RBK банкін кім тонады? немесе Жұмбақ адамның жұмбақ өлімі
29 қарашада Алматы полициясы 144 млрд теңге жымқырды деп айыпталған кәсіпкер Бақыт Ибрагимнің өліміне қатысты тергеуді тоқтатты.
Себебі құқық қорғау органдарының мәліметінше, тергеу шараларының қорытындысы бойынша ешқандай қылмыс анықталмаған. Бақыт Ибрагим Қазақстан үшін жұмбақ тұлға. Ол экс-премьер Бақытжан Сағынтаевтың бұрынғы күйеу баласы. Бірақ ол туралы мәлімет өте аз, тіпті жақсы суретін де таппайсыз. «Жас Алаш» бірнеше адамның өліміне себеп болған атышулы Bank RBK ісінде айыпталып, кейіннен белгісіз жағдайда көз жұмған Бақыт Ибрагимнің кім болғанын, қандай бизнестерге иелік еткенін анықтап көрді.
Бақытжан Ибрагим кім?
Бақытжан Ибрагим 2018 жылы Германиядан экстрадицияланып, Bank RBK-дан 144 млрд теңге жымқырғаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол үкім шығарылғанға дейін тергеу изоляторында өткізген уақыты есептеліп, 2024 жылдың басында бостандыққа шықты. Алайда наурыз айында Алматыдағы жалға алған пәтерінде өлі күйінде табылды. Кейіннен оның өліміне байланысты «өзін-өзі өлтіруге итермелеу» бойынша қылмыстық іс ашылды.
Бақытжан Ибрагимнің кім болғаны, қайда жұмыс істегені туралы мәлімет аз, оның өмірбаяны туралы да ашық дереккөздерде қысқа ғана жазылған. Бір анығы, Б.Ибрагим мансаптық жолында жылдам өскен. Ол 2007 жылы 22 жасында Шымкент қаласындағы Әулие-Ата университетін бітірген. Арада небәрі 3 жыл өткесін SAKURA Oil Trade компаниясының коммерциялық директоры болып жұмыс істеген. Айтпақшы, Bank RBK-ға қатысты да осы компанияның аты аталады. Осы қызметте істеп жүріп 2011 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ басқарушы директоры қызметін атқарған. Ал 2012 жылы «ҚазМұнайГаз өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының бизнесті дамыту жөніндегі орынбасары болған. 2013 жылы ол Qazaq Banki АҚ директорлар кеңесінің төрағасы және тәуелсіз директоры, Qazaq Capital ЖШС бас директоры, AgroGroup 2013 ЖШС директоры қызметтерін қоса атқарған. Ол небәрі 28 жасында «Сенім банк» АҚ басқарма төрағасы болған. Дәл осы уақытта банк атауын Qazaq banki деп өзгерткен. Кейіннен Бақыт Ибрагим Qazaq Banki АҚ-ның 10,24 пайыз акциясына иелік еткен.
Сәтті неке немесе мақта операциясы
Оның қызметтегі жылдам өсуі дәулетін арттырда ма, әлде сәтті некесі себеп болды ма екен, 2016 жылдың тамызында Forbes Kazakhstan Бақыт Ибрагимді ірі жылжымайтын мүліктерді сатып алу рейтингінде «жомарт кәсіпкерлердің бірі» деп атады. Ол 2014 жылы мақта өңдейтін «Қазақстан мақтасы» компаниясын 3 миллиард 200 миллион теңгеге сатып алған. Ал арада екі жыл өтпей-ақ, жергілікті диқандар ақша тапшылығынан мақта еге алмай жатырмыз деп шағымданды. Оңтүстік Қазақстан тұрғындары «зауыт директоры Бақыт Ибрагим мақтаны жинап алып, жоғалып кетті» деп мәлімдеген еді.
Сәтті неке болды ма дейтініміз, Ulysmedia ақпарат порталының жазуынша, Б.Ибрагим экс-премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың тұңғышы Меруерт Ибрагимге 2008 жылы үйленген. 2010 жылы марқұм журналист Геннадий Бендицкий мақаласында Бақыт Ибрагимнің құрылыс бизнесімен айналысып, оның компаниялары үлескерлердің ақшасына Астанада үй салғанын жазған. Сағынтаевтың қызын cол жерде жүріп кездестірген көрінеді. Сөйтіп, 2008 жылдың жазында Астанада салтанатты той өткен. Той бірнеше күнге ұласқан, журналистің жазуынша, оған Бақыт Ибрагим 1 млн доллардай жұмсапты.
Сағынтаевтың қызы интернетте біршама танымал. Ол – Buro24/7 басылымының қазақша нұсқасының негізін қалаушы. Меруерт Ибрагим кейінгі уақытта тегін Әбдір деп өзгерткен. Әлеуметтік желідегі парақшаларында осы атымен жүргізеді. Британдық Financial Times газеті Сағынтаевтың «Лондон, Қазақстан және Дубай арасында саяхаттап жүрген» қызы қымбат бренд киім сатып алатынын және Net-a-Porter интернет-дүкенінің «өте маңызды клиенті» мәртебесіне ие екенін жазды. Ол кейбір мәліметтер бойынша екі бала тәрбиелеп отыр.
