Әлеумет

Ресейдегі жұмбақ өлім: 5 мың зертханалық тексеруден кейін оба індеті табылмады

Ресейдің Иркутск облысында обаға қарсы зертхана қызметкерінің жұмбақ өлімінен кейін жүргізілген тексеру аяқталды.

Оба

 Мамандар марқұмның ағзасынан оба мен сібір жарасының қоздырғыштарын анықтаған жоқ. Бұл туралы Bloomberg агенттігі жазды.

Бұған дейін Иркутск облысындағы обаға қарсы ғылыми-зерттеу институтының 28 жастағы қызметкері кенеттен қайтыс болған еді. Оның өлімінен кейін аса қауіпті инфекция таралуы мүмкін деген күдік туындап, өңірде шұғыл эпидемиологиялық шаралар қабылданған.

Иркутск облысының губернаторы Игорь Кобзевтің мәліметінше, әйелдің өліміне ауруханадан тыс дамыған пневмония себеп болған. Сондай-ақ марқұмның жұмыс барысында байланыста болған қауіпті инфекцияларға қарсы қажетті екпелерді алғаны анықталған.

Оқиғадан кейін мамандар инфекцияның таралу қаупін анықтау мақсатында ауқымды тексеру жүргізген. Жалпы 5 мыңға жуық зертханалық талдау жасалып, олардың ешқайсысынан оба немесе басқа да аса қауіпті инфекция қоздырғыштары табылмаған.

Сонымен қатар қайтыс болған әйелмен байланыста болған әріптестері мен өзге де азаматтарға медициналық бақылау жүргізілді. Қазір бұл бақылау тоқтатылып, өңірдегі профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар аяқталған.

Ресей билігі аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады. Дегенмен әйелдің пневмонияға нақты қандай қоздырғыштың әсерінен шалдыққаны жөнінде толық ақпарат жарияланған жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Ресейдегі күдікті өлімге байланысты Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды ерекше бақылауға алған болатын. Қазақстан шекарасындағы өткізу бекеттерінде, әуежайларда, теміржол және автовокзалдарда санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілген.

Министрлік сол кезде Қазақстан аумағында аса қауіпті инфекция белгілері бар адамдар анықталмағанын және аурудың елге әкеліну қаупі төмен екенін мәлімдеген еді.

Тегтер: оба
Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз