«Ромео мен Джульетта» қойылымының жаңа тынысы
Ағылшынның ұлы драматургі Уильям Шекспирдің “Ромео мен Джульетта” пьессасы ортағасырда Италия жерінде өткен оқиғаны суреттеген махаббат трагедиясы.
Қаншама ғасыр өтсе де өзектілігін жоймай әлемдік аренада өз орнын нық ұстап тұрған бұл қойылым қазақ театрында да әртүрлі сипаттармен сахналанып келеді. Бүгінгі атап өтетініміз, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры ұсынған қуыршақтар ойыны арқылы өрнектелген нұсқасы.
Премьерасы 2019 жылдың 24-25 қаңтар аралығында өткен спектакль осы жылдың 18 сәуірінде жаңа құраммен қайта сахнаға оралды. Қойылымның режиссері – Дина Жұмабаева, суретшісі – Юля Чернова, балетмейстері – Анна Цой, қуыршақтарды жасаушы шебер – Николай Проскурин. Жас ерекшелігі 18+ құрайды.
Қойылым театрдың кіші залында ойналғандықтан шымылдық жоқ. Кіргеннен бастап сценографиядан хабар аламыз. Қабырғалар түгел ақ қағазбен қапталған, ортада тіктөртбұрышты үстел бар. Кей сахналарда оның жоғары бөлігі ашылып, екі әулеттің сарайын бейнелейді. Үстелдің астында да, үстінде де әрекет орын алады. Спектакльдегі бояулардың өз орыны бар. Көрініс желіккен жастардың ақ қағазға түсірген бояуларынан басталады. Тартыс күшейген сайын бояулар да өседі.
Басты кейіпкерлер адам кейпінде шешіліп, қалған кейіпкерлер қуыршақ бейнесінде орындалған. Бір актер бірнеше рольді орындайды. Мысалы, Леди Капульетти, Розалина, Леди Монтеккиді – актриса Эльмира Құмарова; Лоренцо пірәдар, Тибальт, Синьор Монтекки, Бенволио, Синьор Капульеттиді – актер Шоқан Құлназаров, ал, Меркуцио, Эскал, Парис, Балтазар, Бенволионы – артист Мақсат Камалов сомдайды. Бір актер бірнеше рольде болса да, образдар бір-біріне ұқсап кетпеген. Сүтана роліндегі актриса Байырбекова Арайлым да Джульеттаға деген жанашырлығын шебер жеткізді. Басты рольдегі актерлер Асанбек Ұлан мен Табылдиева Бота екі жастың ортасындағы ынтықтық пен сезімді ашып көрсете білді.
Кейіпкерлердің ішкі ойларын тасымалдайтын құрал ретінде режиссер микрофонды қолданған. Спектакльде басты кейіпкерлерінің киімі ақ түспен шешімін тапқан. Қойылым барысында бұл киімдер қызылды жасылды түске боялып, кір болады. Осы тұста бұл ойды қоршаған ортаның қысымы деп түсіне аламыз. Басқа кейіпкерлердің киімі сұр түспен шешімін тапқан.
Музыкалық сүймелдеуге келетін болсақ, Billie Eilish пен Inessa Galante әндері қойылымның идеясын ашуға қадам жасап, жас көрермендерге бейімделіп тұр. Бал көрінісіндегі, Меркуционың, Тибальттың өлім сахналары пластикалық әрекетке қойылған. Екі жастың махаббат сахналары да бимен шешімін ұтымды тапқан. Ол балетмейстер Анна Цойдың еңбегі деп білеміз.
Қойылым қуыршақ театры тек балаларға арналған орын емес екенін дәлелдеді. Репертуарда ересектерге арналған сапалы қойылымдардың артуына тілектеспіз.
Жастлекқызы Толғанай
Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА
«Театртану» бөлімі. 1 курс