Риззат Тасым: Қазақстанның халықаралық бастамалары өңірлік ынтымақтастықты нығайтады
Риззат Тасым: Қазақстанның халықаралық бастамалары өңірлік ынтымақтастықты нығайтады.
Қазақстанның Азиядағы қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға бағытталған дипломатиялық бастамалары, су ресурстары саласындағы халықаралық ынтымақтастық және Әзербайжанмен экономикалық әріптестікті кеңейту мәселелері өңірлік және жаһандық күн тәртібінде маңызды орын алады. Бұл бағыттар елдің халықаралық байланыстарын нығайтып қана қоймай, экономикалық әлеуетін арттыруға және ұзақмерзімді тұрақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашады.
АӨСШК-ні толыққанды халықаралық ұйымға айналдыру, су қауіпсіздігі мәселелерін бірлесіп шешу және Орта дәліздің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану Қазақстанның көпжақты дипломатиясының басым бағыттары саналады. Осы бастамалардың маңызы мен оларды іске асырудың перспективалары туралы Қоғамдық процестерді зерттеу орталығының жетекшісі Риззат Тасым өз пікірін білдірді.
Сарапшы Қазақстанның халықаралық бастамаларының аймақтық қауіпсіздікті нығайтудағы рөліне, су ресурстарын басқару саласындағы мемлекетаралық ынтымақтастықтың маңызына және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы көлік-логистикалық әрі цифрлық әріптестіктің экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бакуде өткен АӨСШК VII саммитінде сөйлеген сөзі Қазақстанның Азиядағы қауіпсіздік пен сенімді нығайтуға бағытталған саясатын тағы бір мәрте айқындады. Осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрын Қазақстан ұсынған бастаманың бүгінгі халықаралық қатынастар жүйесіндегі орнын және Мемлекет басшысының Ұйымды дамытуға қосып отырған үлесін қалай бағалайсыз?
– АӨСШК – Қазақстанның ұзақмерзімді дипломатиялық көрегендігін көрсететін бастама. Отыз жылдан астам уақыт бұрын ұсынылған бұл идея бүгінде Азия аумағының шамамен 90 пайызын және әлем халқының жартысынан астамын қамтитын ауқымды диалог алаңына айналды. Ұйымның басты құндылығы – мүдделері, саяси ұстанымдары мен даму бағыттары әртүрлі мемлекеттердің ашық диалог жүргізуіне, ортақ мәселелерді талқылауына және өзара тиімді шешімдер іздеуіне мүмкіндік беруінде. Геосаяси жіктелу күшейіп, халықаралық қатынастар жүйесінде сенімге деген қажеттілік арта түскен қазіргі кезеңде осындай көпжақты диалог алаңдарының маңызы да артып келеді. Өйткені мемлекеттер арасындағы тұрақты байланыс пен сындарлы пікір алмасу аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға және ортақ мүдделерді айқындауға жол ашады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың үлесін осы бастаманы тұрақты жұмыс істейтін халықаралық институт деңгейіне көтеруге бағытталған жүйелі күш-жігерінен көремін. 2022 жылғы Астана саммитінде басталған трансформация үдерісі ұйымның институционалдық әлеуетін нығайтып, оның халықаралық аренадағы рөлін кеңейтуге негіз қалады. Ал Жарғыны қабылдауға бағытталған жұмыс осы үдерістің логикалық жалғасы әрі маңызды қорытындысы болмақ. Бұл қадамдар АӨСШК-нің қызметін жаңа деңгейге көтеріп, оның халықаралық қатынастар жүйесіндегі орнын нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Бакуде ұсынылған превентивті дипломатия тетігі ұйымның қақтығыстардың алдын алу, ықтимал келіспеушіліктерді ерте кезеңде анықтау және оларды бейбіт жолмен шешуге жәрдемдесу мүмкіндіктерін күшейтуге бағытталған. Мұндай тәсіл қауіпсіздікті қамтамасыз етуде алдын ала әрекет етудің және мемлекеттер арасындағы сенімді сақтаудың маңызын көрсетеді.
