Ресей мен Әзербайжан AZAL ұшағы апатына қатысты барлық мәселені шешті
Ресей мен Әзербайжан 2024 жылғы желтоқсанда болған Azerbaijan Airlines (AZAL) әуе компаниясының ұшағы апатына байланысты барлық мәселені толық шешті.
Бұл туралы Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров әзербайжандық әріптесі Жейхун Байрамовпен кездесуінде мәлімдеді.
ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Лавров биыл жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдер мен екі ел үкіметтері және министрліктерінің жұмысының арқасында апат салдарын реттеуге қатысты барлық мәселе шешілгенін айтты.
Еске салайық, 2024 жылғы 25 желтоқсан таңертең Azerbaijan Airlines әуе компаниясының Embraer E190 жолаушы ұшағы Бакуден Грозныйға бағыт алған. Грозный әуежайына бірнеше сәтсіз қону әрекетінен кейін экипаж Ақтау әуежайына ұшуға шешім қабылдаған. Ұшақ әуежай үстінде екі рет айналып, ұшу-қону жолағы маңында құлап, өрт шыққан.
Бортта 67 адам болған: 62 жолаушы және 5 экипаж мүшесі. Апат салдарынан 38 адам қаза тауып, 29 адам тірі қалған, олардың ішінде экипаждың екі мүшесі бар.
Апаттан кейін ұшақтың сақталып қалған құйрық бөлігінде және басқа да элементтерінде көптеген тесіктер анықталған. Тірі қалған жолаушылар Грозный аспанында ұшып бара жатқанда жарылысқа ұқсас дыбыстарды естігенін айтқан. Мамандар зақымдану сипаты әуе қорғаныс құралдарының зақымдаушы элементтерінің әсерін көрсетуі мүмкін екенін атап өтті.
Әзербайжан билігі мен әуе компаниясы апаттың себебі сыртқы физикалық және техникалық әсер болғанын мәлімдеген. Бакудегі дереккөздердің хабарлауынша, дрондар белсенді болған кезеңде ұшақ «жер-әуе» зымыранымен зақымдалып, байланыс жүйелері радиоэлектрондық күрес құралдары арқылы істен шығарылған болуы мүмкін.
Апаттан соң жақында Ресей президенті Владимир Путин Әзербайжан президенті Илхам Әлиевтен кешірім сұраған. Путин оқиғаның Ресей әуе кеңістігінде, Украина дрондарының шабуылдарын тойтару аясында болғанын айтқан. Алайда Мәскеу апаттың тікелей Ресей әуе қорғаныс жүйесінің әрекеті салдарынан болғанын ресми түрде мойындаған жоқ.
Әзербайжан президенті өз кезегінде ұшақ корпусындағы зақымдар мен жолаушылар алған жарақаттардың сипаты сыртқы әсер фактісін дәлелдейтінін мәлімдеді. Әлиев Ресейден жауапкершілікті мойындауды, кінәлілерді жазалауды және зардап шеккендерге өтемақы төлеуді талап етті. Кейінірек ол Баку нұсқасына сәйкес, әуелі ұшақ радиоэлектрондық күрес құралдары арқылы істен шығарылып, кейін жерден атылған зымыран салдарынан ауыр зақым алғанын нақтылады.
2025 жылғы қазанда Владимир Путин Украина Қарулы күштерінің дрондары Ресей әуе кеңістігіне кіргеннен кейін ұшаққа жақын маңда Ресейдің екі зымыраны жарылғанын мойындады.