Әлеумет

Ресейдегі оба туралы ақпарат аясында Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлеспек

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесуді жоспарлап отыр.

Оба

 Бұған Иркутск облысындағы обаға қатысты күдік себеп болған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) Ресейден ауру қоздырғышы туралы қосымша ақпарат сұратты.

АҚШ президенті Дональд Трамп Иркутскідегі обаға қарсы күрес институтының 28 жастағы зертханашысы Дарья Шипилованың өліміне қатысты ақпарат тарағаннан кейін Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлеспек.

6 қазанда журналистердің бірі Трамптан Иркутскідегі жағдайды Путинмен талқылаған-талақыламағанын сұраған. АҚШ президенті екі ел басшыларының жақын арада телефон арқылы сөйлесуі жоспарланғанын мәлімдеді.

ДДҰ Ресейге көмек ұсынды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресейдің денсаулық сақтау органдарымен байланыста және техникалық көмек көрсетуге дайын. Бұл туралы ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус 7 қазанға қараған түні X әлеуметтік желісінде жазды.

Оның айтуынша, ДДҰ-ның сауалына жауап берген Ресей тарапы соңғы уақытта Иркутск облысында бірде-бір оба дерегі тіркелмегенін мәлімдеген.

Ресейлік органдар эпидемиологиялық тексеру жүргізіліп, алдын алу және бақылау шаралары қабылданғанын хабарлаған. Науқаспен байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынып, тест тапсырған.

ДДҰ басшысының сөзінше, тексерілген адамдардан аса қауіпті инфекция қоздырғыштары анықталмаған және оларды медициналық бақылау аяқталған.

Соған қарамастан, ДДҰ Ресейден ауыр пневмонияның нақты себебін және денсаулық сақтау шараларын қабылдауға негіз болған қоздырғыш туралы қосымша мәлімет сұратқан. Сондай-ақ ұйым себебі анықталмаған пневмонияға шалдыққан екінші қызметкер туралы БАҚ-та тараған ақпаратты тексермек.

Трамп Ресейге көмектесуге дайын екенін айтты

Бұған дейін, 5 қазанда Дональд Трамп АҚШ Ресейдегі жағдайды "өте мұқият бақылап отырғанын" мәлімдеген.

"Біз бұл туралы жаңа ғана естідік. Олар мұны пневмония деп атап отыр. Бұрын пневмонияны емдеу оңайырақ болатын, бірақ микробтар мен бактериялар әлдеқайда күшейіп кетті. Біз оларға көмектесеміз", – деді Трамп.

Иркутск облысында не болды?

2 қазанға қараған түні Иркутск облысындағы Шелехов аудандық ауруханасында Иркутск обаға қарсы күрес институтының 28 жастағы зертханашысы Дарья Шипилова қайтыс болған.

Көршілес Бурятияның басшысы Алексей Цыденов бастапқыда оның өліміне оба себеп болғанын жазған. Кейін жарияланымын түзетіп, "мүмкін" деген сөзді қосқан.

Ал Ресейдің Роспотребнадзор мекемесі марқұмға себебі анықталмаған өкпе қабынуы диагнозы қойылғанын хабарлады. Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзев те "аса қауіпті инфекцияға" күдік барын айтқанымен, нақты қандай ауру екеніне тоқталмаған.

"Люди Байкала" басылымының мәліметінше, 4 қазанда Иркутск қаласындағы № 1, № 3 және № 10 клиникалық ауруханалар, перзентхана мен Ивано-Матренин балалар клиникалық ауруханасында карантин енгізілген. Бұдан бөлек, Шелеховтағы Иркутск алюминий зауытында маска тағу режимі енгізілген.

Әзірге Ресей билігі Иркутск облысында оба анықталғанын ресми түрде растаған жоқ.

Тегтер: оба
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз