Саясат

Ресейде Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы сырттай қамауға алынды

Ресей соты ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы Азамат Қапеновті сырттай қамауға алу туралы шешім шығарды.

Азамат Қапенов

ТАСС агенттігінің сот материалдарына сілтеме жасап хабарлауынша, Мәскеу соты Азамат Қапенов пен оның туған ағасы Медер Қапеновке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде қамауға алу санкциясын берген. Екеуі де халықаралық іздеуге жарияланған.

Іс материалдарына сәйкес, қамауда ұстау мерзімі екі айды құрайды. Бұл мерзім күдіктілер нақты ұсталған сәттен бастап немесе Ресейге экстрадицияланған не депортацияланған жағдайда ресейлік құқық қорғау органдарына тапсырылған күннен бастап есептеледі.

Тергеу мәліметінше, ағайынды Қапеновтер Қазақстанда тіркелген «ПТД» ЖШС-нің 25 пайыздық үлесін заңсыз иемденді деп күдікке ілінген.

Тергеушілердің пайымдауынша, олар кәсіпкер Анатолий Балушкинді компания қызметіне қатысты дауларды шешуге көмектесеміз деп сендіріп, жаңылыстырған.

Іс құжаттарында Қапеновтердің мәселені шешуге жәрдемдесуге уәде бергені, алайда тергеу нұсқасы бойынша бастапқыда өз міндеттемелерін орындау ниеті болмағаны айтылған. Келтірілген материалдық шығын көлемі шамамен 52 миллион рубльге бағаланған.

ТАСС мәліметінше, Балушкин бұған дейін Қазақстандағы автокөлік өндіру, сату және қызмет көрсету саласында жұмыс істеген «Азия Авто – БИПЭК» компаниялар тобының негізгі иесі болған.

2025 жылдың сәуірінде Қазақстан соты Балушкин мен Ерік Сағымбаевті аса ірі көлемдегі алаяқтық ісі бойынша сырттай соттап, тиісінше 9 жыл және 8,5 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Азамат Қапенов бұған дейін Ресейдің Федералдық жүк компаниясы акционерлік қоғамында ТМД және көршілес мемлекеттер аумағындағы бизнесті дамыту жөніндегі бас директордың орынбасары қызметін атқарған.

Қазақстандық БАҚ-та ол Кәрім Мәсімовтің бұрынғы күйеу баласы ретінде аталады.

Бұған дейін Қапеновті Қазақстанның Қаржылық мониторинг агенттігі де іздеуге жариялаған болатын. Қазақстанда оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша сырттай қамауға алу санкциясы шығарылған.

Халықаралық іздеу жарияланғаннан кейін Азамат Қапенов Қырғызстаннан бейнеүндеулер жариялап, өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын және кінәсіз екенін мәлімдеп келеді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз