Саясат

Санжар Боқаевтың соты: адвокат судьяны ауыстыруды талап етті

Алматыда қоғам белсендісі Санжар Боқаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша алғашқы сот отырысы өтті.

Боқаев

Процесс барысында адвокат судьяға қарсылық білдіріп, отырыс уақытшатоқтатылған.

Іс Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында қаралып жатыр. Айыпталушылар қатарында Санжар Боқаев, оның бейнеоператоры Ұлан Нүсіпқожа және жиені Мадияр Қалменов бар.

Алғашқы отырыс техникалық ақаумен басталған. Журналистерге арналған бейнетрансляция 20 минут бойы жұмыс істемей, БАҚ өкілдерінің шағымынан кейін ғана қалпына келтірілген.

Кейін Мадияр Қалменов екінші адвокатының сот отырысына онлайн қатысуына рұқсат сұраған. Алайда судья Жанат Әбенова бұл өтінішті қанағаттандырмаған.

Осыдан кейін Қалменов судьяға сенбейтінін және құқықтары шектеліп жатқанын мәлімдеген. Оның қорғаушысы судьяға қарсылық білдіріп, істен шеттетуді сұраған. Сот отырысы уақытша тоқтатылды.

Бұған дейін Санжар Боқаевтың адвокаты Алма Мусина қылмыстық істі прокуратураға қайтаруды талап еткен. Қорғаушылар тергеу барысында бірқатар заңбұзушылыққа жол берілгенін айтқан.

Еске салайық, Санжар Боқаев биыл 18 наурызда ұсталған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол адамдарды заңсыз ағаш кесуге және құрылыс нысандарынан мүлік ұрлауға тартып, бұл әрекеттерді бейнежазбаға түсіріп, интернетте жариялаған.

Іс бойынша алаяқтық, қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру, ұрлық, заңсыз ағаш кесу және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша айып тағылған.

Айыпталушылардың кінәсі сотта әлі дәлелденген жоқ.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз