Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 26 Желтоқсан 2023

Сапалы комедияның басты мақсаты әзіл емес

Дана
Фото: из открытых источников

Биыл экранымызға 60-қа жуық фильм шықты. Сан жағынан алып қарағанда бұл үлкен жетістік. Алайда көрермен назарына ұсынылған коммерциялық фильмдеріміздің басым көпшілігі – бәрімізге белгілі бір ғана жанрда түсірілуде. Ол, әрине, комедия жанры.

Онда да комедияның субжанры болып табылатын – отбасылық комедия. Сапасы жағынан Голливуд пен Болливудтың әбден жауыр болған сюжеттеріне құрылып, таптаурын шаблондарының әлсіз көшірмесі ғана деуге болады. Комедия жанры тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде сұранысқа ие, өйткені ол төмен жанр. Комедияны түсіру – ең арзан, ешқандай костюм, арнайы компьютерлік эффект, қиын түсірілімді қажет етпейді.

Әсіресе онсыз да жұмыстан шаршап, жеке проблемаларымен қажып жүрген адамдар бір сәт болса да бәрін ұмытып, миларына салмақ түсірмейтін нәрсеге күліп, психологиялық тұрғыда рахаттанып қайтқылары келеді. Ал басқа жанрлар адамның жүрегін тебірентіп, ой-толғамдар тудырады. Өзіңнің шешілмеген проблемаларың тұрғанда тағы экран кейіпкерлерінің проблемасын ойлап қынжылу ешкімге керек емес, әрине. Көп жағдайда заманауи оқиға төңірегінде өрбитін сюжеттерден құрылатын комедиялық фильмдер арнайы тігілетін костюм, қымбат декорация, компьютерлік графиканы қажетсінбейді. Сол себепті экран арқылы табыс табуды көздеген продюсерлер үшін комедия – экономикалық тұрғыда ең тиімді жанр.

Сапалы комедияның басты мақсаты әзіл емес. Әзіл автордың ойын жеткізудегі құрал болуы керек. Алайда біздің комедиялардың басым көпшілігінде әзіл тек әзіл үшін пайдаланылады. Сол себептен олардың көтерген тақырыптары да, ізденістері де терең емес, үстіртін әрі мардымсыз.

Қарап отырсаңыз, екі фильмнің бірінің оқиғасы той төңірегінде өрбиді. Тойдан басқа да көтерілмеген қаншама мәселелер, қаузалмаған тақырыптар, айтылмаған ойлар бар. Көрерменді күлдіріп отырып-ақ ой тастауға болады. Той тойлап, би билеген жаман емес. Бірақ жөн-жосықсыз ыржың мен әбден жауыр болған қалжыңдардан құралған бүгінгі комедиялық фильмдеріміз халықтың сана-сезімінің қалыптасуы мен ой-өрісінің дамуына кері әсерін тигізуде деп есептеймін. Себебі экраннан қандай деңгейлі фильмдер көрсетілсе, көрерменнің деңгейі де сондай болады.

Технология өріс алған кезеңдегі бүгінгі қоғам өкілдері, әсіресе жас буынымыз бұрынғыдай кітап оқып, өздігінше ізденбейді. Бәріне бірдей топырақ шашқан жөн емес. Алайда бүгіннің ақылшысы да, тәрбиешісі де, ұстазы да – экран. Экранымыз түзелмей, ел болмаймыз дейтініміз де содан.

Киномыздың өз деңгейінде дамымай жатқанының бірден-бір себебі – кәсіби білікті сценаристердің жоқтығынан. Жанрлық фильмнің түп-негізі – сценарий. Жазылған дүниең әу бастан драматургиялық тұрғыда әлсіз болса, соңында тәуір дүние шығады деп үміттенудің қажеті жоқ. Бүгінгі күні драматургияның қыр-сырын меңгермеген, киноның тілі мен табиғатын, жанр ерекшеліктерін түсінбейтін шоу-бизнес өкілдері, дәлірек айтсақ, КВН-нан келген әзілкештер, той жүргізетін тамадалар режиссер атанып жүр. Олар Голливудтың танымал фильмдерінің сюжетін қайталаумен шектелуде. Онда да кәсіби тұрғыдан өте әлсіз орындалған көшірме деп айтар едім.

Тамадалар режиссер атанған заманда экранымыздың тойға айналуына таңғалудың қажеті жоқ. Әркім өз өресіне сай сөйлеп, ой айтады. Темірбек Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да «Кинотеледраматургия» деген мамандық бар. Әуесқой киногерлер кәсіби сценаристермен бірлесе жұмыс істемесе, жанрлық түрлену жақын арада болмайды.

Дана Әмірбек, кинотанушы

Тегтер: