Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:49, 24 Қаңтар 2024

Рауан жолы. Барлық із Мәңгілік Ел, 55/13-ке апарады

Рауан Кенжеханұлы
Фото: из открытых источников

Былтыр желтоқсан айында «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсынды. 

Қор Qazaq tili Endowment деп аталады. Тоқаев бұл бастаманы мақұлдап, өзі бастап қорға 7 млн теңге аударды.

Содан кейін «Біз бизнес қауымдастығын осы игі бастаманы қолдауға шақырамыз» деген еліміздің қалталы кәсіпкерлері аталған қорға ақша аудара бастады. Ақша бөліп жатқандардың қатарында YPO жабық клубының мүшелері де бар.

Рауан Кенжеханұлы

YPO деген қандай клуб?

YPO (Жас Президенттер Ұйымы) бизнесмендердің жабық халықаралық клубы. Клуб әлемнің 142 елінде тіркелген. 30 мыңнан астам мүшесі бар. Бәрі табысты кәсіпкерлер. Қазақстанда YPO құрамына 30-дан аса кәсіпкер кіреді. Аталған клуб елімізде 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Ұйымды 1950 жылы Нью-Йоркте америкалық кәсіпкер Рэй Хикок құрған. YPO мүшелері басқаратын компаниялардың жалпы табысы шамамен 10 триллион долларды құрайды. Ұйымның ең танымал мүшелері қатарында – Айдын Рахымбаев, Рамиль Мухоряпов, Тимур Турловтар бар. Олардың әрқайсысы Forbes рейтингіне енген. Оған мүше болу да оңай емес. Әрбір үміткер клуб мүшелерінің жергілікті жиналысында талқыланады. Қысқаша айтқанда, «жас президент» клубының есігі тек сенімді кәсіпкерлерге ғана ашылады. Себебі оның заңдары мен талаптарына сәйкес келу керек. Мысалы, клубқа мүше болатын кәсіпкер 45 жастан аспауы, өндіруші компаниясы болса, оның жылдық ақша айналымы 13 млн доллар, егер қаржы компаниясы болса, онда активтердің орташа жылдық айналымы 260 млн доллар болуы қажет. Кәсіпкердің қол астында жұмыс істейтін қызметкерлердің саны 50 адамнан көп болуы немесе кәсіпкерлердің жалақысын қоспағанда, барлық қызметкерлердің жалпы жалақысы 2 миллион доллардан асуы керек. Сонымен бірге YPO Kazakhstan-ға қосылуға үміткер адам – бас директор, басқарушы директор немесе серіктес, директорлар кеңесінің мүшесі немесе компанияның иесі болуы шарт.

YPO
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінің мәліметтеріне сәйкес: YPO Kazakhstan қоғамдық қоры Алматы қаласының әділет департаментінен 2010 жылғы 20 қыркүйекте тіркеуден өткен. Қазіргі басшысы Меркімбаева Мәншук Ғалымқызы. Құрылтайшылар қатарында Рахымбаев Айдын, Қаппарова Гаухар бар. Қоғамдық қызмет түрімен айналысады. Орналасқан жері Алматы қаласы, Бостандық ауданы, Нұрсұлтан Назарбаев 193 деп көрсетілген. 2023 жылғы ақша айналымы – 191 465 589 теңге, төлеген салығы – 4 млн-ға жуық.

Енді Жас Президенттер Ұйымы жабық клубына мүше болу үшін қаншалықты қалталы болуыңыз керегін түсінген шығарсыз. Сондықтан қазақ тілін қолдау қорына миллиондап аударып жатқаны ешкімді таңғалдырмайды. Оған мүше кәсіпкер қатарында Рауан Кенжеханұлының өзі де бар. Демек, оның өзі де «қаражаяу» болмағаны. Осындайда өзі де дәулетті, табысты кәсіпкер Рауан мырзаның аталған қорға қанша қаржы аударады деген сұрақ туындайды. Себебі Рауан Кенжеханұлының бірнеше компанияға қатысы бар. Біз солардың бірнешеуін санамалап көрейік:

білім медиа груп
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

 

Bilim Media Group жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан тіркеуден алғаш рет 2011 жылы 16 сәуірде өткен. Екінші рет 2022 жылы 7 қазанда қайта тіркелген. Басшысы – Рауан Кенжеханұлы. Ол құрылтай мүшесінің құрамында да болып, кейіннен шығып кеткен. Қазір құрылтай құрамында Bilim Land жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғана бар. Бағдарламалармен қамтамасыз етуді әзірлеу қызмет түрімен айналысады. Мекенжайы Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел, 55/13. Statsnet қызметінің мәліметтеріне сүйенсек, аталған компанияның 2023 жылғы жылдық ақша айналымы – 910 790 894 теңге. Бір жылда  – 17 305 000 салық төлеген. 2023 жылы 40 келісімшарт орындаған. Жалпы мемлекеттен алған келісімшарттар саны – 9 552.