Президенттің қауіпсіздік мәселелеріне қатысты тұжырымдамалық ұстанымы да айқын. Оның пайымдауынша, тұрақты қауіпсіздік өзара сенімге, экономикалық байланыстарды дамытуға және мемлекеттердің ортақ жауапкершілігіне сүйенуі керек. Бұл қағидаттар Азия елдерінің ұзақмерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ортақ сын-қатерлерге бірлесіп жауап беруге негіз болады. Жасанды интеллектіні сенім шараларының алтыншы өлшемі ретінде ұсынуы да осы түсінікті жаңа технологиялық жағдайға бейімдеудің көрінісі деп санаймын. Бүгінде жасанды интеллект халықаралық қауіпсіздікке, ақпарат алмасуға және мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа ықпал ететін маңызды факторға айналып келеді. Сондықтан оны сенім шараларының аясында қарастыру технологиялық даму жағдайында мемлекеттердің ортақ ұстанымдарын қалыптастыруға, жауапты қолдану қағидаттарын талқылауға және жаңа мүмкіндіктерді бірлесіп игеруге жол ашады.
Меніңше, Қазақстанның басты үлесі – Азия елдерінің ортақ қауіпсіздік ережелерін бірлесіп қалыптастыруына жағдай жасауында. АӨСШК аясындағы бастамалар мемлекеттердің өз ұстанымдарын ашық білдіруіне, ортақ мүдделерді айқындауына және ұзақмерзімді ынтымақтастықтың берік негізін қалыптастыруына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның дипломатиялық бастамасы аймақтық диалогты дамытуға ғана емес, халықаралық қатынастарда сенім мен жауапкершілік қағидаттарын орнықтыруға да үлес қосады.
– Мемлекет басшысы АӨСШК аясында су ресурстары саласындағы әріптестікті дамыту және Халықаралық су ұйымын құру бастамаларын көтерді. Бұл ұсыныстар Қазақстанның өңірлік және жаһандық мәселелерді шешуге бағытталған дипломатиялық ұстанымын қалай көрсетеді? Олардың халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпалы қандай болмақ?
– Аталмыш бастамалар Қазақстан дипломатиясының маңызды ұстанымын аңғартады, яғни ортақ тәуекелдерді мемлекеттерді жақындастыратын ынтымақтастық бағытына айналдыру. Су мәселесінде елдер бір-біріне тәуелді. Сондықтан су қауіпсіздігі сыртқы саясаттың ұзақмерзімді басымдығына айналып отыр.
Осындай жағдайда АӨСШК аясындағы су ресурстары серіктестігі технология алмасуға, бірлескен зерттеулер жүргізуге және су үнемдейтін шешімдерді таратуға мүмкіндік береді. Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсыныс осы жұмысты БҰҰ деңгейінде жүйелі үйлестіруге бағытталған. Бұл екі бастама өңірлік тәжірибе мен жаһандық үйлестіруді байланыстырады.
Мемлекеттер үшін мәселенің қауіпсіздік өлшемі өте зор. Дүниежүзілік банктің баяндамаларына сәйкес, әлемнің көптеген мемлекеттері 2030 жылға қарай өз азаматтарын ауыз сумен қамтамасыз ете алмауы мүмкін.
Мысалы, Орталық Азия мемлекеттері судың ірі тұтынушылары болып табылады. Қазірдің өзінде Орталық Азияда 22 миллион адам, яғни аймақ халқының үштен бірі таза суға қол жеткізе алмай отыр. 2050 жылға қарай аймақ халқының саны 90–110 миллион адамға дейін өседі деп күтілуде. Урбанизация, климаттың жылынуы және экономикалық өсу талаптары су ресурстарына түсетін қысымды күшейтеді. Оған қоса, суармалы жерлердің 50%-ы суару-дренаж жүйелерінің жетілмегендігінен тұздануға және батпақтануға бейім.
"Groundswell" есебіне сәйкес, 2050 жылға қарай Орталық Азияда 2,4 миллионға дейін климаттық мигрант пайда болуы мүмкін. Ал әлемнің алты аймағында (Сахараның оңтүстігі, Оңтүстік Азия, Шығыс Азия және Тынық мұхиты, Солтүстік Африка, Шығыс Еуропа және Орталық Азия) 216 миллион адам басқа аймаққа қоныс аударуы мүмкін.
Сондықтан климаттың өзгеруімен және қарқынды суарумен қатар, осы саланы басқарудағы олқылықтар мен мемлекетаралық ынтымақтастықтың әлсіздігі Орталық Азиядағы су дағдарысын ушықтыруы ықтимал. Осы ретте су жөніндегі деректермен тұрақты алмасу, ортақ болжамдар әзірлеу және инфрақұрылымға бірлесіп инвестиция салу мемлекетаралық сенімді күшейтеді. Бастамалардың нәтижелілігі осындай нақты тетіктер арқылы өлшенеді.
– Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері екіжақты сауда көлемін 1 миллиард долларға жеткізуге ниетті екенін растады. Сонымен қатар энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Бұл уағдаластықтар Қазақстанның экономикалық байланыстарын әртараптандыруға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қандай мүмкіндіктер береді?
– Қазақстан мен Әзербайжан Орта дәліздің экономикалық артықшылықтарын сезіне бастады. Бұрын оның болашағына күмәнмен қарағандар болса, бүгінде нақты нәтижелер бар. Соңғы жеті жылда маршрут бойынша тасымал көлемі 4,5 млн тоннаға дейін өсті. Қазақстан мен Әзербайжанның бірлескен күш-жігері осы бағыттың орнығуына және оның халықаралық көлік-логистика жүйесіндегі рөлінің артуына шешуші үлес қосып отыр.
Дегенмен дәліздің әлеуеті бұдан да жоғары. Дүниежүзілік банктің бағалауынша, қажетті инвестициялар салынып, тасымалды ұйымдастыру үдерісі жетілдірілсе, 2030 жылға қарай дәліздегі жүк ағынын үш есеге арттырып, жеткізу уақытын екі есе қысқартуға болады. Ал "Трамптың бейбітшілік жолы" толыққанды іске қосылып, қолданыстағы көлік желілерімен ұштасса, меніңше, Оңтүстік Кавказ арқылы халықаралық нарықтарға шығу мүмкіндігі кеңейе түседі. Бұл жаңа логистикалық бағыттарды дамытуға және өңір елдерінің сауда байланыстарын нығайтуға қосымша серпін бере алады.
Біздің келесі міндетіміз – транзиттен түсетін табысты маршрут бойындағы өңірлердің өндірістік дамуына ұластыру. Контейнер саны мен жүк тасымалының көлемі артқан сайын, жол бойында өнім өңдеу, қоймалау, қаптау, жөндеу және сервистік қызметтер де қатар дамуы қажет. Мысалы, аграрлық ынтымақтастықты астық жеткізумен шектемей, бірлескен өңдеу және дайын азық-түлік экспортын дамыту арқылы толықтыруға болады. Сонда миллиард долларлық сауда мақсаты отандық кәсіпорындардың жаңа нарықтарға шығуына, жұмыс орындарының ашылуына және қосымша құнның ел ішінде қалыптасуына қызмет етеді. Бұл транзиттік әлеуетті экономикалық өсімнің нақты тетігіне айналдыруға мүмкіндік береді.
Жарқын нәтижелердің бірі ретінде Каспий теңізінің табаны арқылы Қазақстан мен Әзербайжанды жалғаған 380 шақырымдық талшықты-оптикалық желінің іске қосылуын тарихи жетістік деп бағалаймын. Бұл жоба Еуропаға қарай қосымша цифрлық байланыс бағытын қалыптастырып, бұлтты сервистер мен жасанды интеллект инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасайды. Сонымен қатар ол халықаралық деректер алмасу мүмкіндіктерін кеңейтіп, цифрлық экономиканың дамуына ықпал ете алады.
Осылайша, Қазақстан мен Әзербайжанның серіктестігі көлік, энергетика және цифрлық байланыс салаларын тоғыстырып, екі елдің экономикалық байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Мұндай ынтымақтастық Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің халықаралық көлік-логистика және цифрлық хаб ретіндегі әлеуетін нығайта алады.