Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 21 Мамыр 2024

Раисидің қазасы Қазақстан-Иран байланысына қалай әсер етеді?

Ибрахим Раиси

Иран президенті Ибрахим Раиси тікұшақ апатынан қаза тапты. Тікұшақ 19 мамыр күні Иранның солтүстік-батысындағы Әзербайжан мен Түркия шекарасына жақын таулы аймақта құлаған. Бұл туралы ресми ақпарат 20 мамырда шықты. Иран вице-президенті Мохсен Мансури Раисидің өлімін растап, Х әлеуметтік желісінде хабар жариялады.

Әлемдік БАҚ-та тараған ақпаратқа сүйенсек, Иран президенті апатқа ұшыраған ұшақта сол елдің сыртқы істер министрі және өзге де билік өкілдері болған. Ондағы адамдардың бәрі көз жұмды. Оқыс оқиға Иранның үкімет делегациясы Әзербайжанмен шекарадағы жаңа су торабын іске қосу рәсімінен қайтып келе жатқанда болған.

Апаттың нақты себебі әлі белгісіз. Сарапшылар түрлі болжам жасап жатыр. Иран үкіметі сол күні апат болған аумақта қалың тұман болғанын хабарлады. Соған қарағанда, ресми билік жазатайым оқиға болды деген тұжырымға тоқтаған сияқты.

Кей дерек бойынша, Раисидің мінгені АҚШ-та жасалған Bell 212 тікұшағы екен. Иран оны 1979 жылғы ислам революциясынан бұрын сатып алған. Демек, техниканың әбден тозығы жеткен деген сөз. Бұл да жазатайым оқиғаға сілтеп тұр. Бірақ Ибрахим Раисидің АҚШ пен Израильге қарсы қатаң саясат ұстанатынын ескерген кей сарапшы қастандық теориясын да жоққа шығармайды. Мұндай пікірдегі мамандар ұшақтың АҚШ-та шыққанын алға тартып отыр.

Президентке қастандық сырттан емес, іштен келді деп топшылайтындар да бар. Өйткені Иран халқы 63 жастағы Ибрахим Раисиді елдің келесі көсемі болады деп санайтын. Осы тұрғыда оған ел арасынан бақталас табылуы әбден мүмкін. Бірақ дәл қазіргі сәтте әлемдік және Иран басылымдары президентке қастандық жасалғаны жайлы көп жазып жатқан жоқ.

Апатқа ұшыраған ұшақта Раисимен бірге Иранның сыртқы істер министрі Хосейн Абдоллахиан, Иранның Шығыс Әзербайжан провинциясының губернаторы Малик Рахмети, Тебриз провинциясының аятолласы Али Хашим және экипаж мүшелері болған. Иранның мемлекеттік арнасы президент тікұшағы толық жанып кеткенін, онда болған адамдардан ешкім тірі қалмағанын хабарлады.

Ибрахим Раиси 2021 жылы Иран президенті болып сайланды. Оған дейін ол бас прокурор және жоғарғы сот жетекшісі болған. Бірақ Иранда президент ең лауазымды тұлға емес, елдегі ең жоғарғы қызмет – ислам революциясы жетекшісі деп аталады. Қазір бұл міндетті 77 жастағы аятолла Али Хаменеи атқарып отыр, барлық билік соның қолына шоғырланған. Президент үкімет қызметіне жетекшілік етіп, ел атынан халықаралық кездесулерге қатысады.

Али Хаменеи ислам революциясы жетекшісі қызметін 1989 жылдан бері атқарып келеді. Көпшілік оның орнын 63 жастағы Ибрахим Раиси басатынына сенімді еді. Раиси қатаң діни басшы ретінде танылған адам. 2022 жылғы билікке қарсы наразылықты күштеп басуға, наразылыққа қатысқан адамдарды ұстап, соттауға ынталы болды.

Саяси тұрғыда аса қатал басшы болғанымен, Раиси ел экономикасын түзеп, мемлекетті тығырықтан шығара алмады. Раисидің президенттігі тұсында елде әлеуметтік және саяси келіспеушілік ушығып, Батыс елдерімен қарым-қатынас нашарлады. Иран әлемнен оқшаулана түсті.

Көпшілік Ибрахим Раисидің өлімінен кейін Иранда не өзгереді дегенді талқылап жатыр. Жоғарыда жазғанымыздай, негізгі билік Хаменеидің қолында болғандықтан, президенттің қазасы көп ештеңе өзгерте қоймауы мүмкін. Иран конституциясы бойынша президент қайтыс болған жағдайда оның орнына бірінші орынбасар жайғасады. Бұл қызметте қазір Мохаммад Мохбер отыр. Ел тізгінін енді сол ұстайды, бірақ билікті бұрынғыдай Хаменеи жүргізе береді.

Енді 77 жастағы аятолла Али Хаменеидің орнын кім басады деген сұрақ туындауы мүмкін. Ел көсемінің сенімді адамы ретінде Раиси осы қызметке отыруы әбден мүмкін еді. Оның мезгілсіз қазасы билік мінберіндегі жаңа интриганың бастамасы болуы мүмкін.

Иран ислам республикасы Қазақстанмен Каспий теңізі арқылы шектесіп жатыр. Ол елде болған тосын жағдай біздің елді де бей-жай қалдырған жоқ. Мемлекет басшысы Иран президенті Ибрахим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің Шығыс Әзербайжан провинциясында тікұшақ апаты салдарынан қайтыс болуына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің жоғары лидері Али Хаменеиге және барша иран халқына көңіл айтты.

Ақорда таратқан ақпаратта Ибрахим Раисидің Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекет қайраткері екені айтылған. Сондай-ақ «қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын», – делінген.

Қазақстан Республикасы мен Иран ислам республикасы арасында дипломатиялық қатынастар орнағанына 30 жылдан асты. Екі ел арасындағы ресми қарым-қатынас 1992 жылғы 29 қаңтардан басталады. Иран Қазақстан тәуелсіздігін алғашқы шет мемлекеттердің бірі болып мойындағанын айта кеткен жөн. Сол сәттен бері Астана мен Тегеран арасындағы дипломатиялық байланыс үзілген емес.

Екі ел арасында Каспий теңізін ортақ пайдалану жөнінде келісім жасалған. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға Қазақстан мен Иран 2018 жылы қол қойған. Иран – Қазақстанның сыртқы саясатындағы маңызды елдердің бірі. Сол үшін де Қазақстан тарапы Ирандағы оқыс оқиғаға баса назар аударып, жіті қадағалап отыр. Бізге екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың бұрынғыдай сақталып, сауда-саттықтың тоқтамағаны керек.

Қуан Өмірхан