Bank RBK туралы
RBK банктің тарихы әріден басталады. 1992 жылдары алғаш рет «Мекен» банк болып құрылды. Кейін атауы «Алаш» болып өзгерді. Бірақ банк «Казинкомбанк» кезінде өркендеді десек артық емес. 2014 жылы банк атауы тағы да RBK болып өзгерді. Сол жылы RBK акционерлері арасында Тұңғыш президенттің жеке қоры, «Ордабасы» басқарушы компаниясының акционерлері және Болат Назарбаев болды. 2014 жылдың бірінші жартыжылдығында RBK Bank активтерін 45,31 пайызға, 323,72 млрд теңгеге дейін, капиталын – 129,62 пайызға, 37,54 млрд теңгеге дейін ұлғайтты. Бірақ 2017 жылы қазан айының басында RBK-де қиындықтар туындағаны белгілі болды. Сол кезде банк активтерінің көлемі бойынша тоғызыншы орында тұрды. Оның банкротқа ұшырауы, елдің қаржы секторы үшін күтпеген салдарға әкелуі мүмкін деген болжамдар да айтыла бастады. Кейіннен Bank RBK клиенттердің ақшасын алуға шектеулер енгізді. Банк кассалары мен банкоматтары арқылы ақша алу операцияларына шектеу қойылды. Шектеулер туралы ақпараттан кейін банктің клиенттерге депозиттерден қолма-қол ақша беруден бас тартқаны туралы хабарламалар тарала бастады. Осындай бірнеше мәселе туындағаннан кейін банктің 89,7 пайыз акциясын Владимир Ким «КСС Финанс» ЖШС арқылы сатып алады. Ким банкке 160 миллиард теңге аударған. Сол жылдың қараша айында экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Bank RBK-дегі проблемалар «акционерлердің ашық ұрлығы» деп мәлімдеді. Ол «бұл іс аяқсыз қалмайды» деген. Бірақ нақты кімді қорқытқанын сол кезде ешкім білген жоқ. Себебі ол кезде банктің акционерлері арасында екі компания мен миллиардер Владимир Ким бар еді. Назарбаев мұнымен тоқтап қалмай, 2018 жылы 18 сәуірде Ұлттық банк өкілдерімен кездесуінде Astana bank, Qazaq banki және «Эксим» банктің көрсеткіштерін нашар деп бағалап, акционерлерін сынға алды.
Президенттің сынынан кейін іле-шала мәлімдеме жасаған Qazaq banki кейбір көрсеткіштердің нашарлағанын жасырмай, оған Жомарт Ертаев пен Бақыт Ибрагимді айыптап, мәлімдеме жасады. 23 сәуірде Германияда Qazaq Banki акционері Бақыт Ибрагим ұсталды. Арада бір ай өтпей жатып, RBK Bank-тен қаржы жымқыруға қатысы бар делінген банкир Жомарт Ертаев Мәскеуде ұсталып, үйқамаққа алынды. Оларға RBK Bank-тен 144 млрд теңге жымқырды деген айып тағылды. Бұл екеуінен бөлек, ірі көлемде ақша жымқырды деп тағы да 38 адам ұсталды. Олардың үшеуі тергеу кезінде, тағы біреуі сот отырысында қаза тапты. Марқұмдардың неден көз жұмғаны сол күйі жұмбақ күйінде қалды. 2020 жылдың қарашасында Бақыт Ибрагим мен Жомарт Ертаев кінәлі деп танылды. Ибрагим 8 жылға, Ертаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда апелляциялық сот екеуінің де жазасын жеңілдетіп, Ибрагимнің жазасын 1 жылға, Ертаевтың түрмедегі мерзімін 2 жылға азайтты.
«Назарбаевтың әмияны» негізгі акционер болғасын банк қайтадан жандана бастады. Қазіргі басшысы Наталья Евгеньевна Акентьева. Құрылтайшылары туралы мәлімет жоқ. Қазіргі күнде банктің ақша айналымы – 539 млрд теңгеге жуық. Биылғы төлеген салығы – 10 млрд теңгеден асады. Мемлекеттен 29 келісімшарт алып орындаған, оның 3-еуі тікелей бір көзден алынған.
Бухгалтер Зәбира Әбдірайымованың ісі
RBK Bank ісі бойынша сотталғандардың бірі бухгалтер Зәбира Әбдірайымова. Оған 75 млн теңгені жымқырды деп айып тағылып, 8 жылға қамалған. Қазір Жауғаштыдағы әйелдер түрмесінде жазасын өтеп жатыр. «Жас Алаш» бұл банк туралы да бұдан бұрын жазған еді. Кейіннен З.Әбдірайымова бұл іс бойынша ашық сұхбат беремін деп редакцияға бірнеше рет хабарласты. Бірақ қылмыстық-атқару жүйесі комитеті сұхбаттасуға рұқсат бермеді. Содан соң Зәбира Әбдірайымова редакциямызға хат жолдады. Хатта ол өзінің RBK банкінде жұмыс істемегенін, ешқандай ақша жымқыру операциясына қатыспағанын алға тартты.
