Саясат

Санжар Боқаевтың қамауда ұстау мерзімі 18 тамызға дейін ұзартылды

Белсенді Санжар Боқаевтың қамауда ұстау мерзімі тағы да ұзартылды.

Боқаев

Бұл туралы оның адвокаты Радмир Утепов Instagram парақшасында хабарлады.

«Өкінішке қарай, бүгін тергеу соты қорғауымыздағы Санжар Омарұлы Бокаевты қамауда ұстау мерзімін 2026 жылдың 18 тамызына дейін тағы да ұзарту туралы шешім шығарды», – деді адвокат.

Бұл – бұлтартпау шарасының екінші рет ұзартылуы.

Санжар Боқаев 18 наурызда Алматыда ұсталған болатын. Наурыз айының соңында сот оны тергеу кезеңіне екі айға қамауға алу туралы санкция берген. Кейін, 12 маусымда, қамауда ұстау мерзімі 18 шілдеге дейін ұзартылды. Енді адвокаттың айтуынша, қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылып, 18 тамызға дейін белгіленді.

Бұған дейін Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегенов Боқаевқа қатысты тергеу екі эпизод бойынша жүргізіліп жатқанын мәлімдеген еді.

Бірінші эпизод аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қатысты.

Бас прокуратура өкілінің айтуынша, бұл іс Бокаевтың ұлттық компанияда жұмыс істеген кезеңіне байланысты. Ашық деректерге сәйкес, 2015–2018 жылдары Санжар Боқаев «ҚазТрансГаз» АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметін атқарған.

Екінші айып Алматыдағы ағаштар мен бұталарды заңсыз кесуге байланысты.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Боқаев аз қамтылған азаматтарды ақшаға жалдап, ағаштарды кестірген, кейін қоғамдық резонанс тудыру мақсатында олардың видеоларын әлеуметтік желілерде жариялаған болуы мүмкін.

Алайда мұндай әрекеттерге қоғам сенбейді. Мұның саяси астары бар деп санайды.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз