикасы өсім қарқынын сақтап келеді. Ұлттық Банк ұсынған деректер бойынша, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында жалпы ішкі өнім 4,2%-ға ұлғайған. Ал тау-кен өндіру секторын есепке алмағанда, өсім 5,4%-ды құраған. Бұл көрсеткіштің маңызы зор. Себебі ұзақ жылдар бойы Қазақстан экономикасының дамуы көбіне мұнай мен басқа да табиғи ресурстардың өндірісіне тәуелді болып келді. Ал шикізаттық емес салалардағы өсім экономиканың біртіндеп әртараптанып келе жатқанын көрсетеді. Соңғы төрт жылда ел экономикасының жыл сайынғы өсімі 5–5,5% деңгейінде қалыптасқан. Сонымен қатар экспорт көлемі тауар түрлерінің 80%-дан астамы бойынша артып, тікелей шетелдік инвестициялардың 85%-ы шикізаттық емес секторларға бағытталған. Конгресте кеңінен қозғалған мәселелердің бірі инфляцияны төмендету болды. Ұлттық Банктің мәліметінше, елдегі инфляция 12 ай қатарынан бәсеңдеп, 9,2%-ға дейін төмендеген. Реттеуші 2027 жылы бұл көрсеткішті 6,5–8,5% аралығына, ал 2028 жылға қарай 5%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Инфляцияның төмендеуі қарапайым тұтынушылар үшін ғана емес, тұтас экономика үшін маңызды. Өйткені бағаның тұрақсыздығы халықтың сатып алу қабілетін әлсіретіп қана қоймай, кәсіпкерлердің шығындарын болжауын қиындатады.
Қаржы жүйесін жаңғыртудағы тағы бір маңызды бағыт – банктердің экономиканы кредиттеудегі рөлін күшейту. Қазақстанда кейінгі жылдары тұтынушылық кредиттеу қарқынды дамығанымен, кәсіпкерлік жобаларды ұзақ мерзімді қаржыландыру мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Банктер үшін жеке тұлғаларға несие беру кей жағдайда өндірістік жобаларды қаржыландыруға қарағанда тиімдірек әрі рәсімдеу тұрғысынан жеңілірек болуы мүмкін. Алайда тұтынушылық кредиттің шамадан тыс ұлғаюы халықтың борыш жүктемесін арттырып, ішкі сұраныс арқылы инфляциялық қысымды күшейтуі ықтимал. Ал бизнеске берілген қаржы жаңа кәсіпорындардың ашылуына, өндіріс көлемінің өсуіне және жұмыс орындарының көбеюіне ықпал ете алады. Осы себепті реттеуші органдар банктерді нақты секторды қаржыландыруға ынталандыратын бірқатар шара қабылдаған. Атап айтқанда, бизнесті кредиттеуден түсетін табысқа 20%, ал өзге табыс түрлеріне 25% мөлшерінде салық салу тетігі енгізілген. Сонымен бірге Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп пруденциялық шаралар қабылданып, банк жүйесіндегі артық өтімділікті азайту мақсатында ең төменгі резервтік талаптар қайта қаралған. Мұндай өзгерістердің негізгі мақсаты – қаржы ресурстарының тек қысқа мерзімді тұтынушылық сұранысты қамтамасыз етуге емес, экономиканың өндірістік әлеуетін арттыруға да бағытталуына жағдай жасау. Алғашқы нәтижелер де байқалып отыр. Биылғы тоғыз айда екінші деңгейлі банктер бизнеске 16,6 трлн теңге көлемінде жаңа кредит берген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,5%-ға жоғары. Ал бұған дейін жоғары қарқынмен өскен халықты кредиттеу біртіндеп тұрақтала бастаған.
Қазақстанның халықаралық қаржы нарығындағы беделі де конгресте назардан тыс қалған жоқ. S& P, Moody"s және Fitch халықаралық рейтинг агенттіктері еліміздің тәуелсіз кредиттік рейтингінің инвестициялық деңгейде екенін растаған. Ал S& P агенттігі 2016 жылдан бері алғаш рет Қазақстанның рейтингін BBB деңгейіне көтеріп, болжамын "тұрақты" деп бағалаған. Мұндай көрсеткіштер халықаралық инвесторлар үшін маңызды бағдар саналады. Өйткені тәуелсіз кредиттік рейтинг мемлекеттің қаржылық міндеттемелерін орындау қабілетіне, экономикалық орнықтылығына және ықтимал тәуекелдеріне берілген бағаны көрсетеді. Рейтингтің жақсаруы шетелдік капиталды тартуға, халықаралық нарықтардан қаржы алуға және елдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға қолайлы жағдай туғызуы мүмкін. Алайда халықаралық рейтингтің жоғары болуы өздігінен инвестиция ағынының ұлғаюына кепілдік бермейді. Ол үшін құқықтық ортаның тұрақтылығы, нарықтағы бәсекелестік, инфрақұрылымның сапасы және инвесторлар құқығының қорғалуы да маңызды. Қаржы жүйесінің орнықтылығын айқындайтын тағы бір көрсеткіш – мемлекеттің қаржылық активтері мен резервтерінің жағдайы. Ұлттық Банктің басқаруындағы активтер көлемі биылғы он айда шамамен 205 млрд долларға жеткен. 2025 жылы Ұлттық қор өз тарихындағы ең жоғары жылдық кірістілікті көрсетіп, бұл көрсеткіш 15,1%-ды құраған. Ал алтын-валюта резервтерінің кірістілігі 43,7%-ға жеткен. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері шоғырландырылған кезеңнен бергі жинақталған кірістілік 214,1%-ды құрап, осы уақыт аралығындағы инфляция деңгейінен жоғары болған. Биыл жүзеге асырылған елеулі реформалардың бірі мемлекеттік бағалы қағаздар нарығына қатысты болды. Ұлттық Банк Қаржы министрлігімен бірлесіп алғашқы дилерлер институтын енгізді. Бұл тетік мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы орналастырылуы мен қайталама нарықтағы айналымын дамытуға бағытталған. Алғашқы дилерлер мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында белсенді жұмыс істеп, олардың өтімділігін арттыруға ықпал етеді. Реформаның алғашқы нәтижелері қыркүйек айында байқалған. Атап айтқанда, мемлекеттік бағалы қағаздардың қайталама нарығындағы өтімділік бес есе өсіп, 850 млрд теңгеге жеткен. Бұл қаржы нарығының тереңдеуіне, инвесторлар үшін қосымша мүмкіндіктердің қалыптасуына және мемлекеттік қарыз құралдарының тиімді айналымына жағдай жасайды.
Жалпы, капитал нарығын дамыту Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар міндеттердің бірі болып отыр. Өйткені экономикадағы инвестициялық қажеттілікті тек банктік кредиттер арқылы өтеу мүмкін емес. Дамыған қаржы жүйесінде кәсіпорындар қаржыны банктерден ғана емес, облигациялар мен акциялар шығару арқылы да тарта алады. Мұндай мүмкіндік бизнеске қаржыландыру көздерін әртараптандыруға, ал инвесторларға қаражатын түрлі құралдарға орналастыруға жол ашады. Қазақстанда осы бағыттағы реформалардың нәтижелі болуы қор нарығына қатысушылар санын көбейтуге, инвестициялық құралдардың қолжетімділігін арттыруға және халықтың қаржылық сауаттылығын жетілдіруге де байланысты.