15:45, 31 Шілде 2024
Республикалық автожолдардағы камералар саны артады
Көлік министрлігі Республикалық автожолдардың 5,4 мың шақырымы орташа жылдамдықты анықтайтын камералармен қамтамасыз етілетінін айтты.
Бүгінде жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі жылдамдық талаптарын сақтамау салдарынан орын алады, бұл жалпы апаттың 37%-ын құрайды. Көлік министрі ақылы жолдарда орнатылған камералардың орташа жылдамдықты есептеуге мүмкіндіктері бар екенін атап өтті, делінген хабарламада.
Атап айтқанда, «Астана-Бурабай» тас жолында көліктердің орташа жылдамдығы сағатына 140 км екеніне қарамастан, 180 км жүріп өткен көліктер тіркелген.
«ҚР Парламенті Сенатының қарауына «Республикалық жолдарда орташа жылдамдықты енгізу туралы» заң жобасы ұсынылды. Заңды биылғы қазан айында қабылдау жоспарланған. Жыл соңына дейін республикалық маңызы бар 5,4 мың шақырым автожолдардың орташа жылдамдықты анықтайтын камералармен қамтамасыз етілетін болады. Қазіргі уақытта Бас Прокуратурамен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп орнатылатын камералардың автоматты түрде айыппұл салу тәсілдері пысықталуда. Заң қабылданғанға дейін интеграцияны толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз», — деді Марат Қарабаев.