Риддерде жоғалып кеткен оқушы өлі күйінде табылды
Риддер қаласында 5 мамыр күні жоғалып кеткен мектеп оқушысының денесі табылды.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жасөспірім Таловка ауданындағы үйінен шығып кеткеннен кейін қайта оралмаған. Баланы іздеу жұмыстары туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тараған соң, еріктілер мен құзырлы органдар іздестіру шараларын бастаған. Алайда келесі күні оның мәйіті табылған.
Шығыс Қазақстан облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция өкілдері Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабы талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейтінін мәлімдеді.
Сонымен қатар әлеуметтік желілерде буллингке қатысты түрлі болжамдар тараған. Алайда аудандық білім басқармасы бұл ақпараттың әзірге ресми түрде расталмағанын айтты.
Білім басқармасының мәліметінше, Артем отбасындағы үшінші бала болған. Оны әкесі тәрбиелеп өсірген. Анасы бес жыл бұрын, ал әжесі үш жыл бұрын қайтыс болған.
«Қазіргі уақытта бұл мәселе қаралу сатысында. Жан-жақты тексеру мен тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Буллинг фактілері ресми түрде расталған жоқ. Сондықтан тек нақты әрі тексерілген ақпаратқа сенуге шақырамыз», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.