Хаттағы мәліметке және З.Әбдірайымованың інісінің айтуына қарағанда, Әбдірайымова 2011 жылдары Сағынтаевтың күйеу баласымен танысып, бірге жұмыс істеуге келіскен. Сол кезде ол банктен несие алу үшін 20 шақты ЖШС ашқан. Соның бірінде Зәбира Әбдірайымова бас бухгалтер болып жұмыс істеген. Кейіннен бұл компаниялардың ақша жымқыру мақсатында ашылғаны белгілі болған. Алғашында Әбдірайымованы ҰҚК куәгер ретінде шақырып жүрген. Біртіндеп куәгер статусы күдіктіге ауысқан. Сол уақытта Б.Ибрагим шетелде жүріп Зәбира Әбдірайымоваға «шындықты айтсаң, көзіңді жоямын» деп қорқытыпты.
«Мен ҰҚК тергеуінен кейін қорыққаным сонша, суицид жасауға бел будым. Әке-шешемнің үйіне барып, ұйықтататын дәрі ішіп, асылып қалдым. Бірақ туыстарым мені уақытында көріп, құтқарды. Емханада 7 күн комада жаттым. Бұдан кейін де бірнеше рет емханаға бардым», – дейді Зәбира Әбдірайымова.
Осы іс барысында Зәбира Әбдірайымова кінәлі деп танылған. Алайда ол өзін кінәсізбін деп санайды.
«Бұл істе акционерлердің бірі, Владимир Кимнің күйеу баласы Игорь Мажинов те (2024 жылы ақпанда қайтыс болған) 6 млрд теңге жымқырғанын мойындады. Басында оған 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Бірақ түрмеде ол 3 күн отырғасын денсаулығына байланысты бостандыққа шықты. Кейіннен жазасы 7 жыл шартты жазаға ауысты. Міне, біздің әділ соттың көрінісі», – деп жазады ол.
Ал Зәбираның інісі Мэлс Әбдірайымов та әпкесін кінәсіз деп есептейді.
«2011 жылы Бақыт Ибрагим әпкем сияқты бірнеше адамды жинап, ірі несие аламыз, жұмыс істейміз деп сендіреді. Сөйтіп бәрінің атынан ЖШС ашқан. Оларды сол компаниялардың құрылтайшысы, директоры етіп қойған. Соның ішінде менің әпкемді де бір компанияның директоры етіп қойыпты. Сөйтіп әрқайсысының атынан миллиардтап несие алған. Сөйтіп бәрінің мойындарына несие ілген. 2014 жылдары Б.Ибрагимге әпкем «несиені жабайық» деген. Ол бұл кезде компаниядағы ақшаларды шешіп алған. Ол әпкеме «жұмысың болмасын» дегендей, қатты сөздер айта бастаған. Тағы бір ұрыс-керіс кезінде Ибрагим әпкемнен компаниялардың мөрін тартып алып, өзін жұмыстан қуып жіберген. Әпкемді біреуге айтсаң өзіңе, туыстарыңа қиын болады деп қорқытқан. Содан бері әпкем үндемей жүрген. 2018 жылы іс қозғалды, біз де сол кезде білдік», – дейді Мэлс Әбдірайымов.
Мэлс Әбдірайымов әпкесін банкке тікелей қатысты адам болмаған, банк оған ақша бермеген, ақша жымқыру деп айып тағып отырғаны да негізсіз деп есептейді. Әбдірайымова 4 жылдан бері RBK банкі ісі бойынша жазасын өтеп жатыр. Оған 75 млн теңге төлеуді міндеттеген. Атындағы 3 бөлмелі пәтерін үкімет тәркілеген.
Қазір бұл іс бойынша Бақыт Ибрагимнен туыстарына тіркелген бірнеше автокөлік, Астана мен Алматыдағы 7 пәтері, Астана, Алматы, Шымкенттегі бірнеше жер телімдері, өндіріс объектілері, Алматыдағы гараждар мен қоймалар және Richard Mille сағаты тәркіленген. Бұл сағаттың құны 400 млн теңгеден асады. Сағаттың небәрі 50 данасы ғана шығарылған. Оның иелерініңарасында Рафаэль Надаль, Сильвестр Сталлоне, Джеки Чан, Илон Маск, Флойд Мейвезер, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы, Дмитрий Песковтар бар.
Айтпақшы, Назарбаев «бұл акционерлердің ұрлығы» деп айтқан еді. Ал әр жылдары Bank RBK акционерлері жоғарыда атап кеткендерден бөлек, Галина Ким (Владимир Кимнің қарындасы), Нұрхан Нұрланов (Нұрлан Нығматулиннің ұлы), Қайрат Шәріпбаев (кейбір деректерде Дариға Назарбаеваның экс-күйеуі) болды. Сонда кім-кімді тонады, сол жағы түсініксіз? Bank RBK ісі – «Жас Алаш» жазып кеткен Машкевич, Шодиев пен Ибрагимовтер өз компанияларынан өздері ақша жымқырған сияқты іске ұқсап кетеді.
Тұрсынбек БАШАР