Білім ленд
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Bilim Land жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан тіркеуден алғаш рет 2014 жылы 22 қазанда өткен. 2023 жылғы 29 наурыз да қайта тіркелген. Басшысы – Мұқтаров Тимур Батырғалиұлы. Құрылтайшылары: TURLOV PRIVATE HOLDING Ltd. жеке компаниясы, DA VINCI EMERGING TECHNOLOGIES-FUND III LP, Рауан Кенжеханұлы, Мұқтаров Тимур Батырғалиұлы, Савченко Александр Сергеевич. Бағдарламалармен қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысады. Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел, 55/13 мекенжайында орналасқан. 2023 жылғы ақша айналымы – 8 048 853 974 теңге. Бір жылда 164 262 326 теңге салық төлеген. Былтыр бұл компания бір ғана келісімшарт орындапты. Бірақ 2021 жылы 3 603 келісімшарт орындаған. Жалпы мемлекеттен алған келісімшарттар саны – 7 719. TURLOV PRIVATE HOLDING Ltd қатысты мәліметті бизнес-сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық реестрінен ала алмадық. Ал DA VINCI EMERGING TECHNOLOGIES-FUND III LP компаниясына қатысты «көрсетілген субъект ҚР бейрезиденті, ал мәлімет тек қана Қазақстан Республикасының аумағында ҚР Әділет Министрлігінде тіркелген субъектілеріне беріледі» деген жауап алдық.

қазақ тілі қоғамы
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі»

Әділет министрлігінен 1997 жылы 29 шілдеде тіркеуден өткен. Басшысы – Рауан Кенжеханұлы. Құрылтайшылар саны – 12. Әбдіғалиұлы Берік, Фазылжанова Анар Мұратқызы, Рожин Максим Николаевич, Айтмағанбет Мақсұтбек Дүйсенбекұлы, Алдабергенова Лариса Жұмаділдәқызы, Смағұл Бахытбек, Дархан Ермаханұлы, Әшімжанов Жанарбек, Құрманбайұлы Шерубай, Дүйсенғазы Серікзат, Әуесбай Қанат, Қыдырәлі Дархан. Қоғамдық кәсіптік ұйымдар қызметімен айналысады. Астана қаласы, Есіл ауданы, Сығанақ 2 мекенжайында орналасқан. 2023 жылғы ақша айналымы – 111 679 624 теңге. Былтыр – 2 279 276 теңге салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттар саны – 8.

Qazaq Tili Endowment Qory корпоративтік қоры

Астана қаласының Әділет департаментінде 2023 жылы 3 қарашада тіркелген. Басшысы – Рауан Кенжеханұлы. Құрылтайшы құрамында тек «Халықаралық «ҚАЗАҚ ТІЛІ» қоғамы» қоғамдық бірлестігі ғана бар. Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел 55/13 мекенжайында орналасқан.

Incraft
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

InCraft жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасында 2016 жылы 2 маусымда тіркеуден өткен. Кейін 2022 жылы 11 ақпанда қайтадан тіркелген. Бірінші басшы – Савченко Александр Сергеевич. Құрылтайшылар қатарында Bilim Land және Bilim Media Group жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Бағдарламалармен қамтамасыз етуді әзірлеумен айналысады. Орналасқан жері Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел 55/13. 2023 жылғы ақша айналымы 522 626 258 теңге. Төлеген салығы – 10 665 825 теңге. Мемлекеттен алған келісімшарттар саны – 547.

Qlang
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Qlang жауапкершілігі шектеулі серіктестігі

Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан алғаш рет 2017 жылы 24 қарашада тіркеуден өткен. Екінші рет 2022 жылы 13 сәуірде тіркелген. Бірінші басшысы – Орлов Константин Павлович. Құрылтайшылар құрамында Bilim Land және Bilim Media Group жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері бар. Одан бөлек басшы Орлов Константин мен Қуаншалиев Миіржан Сатыбалдыұлы дейтін азаматтың аты аталады. Білім беру саласындағы қызмет түрімен айналысады. Орналасқан жері – Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел 55/13. 2023 жылғы ақша айналымы – 902 254 787 теңге. Бір жылда 18 413 363 теңге салық төлеген. Былтыр аталған компания мемлекеттен 4 664 728 теңгеге 16 келісімшарт орындаған.

Ұлттық аударма бюросы
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Рауан Кенжеханұлының негізін қалаған компаниялардың бірі – WikiBilim қоғамдық қоры кейіннен оның аты «Ұлттық аударма бюросы» корпоративтік қоры болып өзгертілді. Аталған қор Әділет департаментінен 2011 жылы 18 сәуірде алғаш тіркеуден өткен. Кейін 2023 жылы 2 ақпанда қайта тіркелген. Бірінші басшы – Кенжеханұлы Рауан. Құрылтайшылар құрамында Bilim Land жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Бұрын құрылтай құрамында Кенжеханұлы Рауан мен Мұқтаров Тимур болған. Қоғамдық қызмет түрімен айналысады. Мекенжайы ретінде Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел, 55/13 көрсетілген. 2023 жылғы ақша айналымы – 1 306 649 974 теңге. Төлеген салығы – 26 666 326 теңге. Былтыр 5 582 122 теңгеге 21 келісімшарт орындаған. Рауан мырзаның бұл компаниясына 2023 жыл сәтсіз болғанға ұқсайды. Себебі былтырғы келісімшарттардың ақшасы басқа жылдармен салыстырып көрсеңіз, тиын-тебен ғана. Мысалы, бұл компания мемлекеттен 2020 жылы 3 379 692 456 теңгеге 5 келісімшарт, 2019 жылы 8 760 141 733 теңгеге 71 келісімшарт, 2018 жылы 6 112 330 700 теңгеге 6 келісімшарт орындаған. Жалпы, 2019 жылы Рауан Кенжеханұлының компанияларына қатысты басы дауға қалған. БАҚ беттерінде «Қазақстандағы білімнен кім қанша ақша табады» деген мақала жарияланып, оның ішінде Bilim Media Group және Ұлттық аударма бюросы мемлекеттен тікелей бір көзден бірнеше мың тендер алғаны, келісімшарт арқылы миллиардтаған тапсырыс орындағаны жазылған еді. Кейіннен Рауан Кенжеханұлы «біз барлық заңды қатаң сақтаймыз, келісімшарттар білім ордаларымен жасалады, бұл жерде бір көзден тікелей сатып алу туралы айту артық» деп жауап беріп, мақала авторын «сотқа беруге құқығым бар» деп қорқытқан болатын.

Knowlodge Engineering
Фото: Құжат Egov.kz-тен скриндеп алынды

Дәл осы дауда Рауан Кенжеханұлының Knowledge Engineering компаниясына қатысы айтылады. Біз тексеру барысында бұл ЖШС-ға қазір оның қатысы жоғын анықтадық. Бірақ бұрын құрылтай мүшесі болғаны рас. Сәйкестік пе, әлде кездейсоқтық па, дәл басы дауға қалған уақыт – 2019 жылы құрылтай құрамынан шығып кеткен екен. Сонымен Knowledge Engineering жауапкершілігі шектеулі серіктестігі туралы да жазуды жөн көрдік. Аталған компания Астана қаласы бойынша тіркеу басқармасынан 2015 жылы 18 қыркүйекте тіркеуден өткен. 2023 жылы 15 ақпанда қайта тіркелген. Бірінші басшысы – Нартай Әшім. Құрылтай мүшесі де жалғыз өзі. Білім беру саласындағы қызмет түрімен айналысады. Мекенжайы басқа компаниялар сияқты Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік Ел, 55/13. 2019 жылғы ақша айналымы – 403 886 175 теңге. 2019 жылы 47 050 000 мың теңгеге мемлекетпен 136 келісімшартқа отырған.

Сөз соңында айтарымыз, қазіргі күнде қорға белгілі меценат, кәсіпкер Дулат Тастекей 100 миллион, Alageum Electric компаниялар тобы 100 миллион, Kusto Group 100 млн теңге аударған. 15 қаңтардағы сенаттағы отырыста Рауан Кенжеханұлы эндаумент қорға 500 млн теңге жиналғанын айтты. Сонымен, мақала басында айтып өткеніміздей, миллиардтаған ақшаға келісімшартқа отырып, мыңдаған тапсырыс орындайтын Рауан Кенжеханұлының өзі Qazaq tili Endowment-ке қанша қаржы аударады екен. Сырттағы ағайынның өзі жүз миллиондап аударып жатқанда, осынша компаниясы бар Кенжеханұлының өзі «планканы» бұдан асырып жібермесе, кем түсе қоймайтын шығар. Оның үстіне, жаңа құрылған қордың да, өзге компанияларының да арасы кабинеттермен ғана өлшенеді. Мәңгілік Ел, 55/13-тен хабар күтейік.

Тұрсынбек БАШАР